Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылындағы дәрігерлерге арналған үй қазан айының соңында тапсырылуы тиіс еді. Алайда нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Оның бір себебі – баспананың терезелерінде жарықтар пайда болған.
Бұл олқылылықтарды “AMANAT” партиясы облыстық филиалының мүшелері мониторинг барысында анықтады. Нысанды тексеру кезінде терезенің дұрыс орнатылмағаны белгілі болды.
“Баспанада барлығы 62 терезе бар. Олардың барлығы жарамсыз болып шықты. 32 терезені реттеп, 28-зінің жақтауларын ауыстыру қажет. Мәселелерді анықтадық, енді бұл нысанды бақылауды күшейтетін боламыз. Уәлиханов аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне шұғыл түрде тиісті жұмыстарды реттеу ұсынылды”, – деді партиялық бақылау бекетінің басшысы, аудандық мәслихат депутаты Сапар Саниев.
Қазіргі уақытта бөлім мамандары табылған ақауларды ретке келтіру бойынша “Кошманов” жеке кәсіпкерлігімен шарт жасасқан. Мамандар кемшіліктерді қарашаның 20-на дейін жоюға уәде берді. Қазір аумақты қоршау жұмыстары жалғасуда. Жалпы нысан 97 пайызға дайын.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“AMANAT” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.