Қай мекеме-ұйымды алыңыз, есепшісіз көзге елестету қиын. Есепші кез келген қызмет саласында үлкен сұранысқа ие мамандықтардың бірі саналады. Күн сайын жаңа заңнамалар қабылданып, қаулылар мен ережелер пайда болып жатады. Мұның бәрін ой елегінен өткізіп, тігісін жатқыза орындаудың өзі қаншама қажыр-қайратты, бұған қоса біліктілік, жауапкершілік, табандылық, зейінділік сынды қасиеттерді талап етеді десеңізші!
Құзыреттілік дегеннен шығады, жұмысқа қабылдау кезінде адамның іскерлігі мен кәсіби шеберлігін тәжірибеге қарап бағалайтын жайттар аз кездеспейді. Біздің кейіпкеріміз Валентина Есілбаеваның жұмыс өтілі – 35 жыл. Тимирязев ауданындағы Ленин ауылында дүниеге келген ол мектеп бітірген соң есеп училищесіне оқуға түскен. Одан кейін Қостанай кооперативтік техникумын бітірді. Еңбек жолын Степное шаруашылығында бастап, 2005 жылы аудандық білім бөліміне бас есепші болып ауысады. Содан бері өз ісінің кәсіби маманы ретінде әбден шыңдалып, статистикалық және қаржылық қызметтерді жетік меңгерді. Бүгінде ол әріптестері арасында жоғары беделге ие.
Валентина Түкенқызы – ардақты ана, немерелерінің бал тілін қызықтап отырған аяулы әже. Екі ұл тәрбиелеп өсірді. Тұңғышы – Қанат М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін қаржыгер мамандығы бойынша бітірген. Берік Қостанай колледжін аяқтап, қазір жол саласында еңбек етуде.
Әсем ТАСМАҒАНБЕТОВА.
Тимирязев ауданы.