«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЛА ЕҢБЕККЕРІНІҢ ЕҢСЕСІ БИІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара көз алдымызға қазақтың кең де дарқан даласын елестететін, оның баурайында алтын астық өсіріп, молшылық жорығына зор үлес қосып жүрген халықтың достығын, бауырмалдығын паш ететін композициялық қойылыммен ашылды.

Бұдан кейін мінбеге көтерілген облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандық дала еңбеккер­лерін айтулы мерекемен құттықтап, күз маусымы мерейді тасытып, абыройды асқақтататын кезең еке­нін атап өтті.

“Мемлекеттің басты міндеті – ауыл шаруашылығына озық техно­ло­гияларды енгізіп, саланың бә­секеге қабілеттілігін арттыру” – дей келіп, Ғауез Торсанұлы агроөнеркәсіп кешеніндегі оң өзгерістерге тоқт­алды.

Инновациялық нысандардың са­лынуы, заманауи кешендер мен өн­діріс орындарының бой көтеруі жақ­сы үрдіс. Өңір елі­міздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді. Әлеуметтік маңызы бар он тоғыз азық-түліктің он бесі Қызылжар өңірінде өндіріледі.  Тәуелсіздік алған уақыттан бері есептегенде АӨК-ні қаржыландыру 30 есеге ұлғайып, жылдық мөлшері 50 млрд. теңгеге жетті. Еңбек өнім­ділігін арт­тыру, өндіріс орындарын озық тех­нологиялармен жабдықтау, өнімдерді қалдықсыз өңдеу бағы­тында да ауыз толтырып айтар­лықтай та­быстар бар.

Жұртшылық “Зенченко және К”, “Мәмбетов және К”, “Астық STEM”, “Полтавское”, “Дайындық-Агро”, “Ақ­селеу”, “Арқалық” сияқты серіктестіктердегі атадан балаға жалғасып келе жатқан еңбек эстафетасын мақтан етеді.

Алқалы басқосуда ауыл ша­руашылығы, тамақ және қайта өңдеу салаларында қажырлы жұмыс істеп, озаттар көшінен көріне білген еңбек адамдары марапатталды.

“Агроном Тайынша” ЖШС-ның дирек­торы Жұмағали Ғабдуллинге, “Unite Инвест” серіктестігінің бас аг­рономы Жармұханбет Ибрагимовқа, осы саланың ардагері Серікбай Тұрали­новқа “Еңбек ардагері” медалі табыс етілді.

Бір топ озат маман “Ауыл шаруа­шы­лығы саласының үздігі” төсбел­гісіне, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамо­талары мен Алғыс хаттарына ие болды.

Жиын есімдері республикаға та­нымал Әлібек Дінішевтің, Маржан Арапбаеваның және жергілікті өнер­паздардың концертімен жал­ғасты.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Самат БАЙҒАЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp