«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Япурайдың” бірнеше нұсқасы бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Естігенде еміне еліктіріп, буы тұла бойды ерітетін әсерлі, өрнекті әндер болады. Сол әннің бірі һәм бірегейі – “Япурай”. Әннің шығу тарихы жөнінде пікірлер сан-саққа таралып, әртүрлі жорамалдар айтылып жүр. Белгілі музыка зерттеушілері мұнда ежелгі түркі-моңғолдық сарын бар десе, кейінгі кезде әнді Мағжан Жұмабаевқа телушілер басым.

Мағжан ақынды көзі көрген­дердің жазуынша, ақын домбыра шертіп, ән шырқамаған екен. Да­рабоз ком­позитор Ілия Жақанов: “Аса бай ән мұрадан бізге Мұхит әндері ғана біршама белгілі. Алайда бұл дар­қан дарынның өзінің бірта­лай әндерінің хикая­сы, шығу тари­хы және өмірінің елеулі кезеңдері тия­нақ­ты зерттелмеген. Осы жайт мені ұдайы ойлан­дыра­тын. Ақыры 2000 жылдан бастап нақты іске кірісуге бел будым”, – дейді әндер тарихын зерттеп, зер­делеп жазған “Зәуреш” жинағында. Кітапта “Япурай” әнінің тарихына тоқ­талып, құныға тінтіп, таразылай өтеді. Композитор тарихи тұрғыда Затаевичке жүгінеді. Әрине, Алек­сандр Затаевич қазақ әнін жинап, тарих бетінде қалдыруға жоғарғы еңбек сіңірген тұлға. Дегдар ғалым Орал өңірінен бұл әннің екі нұсқа­сын нотаға түсірген. Екеуінде де ән “Я, пірім” деп аталған. Біріншісін Құл­сүйіндік деген ауылда Шомбал Доспамбаев есімді әнші жаздырған. Екінші ән нұсқасын – Ғалым­жан Шын­ғалиевтен жазып алған. Үшінші әнші жайлы Затаевич: “Песню эту, по словам сообщившего ее Г.Шын­га­лиева, пели в конном строю каза­хи, высту­пав­шие в 1920-1921 годах против бандитских шаек в Ураль­ской губернии”, – деп қызықты дерек қал­ды­рады. Әннің “Я, пірім” деген атаумен жазылуы ойла­нар­лық. Халық арасында көптеген тіркес діни ұғым­дардан туғаны белгілі. “Япырмай” (Я, пірім-ай), алақай (Алла хай), яғни, “Құдай тірі” деген сөздер пікірімізге дәлел. Бәл­кім, әнді шығарушы автор дү­ниенің қызылды-жасылды мұнара­сынан бір сәт қажып, бой тартқан болар. То­мағасын шешкен қыра­нша сілкініп, қанатын кеңге жайып, кеу­десі си­қырлы сазға толғанда піріне, яғни, ұстазына қарап мұң шаққаны болар.

Жаз болса жарқыраған көлдің беті,

Көгеріп толқындайды, япур-ай, алыс шеті.

Дірілдеп толқын басқан мөлдір суы,

Шайқайды жас баладай, япур-ай, желдің лебі.

Алтын бу ақ көбікпен бетін жабар,

Судан бу көкке төніп, япур-ай, маржан тағар.

Есіме ақ еркемді алған кезде,

Ақ маржан жылт-жылт етіп, япур-ай, жерге тамар.

Әннің құр өлеңін оқып отырса­ңыз да бой шымырлап, жанды елітерлік қуатқа ие. Көз алдыңызға тұтас бей­не, сурет елестейді. Сана зиратына жерленген сан мыңдаған көріністер тіріліп, жүрек ұшына құ­йылғандай қалтаң қағасыз. Марал­дың жанарын­дай қалтарысы мен бұлтарысы қа­лың дүние тіршілі­гінен алысқа ұзап, мәңгілік жайлы аласапыран ойларға шомасыз. Бойдағы Құдайлық сипат­тар оянып, арлылық, әділеттік, ма­хаббат ха­қында үзік-үзік сырға қа­ныққандай белгісіз әлемге саяхатқа шығасыз. Міне, бұл ән сиқыры, өнер құдіреті.

Батырхан СӘРСЕНХАН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp