Естігенде еміне еліктіріп, буы тұла бойды ерітетін әсерлі, өрнекті әндер болады. Сол әннің бірі һәм бірегейі – “Япурай”. Әннің шығу тарихы жөнінде пікірлер сан-саққа таралып, әртүрлі жорамалдар айтылып жүр. Белгілі музыка зерттеушілері мұнда ежелгі түркі-моңғолдық сарын бар десе, кейінгі кезде әнді Мағжан Жұмабаевқа телушілер басым.
Мағжан ақынды көзі көргендердің жазуынша, ақын домбыра шертіп, ән шырқамаған екен. Дарабоз композитор Ілия Жақанов: “Аса бай ән мұрадан бізге Мұхит әндері ғана біршама белгілі. Алайда бұл дарқан дарынның өзінің бірталай әндерінің хикаясы, шығу тарихы және өмірінің елеулі кезеңдері тиянақты зерттелмеген. Осы жайт мені ұдайы ойландыратын. Ақыры 2000 жылдан бастап нақты іске кірісуге бел будым”, – дейді әндер тарихын зерттеп, зерделеп жазған “Зәуреш” жинағында. Кітапта “Япурай” әнінің тарихына тоқталып, құныға тінтіп, таразылай өтеді. Композитор тарихи тұрғыда Затаевичке жүгінеді. Әрине, Александр Затаевич қазақ әнін жинап, тарих бетінде қалдыруға жоғарғы еңбек сіңірген тұлға. Дегдар ғалым Орал өңірінен бұл әннің екі нұсқасын нотаға түсірген. Екеуінде де ән “Я, пірім” деп аталған. Біріншісін Құлсүйіндік деген ауылда Шомбал Доспамбаев есімді әнші жаздырған. Екінші ән нұсқасын – Ғалымжан Шынғалиевтен жазып алған. Үшінші әнші жайлы Затаевич: “Песню эту, по словам сообщившего ее Г.Шынгалиева, пели в конном строю казахи, выступавшие в 1920-1921 годах против бандитских шаек в Уральской губернии”, – деп қызықты дерек қалдырады. Әннің “Я, пірім” деген атаумен жазылуы ойланарлық. Халық арасында көптеген тіркес діни ұғымдардан туғаны белгілі. “Япырмай” (Я, пірім-ай), алақай (Алла хай), яғни, “Құдай тірі” деген сөздер пікірімізге дәлел. Бәлкім, әнді шығарушы автор дүниенің қызылды-жасылды мұнарасынан бір сәт қажып, бой тартқан болар. Томағасын шешкен қыранша сілкініп, қанатын кеңге жайып, кеудесі сиқырлы сазға толғанда піріне, яғни, ұстазына қарап мұң шаққаны болар.
Жаз болса жарқыраған көлдің беті,
Көгеріп толқындайды, япур-ай, алыс шеті.
Дірілдеп толқын басқан мөлдір суы,
Шайқайды жас баладай, япур-ай, желдің лебі.
Алтын бу ақ көбікпен бетін жабар,
Судан бу көкке төніп, япур-ай, маржан тағар.
Есіме ақ еркемді алған кезде,
Ақ маржан жылт-жылт етіп, япур-ай, жерге тамар.
Әннің құр өлеңін оқып отырсаңыз да бой шымырлап, жанды елітерлік қуатқа ие. Көз алдыңызға тұтас бейне, сурет елестейді. Сана зиратына жерленген сан мыңдаған көріністер тіріліп, жүрек ұшына құйылғандай қалтаң қағасыз. Маралдың жанарындай қалтарысы мен бұлтарысы қалың дүние тіршілігінен алысқа ұзап, мәңгілік жайлы аласапыран ойларға шомасыз. Бойдағы Құдайлық сипаттар оянып, арлылық, әділеттік, махаббат хақында үзік-үзік сырға қаныққандай белгісіз әлемге саяхатқа шығасыз. Міне, бұл ән сиқыры, өнер құдіреті.
Батырхан СӘРСЕНХАН.