Өңірімізге индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейісбеков жұмыс сапарымен келді. Вице-министр тұрғындармен кездесіп, өңірдегі құрылыс, өнеркәсіп, инфрақұрылым және тұрғын үй шаруашылығы мәселелері бойынша түйінді сұрақтарға жауап берді. Бұдан кейін Азамат Бейісбеков жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесіп, өңірдегі жағдайды баяндады.
“Бүгін Солтүстік Қазақстан облысындағы маңызды мәселелер мен өзекті проблемалар жөнінде алқалы жиын өткіздік. Жиында халықты толғандырған сауалдарға министрлік тарапынан нақты жауап берілді. Соның бірі – Петропавл қаласындағы жылыту құбырларын ауыстыру, жаңарту. Бұл мәселеге тоқталсақ, 2024 жылы қаладағы жылыту құбырларын жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыстағы ауылдарды ауызсумен толық қамтамасыз етуді 2027 жылға дейін аяқтау көзделген”, – деген вице-министр кез келген мәселелердің шешілуі жергілікті биліктің жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті.
“Бізге жергілікті билік өкілдері нақты сметалық жоспармен қаржылық көмек сұрап ресми құжаттарын жолдаса, министрлік өз тарапынан ақша бөлу мәселесін шешуге күш салады. Сондықтан өңірдегі кез келген проблема тезірек шешілуі үшін жергілікті билік сергек болғаны жөн”, – деді Азамат Өмірзақұлы.
Жыл артынан жыл оздырып, аяқсыз қалған құрылыс жайы – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Петропавлда құрылысы аяқталмаған нысандар аз емес. Бір ғимараттың құрылысы тұраласа, енді бірі пайдалануға берілмеген күйі қалқиып тұр.
“Мердігер компаниялар бастапқыда алған қаржысын түгел игергенімен, құрылыстың жартысына келгенде, қаржылай қиындыққа тап болады. Бастапқы жоспарда көрсетілген сомадан артық ақша қажет. Петропавлда да бірнеше нысан бастапқы жоспарланған бағасынан құны қымбатқа шығатын болғандықтан, жартылай жұмысын тоқтатуға мәжбүр болыпты. Бұл мәселе бойынша министрлікке арнайы сауал жолданды. Құрылыс нысандарының толық аяқталуына күш саламыз”, – деді вице-министр.
Сондай-ақ алдағы уақытта өңірдегі құрылыс, өнеркәсіп, тұрғын үй шаруашылығына қатысты кез келген талап-ұсыныстар министрлік назарында болмақ. Сонымен қатар облысқа инвесторларды тарту жоспарланып отыр.
– Кез келген бастаманың 50-60 пайызы мемлекет тарапынан қаржыландырылса, ал қалған бөлігі инвестордың демеуімен жүзеге асырылуы керек. Сол себепті облысқа мейлінше сырттан инвесторлар тарту мәселесін қарастырған жөн, – дейді вице-министр Азамат Бейісбеков.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.