Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары үшін түгендеудің негізгі міндеттері мыналар болып табылады: ұзақ мерзімді активтердің, қорлардың, ақша құралдарының және өзге активтердің іс жүзінде қолда барын айқындау; ұзақ мерзімді активтердің, қорлардың, ақша құралдарының және өзге активтердің іс жүзінде қолда барын бухгалтерлік есептің деректерімен салыстыру; пайдаланылмайтын материалдық құндылықтарды айқындау; материалдық құндылықтарды және ақша қаражатын сақтау қағидалары мен шарттарының сақталуын тексеру; есепте дебиторлық және кредиторлық берешекті, қаржы инвестицияларын және бағалы қағаздарды көрсетудің толықтығын тексеру.
Түгендеу жылдық қаржылық есептілікті жасау алдында; материалдық-жауапты адамдарды ауыстыру кезінде (қабылдап алу-тапсыру күніне); ұрлау немесе теріс пайдалану, сондай-ақ мүлікті бүлдіру фактісін анықтаған кезде; өрт немесе табиғи апаттар және өзге төтенше жағдайлар болған жағдайда; мемлекеттік мекемені таратқан, заңды тұлға ретінде қайта ұйымдастырған (қосу және біріктіру, бөлу, бөліп беру және қайта құру) кезінде жүргізіледі.
Мемлекеттік мекемелер түгендеуді мынадай мерзімдерде:
– машиналар мен жабдықтарды, көлік құралдарын, аспаптарды, өндіріс пен шаруашылық құрал-саймандарын, материалдық емес және өзге де ұзақ мерзімді активтерді – жылына кемінде бір рет 1-ші қазаннан кейін;
– ғимараттарды, құрылыстарды, өтпелі құрылыстар мен басқа да жылжымайтын активтер объектілерін – жылына кемінде бір рет 1-ші қазаннан кейін;
– оқу, ғылыми және басқа мақсаттарға арналған материалдарды, шаруашылық материалдарын және кеңсе мүліктерін, дәрі-дәрмектер мен байлап-таңу заттарын, отынды, жанар-жағармай материалдарын, мал азығы мен жемдерін өзге де материалдарды, арнайы киімді және өзге де жеке пайдаланатын заттарды – жылына кемінде бір рет, бірақ 1-ші қазаннан кейін;
– ақшаны, ақша құжаттарын, құндылықтар мен қатаң есептегі бланктерді – мемлекеттік мекеменің басшысы немесе ол уәкілеттік берген адам, белгілеген мерзімдерді тоқсанына бір реттен кем емес;
– баланстың басқа да баптарын – 1-ші қаңтардағы жағдай бойынша жүргізуге міндетті.
Мемлекеттiк мүлiк тiзiлiмi деректерімен расталған “Мемлекеттік мүлік туралы” 2011 жылғы 1-ші наурыздағы Заңның 21-бабында көзделген жекелеген негіздер бойынша мемлекеттің меншігіне айналдырылған (түскен) бағаланған мүлік жекелеген негіздер бойынша расталады – 1-ші қаңтардағы және 1-ші шілдедегі жағдай бойынша жылына екі рет.
Түгендеу жүргізу үшін мемлекеттік мекеме басшысының немесе ол уәкілеттік берген тұлғаның бұйрығымен түгендеу комиссиясы құрылады, түгендеу жүргізудің бастау және аяқтау мерзімдері белгіленеді.
Түгендеу комиссиясы бас бухгалтерді немесе оны алмастыратын адамды қоса алғанда, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің арасынан құрамында кемінде үш адамнан құрылады. Түгендеу комиссиясын мемлекеттік мекеменің басшысы немесе оның орынбасары басқарады.
Мемлекеттік мекеменің басшысы немесе ол уәкілеттік берген тұлға белгіленген мерзімде есептеу объектілерінің іс жүзінде болуын толығымен қамтамасыз етеді.
Үлкен номенклатуралық құндылығы бар мемлекеттік мекемелерде аралық түгендеу кезеңінде мемлекеттік мекеме басшысының немесе ол уәкілеттік берген тұлғаның өкімі бойынша материалдық құндылықтарды сақтау және қайта өңдеу орындарында таңдаулы түгендеу жүргізіледі.
Дариға КАМАЛИЕВА,
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.