Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара көз алдымызға қазақтың кең де дарқан даласын елестететін, оның баурайында алтын астық өсіріп, молшылық жорығына зор үлес қосып жүрген халықтың достығын, бауырмалдығын паш ететін композициялық қойылыммен ашылды.
Бұдан кейін мінбеге көтерілген облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов солтүстікқазақстандық дала еңбеккерлерін айтулы мерекемен құттықтап, күз маусымы мерейді тасытып, абыройды асқақтататын кезең екенін атап өтті.
“Мемлекеттің басты міндеті – ауыл шаруашылығына озық технологияларды енгізіп, саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру” – дей келіп, Ғауез Торсанұлы агроөнеркәсіп кешеніндегі оң өзгерістерге тоқталды.
Инновациялық нысандардың салынуы, заманауи кешендер мен өндіріс орындарының бой көтеруі жақсы үрдіс. Өңір еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді. Әлеуметтік маңызы бар он тоғыз азық-түліктің он бесі Қызылжар өңірінде өндіріледі. Тәуелсіздік алған уақыттан бері есептегенде АӨК-ні қаржыландыру 30 есеге ұлғайып, жылдық мөлшері 50 млрд. теңгеге жетті. Еңбек өнімділігін арттыру, өндіріс орындарын озық технологиялармен жабдықтау, өнімдерді қалдықсыз өңдеу бағытында да ауыз толтырып айтарлықтай табыстар бар.
Жұртшылық “Зенченко және К”, “Мәмбетов және К”, “Астық STEM”, “Полтавское”, “Дайындық-Агро”, “Ақселеу”, “Арқалық” сияқты серіктестіктердегі атадан балаға жалғасып келе жатқан еңбек эстафетасын мақтан етеді.
Алқалы басқосуда ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу салаларында қажырлы жұмыс істеп, озаттар көшінен көріне білген еңбек адамдары марапатталды.
“Агроном Тайынша” ЖШС-ның директоры Жұмағали Ғабдуллинге, “Unite Инвест” серіктестігінің бас агрономы Жармұханбет Ибрагимовқа, осы саланың ардагері Серікбай Тұралиновқа “Еңбек ардагері” медалі табыс етілді.
Бір топ озат маман “Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісіне, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды.
Жиын есімдері республикаға танымал Әлібек Дінішевтің, Маржан Арапбаеваның және жергілікті өнерпаздардың концертімен жалғасты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Самат БАЙҒАЗЫ.