«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКПАРДА ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫ ТҰР (“Көкпарды каска киіп тартса қайтеді?” 2 қараша 2023 жыл)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ата-бабадан бүгінгі ұрпаққа мирас етілген ұлттық ойындарымыздың бірі – көкпар. Журналист Аманжол Зағыпардың “Көкпарды каска киіп тартса қайтеді?” деген мақаласын бір деммен оқып шықтым. Аға жаттықтырушы ретінде өз ойымды ортаға салып, азаматтық пікірімді білдіруді жөн санаймын.

Бала кезімізден ат жалына жармасып өскендіктен болар, есейе келе көкпарға ерекше қызыға бастадым.  1993  жылы атымды баптап, өзім де біраз дайындалып, алғаш рет көкпарға қатыстым. Содан бері 30 жылдай үздіксіз көкпар тартыппын. Бүгінде аға жаттықтырушымын. Биылғы күзде Қызылжар ауданында өткізілген  облыстық көкпаршылар додасында төрешілердің құрамында болдым.  Өкініштісі сол, Аққайың ауданының жас жігіті қарсылас команданың көкпаршысының алдынан көлденең шығып, шауып келе жатқан аттың екпініне төтеп бере алмай, арғымағымен бірге жығылды. Сол оқыс жағдайдан ауыр жарақаттанған ол өмірден озып кетті. Амал қанша,  қайғырдық, көкпаршылар атынан отбасына, әулетіне қайғыларына ортақ екендігімізді жеткіздік. Сол шарадан кейін біраз адамдар “Көкпар ойындарының ережесі қауіпсіздік талабына сай ма?” деген сауалдарын жолдады. Бұл сұрақ мені де толғандырады.

 2019 жылы ақпанда Астана қаласында халықаралық деңгейде өткен жиынға  біздің облыстың атынан делегат болып мен де қатысқан болатынмын. Көкпардың халықаралық ережесінің бекітілгеніне шын қуандым.  Сол ереже бүгінге дейін қолданылып келеді. Көкпар – ежелден қауіпті ойындар қатарында болғанымен оның талаптарына қатысты қабылданған соңғы ереже әбден жұмсартылған түрі, яғни оқыс оқиғалардың алдын алуға негізделіп жасалған десек те болады. Сол ережені ескермеген марқұм бауырымыз шауып келе жатқан Тайынша ауданы көкпаршысының жолын көлденең кеспек болған еді. Ережеде көлденең шабуға болмайтындығы нақтыланған.

Өз басым талай ғасырлар бойы ұлттық болмысымызға сіңісіп кеткен көкпар ойынының ережесін өзгерте берсек түпкі негізін жоғалтып алуымыз мүмкін деген ойдамын. Себебі, көкпар – нағыз білекті, тақымды, жүректі жігіттердің ат үстінде сыналатын ойыны. Ат құлағында ойнай алатын, мінген жүйрігінің қыр-сырын білетін жігіттер ғана көкпаршы бола алады. 

Қызылжар – жылқы малы ең алғаш рет қолға үйретілген өңір. Алайда біздің өңірде көкпар ойыны еліміздің басқа облыстарына қарағанда кемшін дамыған. Оның бір себебін қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарының үдере көшуімен, соңғы кездері атқа мінетін ауыл жастары қатарының азайғандығымен байланыстыруға болады. Дегенмен әр аудан ұлттық ойынымыздың бірегейі – көкпардың дамуына көңіл бөлсе, әр ауылдан мықты көкпар командасы жасақталатыны даусыз. Кей аудандар көкпар командасын жасақтамақ түгіл, оның қандай ойын екенін де білмейді.  Жылына бір рет өтетін облыстық байқауға команда жинағандарына мәз. Мәселе команда жинауда емес қой. Бұл ойынның басты шарты – көкпарға қатысуға ниетті жандарды жаттықтыра алатын кәсіби мамандардың болуында.

Осы сауалды облысымыздағы көкпаршылардың жиналыстарында жиі көтеремін. Мамандар алғашында бұл мәселемен айналысатындарын айтады, соңы сыйырқұймышақтанып кетеді. Әр ауданның әкімі, жомарт жүректі жандар қолдау көрсетсе, қанекей! Өйткені көкпар – баланың ойыны емес, қазақтың батыр, білекті, балуан, сайдың тасындай сайыпқыран жігіттерінің бәсекесі. Онда қазақтың рухы тұр.  Осыны жергілікті әкімдік те, команда құрамы мен бапкер де білуі керек. Олар өз ауылының, ауданының абыройын көтеретін тартысты бәсекелерде сынға түсуге дайын болғандары жөн.

Ал “Көкпарды каска киіп тартса қайтеді?” деген сауалға тоқталар болсам, бұл сұраққа “жоқ” деп жауап берер едім. Егер көкпаршылар каска кисе командаласын дұрыс естімейді, жан-жағын қырағылықпен байқай алмайды. Көкпар қауіпті ойындар қатарында болғанымен ережеге сай ойнаса, қатысқан команда жоғарыда айтылған ұсыныстарды қабылдап, жауапкершілік танытса кез келген оқыс оқиғаның алдын алары анық. Көкпардың қазақи қанымызға сіңіп, ұлттық болмысымызға дарыған ұлттық ойынымыздың бірегейі екенін бүгінгі жастар да сезінуі керек. Өткендегі қайғылы жағдайдан сабақ алатын кез келді. Алдағы болатын жарыстарға аудандарымыз команда жасақтағанда алдын ала жігіттердің ережені білетіндігін, аттарының дұрыс бапталғанын жан-жақты тексеріп, қадағалап қатыстырғаны абзал. “Атқа міне алатын жігіт болса болғаны” деген қағиданы ұмытатын кез жетті. 

Рамазан МАҚАТОВ,

көкпардан спорт шебері, аға жаттықтырушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp