Облыс прокуроры Қайрат Әбдіханов өңіріміздің кәсіпкерлер қауымымен кездесті. Жиынға облыс әкімдігінің, облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен бизнесмендер, инвесторлар қатысты.
Кездесу барысында облыс прокуроры кәсіпкерлерге қатысты түрлі мәселелер мен атқарылып жатқан шаруалар жайында кеңінен мағлұмат берді.
Жыл басынан бері 65 кәсіп иесі түрлі сұрақтармен облыстық прокуратураға хабарласқан. Олардың көтерген мәселелері мен өтініштері назарға алынып, шешімін табудың барлық тетігі іске қосылған. Әсіресе Бас прокурордың бизнес субъектілерінің және азаматтардың шағымдарын қарау жұмысын күшейту туралы нұсқауы басты назарға алынған.
Осы ретте бизнестің құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау сұрағы облыс прокуратурасының ерекше бақылауында. Қазіргі кезде облысымызда 64 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың жұмысын және инвесторлардың құқығын қорғау мәселесі бойынша мобильді топ үзіліссіз жұмыс істеуде. “Мәселен, таяуда мобильді топқа “Nord Panels” ЖШС-дан көші-қон полицейлерінің тексеріс жүргізіп жатқаны туралы қоңырау келіп түскен. Шұғыл түрде сол жерге жеткен прокуратура өкілдері инвестордың заңды құқығын қорғап, мәселенің шешілуіне мұрындық болды. “Тобол Моторс” ЖШС 3 айдан бері жергілікті атқарушы билік өкілдерінен архитектуралық жоспар сызбасын ала алмай жүргендерін айтып, прокуратураға хабарласты. Заң бойынша инвестордың талаптарын орындауды сұрап, тиісті мекемелерге хабарластық. “Тобол Моторс” ЖШС қажетті құжаттарына қол жеткізді”, – дейді Қайрат Әбдіханов.
Ал көпсалалы аурухана инвесторы “АТМ Petropavl Hospital” ЖШС қосымша стансаның болмауынан электр желілеріне қосыла алмай жүргенін айтып, облыстық прокуратураға хабарласты. Прокуратураның араласуымен мәселе оң шешімін тапқан. 400 бас ірі-қара алу үшін мемлекеттен арнайы субсидия алуға өтініш білдіргенімен, “ZHA-Group LTD” ЖШС мақсатына жете алмаған. Мәселемен облыстық прокуратура өкілдері айналысып, нәтижесінде “ZHA-Group LTD” ЖШС енді аймақтағы ірі инвесторлар қатарына кірді”, – деген облыс прокуроры инвесторлардың құқығын қорғау бойынша осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын мәлімдеді.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.