Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов “Қуаныш” волейбол клубының спорттық кешенінде болып, Петропавлдағы ботаникалық бақты аралады.
Өңір басшысы “Қуаныш” волейбол клубының спорт кешеніне барып, волейболшылармен және бапкерлермен кездесті. Ғауез Торсанұлы жақында ел кубогында жеңіске жеткен спортшыларды құттықтады. Сондай-ақ суперкубок үшін таласқа түсетін бұрымдыларға сәттілік тіледі.
Облыс әкімі жыл бойы жұмыс істейтін Петропавлдағы ботаникалық бақтың жұмысымен де танысты. Ғауез Нұрмұхамбетов қаланың көрікті орнына айналған, сирек ағаштар мен өсімдіктер өсетін орталықты аралап, басшылығымен тілдесті. Бүгінгі таңда мұнда екі мыңнан аса өсімдік өсіп тұр. Олардың арасында осыдан 40 жыл бұрын Сухуми қаласынан әкеліп егілген інжір де бар. Інжір – тұт тұқымдасына жататын субтропиктік жеміс. Біздің өңірде кездеспейтін неше түрлі өсімдіктер өсірілетін ботаникалық бақ – қоғамның көзайымына айналған мәдени орын ғана емес, еліміз бойынша сирек кездесетін нысан.
– Ботаникалық бақ өңірімізге аса қажет. Сондықтан біз осы бірегей нысанды сақтау үшін қажетті қолдау көрсетуді жалғастырамыз, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.