Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы сарымай, қаймақ және қатты ірімшік шығаратын “Еurasian milk” сүт зауытының жұмысымен танысты. Бұл – облыстағы қатты ірімшік шығаратын жалғыз кәсіпорын. Тарихы 1928 жылы басталған. Зауыт толық қуатта жұмыс істей бастағанда жылына 2,5 мың тонна ірімшік өндіретін болады. Бүгінде салынған инвестиция көлемі – 13 млрд. теңге.
Бұл кәсіпорын бұрынғы Петропавл сүт зауытының негізінде құрылған. Осыдан үш жыл бұрын пайдалануға берілді. Техникалық жабдықталуы бойынша елдегі ең заманауи сүт өндірістерінің бірі. Зауытқа бірнеше желі орнатылған, олар: сүт қабылдау және өңдеу, сарымай өндіру, ірімшік өндіру және “моцарелла” типті ірімшік шығаратын жабдықтар. Қондырғылар Германия, Швейцария, Италия және Австрия елдерінен әкелінген.
Кәсіпорынды аралап көрген Ғауез Торсанұлы “Еurasian milk” – тің қазақстандық сүт өнімдері нарығын дамытуға және өңір экономикасына қомақты үлес қосып отырғанына назар аударды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.