Кез келген дамыған елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы халқының жұмыспен қамтылу деңгейімен өлшенеді. Осы орайда жоғары білім алуды – жұмысқа орналасудың кепілі ретінде қарайтын болсақ, төрт жылдың қорытындысы ретінде берілген бір парақ қағаздың сандық түбінде шаң басып жататыны – жиі кездесетін жағдай.
“Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметтеріне сүйенсек, былтыр жоғары оқу орны түлектерінің 79,5 пайызы жұмысқа орналасқан. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға жоғары. Ал аймақтар арасында түлектердің жұмысқа орналасуының жоғары көрсеткіші Батыс Қазақстан облысына – 86 пайыз, Алматы облысында – 84 пайыз, Атырау облысында 85 пайызды құраған. Жұмыспен қамтудың ең төменгі деңгейі Қызылорда және Түркістан облыстарында тіркелген. Алматы облысының түлектері алғашқы жылы орташа есеппен 196769 теңге жалақы алса, Шымкент түлектерінің жалақысы 124895 теңгені құрайды.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығы 2023-2030 жылдары жалдамалы жұмысшыларға деген сұраныс 2 миллионға жуық адамға жетуі мүмкін деген болжам жасап отыр.
“Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кадр қажеттілігі бойынша жүргізген сауалнамасында 51,2 мың кәсіпкерлік субъектісінде 134 051 жұмысшыға қажеттілік бары анықталған. Әсіресе Алматы, Астана қалалары, сондай-ақ Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Атырау облыстарында кадр жетіспеушілігі айқын сезіледі.
Кадрларға өте мұқтаж салалар – сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, білім беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы. Нарықта негізінен тігінші, аспаз, күзетші, қолөнер, автомеханик, бухгалтер, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторист-машинисі және сату менеджері секілді мамандар тапшы.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, цифрландыру жағдайында көптеген ел секілді Қазақстан да білікті IT мамандарының жетіспеушілігіне тап болып отыр. Бүгінде 69,5 мың IT маманы қазақстандық кәсіпорындармен 84,1 мың электронды еңбек шартын жасақан. Бұл әрбір бесінші қызметкер бір мезгілде бірнеше ұйымда жұмыс істейтінін білдіреді. Ал мұндай маманның орташа айлық жалақысы 516 мың теңгені, ал медициналық маманның жалақысы 352 мың теңгені құрайды.
Ресми деректерге сүйенсек, жұмыс та бар, оны істейтін кадр да бар. Олай болса неге дипломы бар жұмыссыз жастардың қарасы көп? Мамандардың айтуынша, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден – мектепті тамамдаған түлектер еңбек нарығын зерттемейді. “Балам сот болады”, “балам әкім болады” деп арман қуған ата-ананың қысымымен мамандықты таңдап, оны шалажансар меңгеріп шығады да, жұмыс таппай сандалады. Екіншіден – жоғары оқу орнын енді ғана тамамдаған жас маманның тәжірибесінің аздығы. Көп жұмыс орындары дипломды енді ғана алған жас маманнан еңбек өтілін талап етеді. Үшіншіден – жоғары оқу орындары түлектерінен “жұмысқа орналасу туралы” анықтама талап етіп, тек қана қағаз жүзінде есеп алады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жоғары оқу орнын бітірген түлектердің шамамен 35 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ал 40 пайызы оқу бітіргеннен кейін бір жыл көлемінде жұмыссыздар санатында болады. Осы орайда мемлекет жастарды жұмыспен қамтуға арнаған “Алғашқы жұмыс орны”, “Жастар тәжірибесі”, “Дипломмен ауылға” бағдарламаларын қабылдаған. Аталған бағдарламалардың жас мамандардың еңбек нарығында өз орнын табуына септігі зор екенін атап өтпеске болмас. Мәселен, Нұрсұлтан Жолдасов жоғары оқу орнын тамамдаған соң жұмыс таппай, талай мекеменің табалдырығын тоздырған.
– Барлық жерде менен еңбек өтілін сұрады. Тіпті жарты айға тәжірибе жинау үшін де ешқандай мекеме жұмысқа алмады. Содан кейін университет жұмыспен қамту орталығына жіберді, – дейді Нұрсұлтан Жолдасов.
Ал Мансап орталығының маманы Азиза Азаматқызының айтуынша, жастарды жұмыспен қамтуға арналған “Алғашқы жұмыс орны”, “Жастар тәжірибесі”, “Дипломмен ауылға” бағдарламалары үмітті ақтап тұр. Себебі аталған бағдарламалардың жас мамандардың еңбек нарығында өз орнын табуына көмегі көп.
– Дипломы бар, бірақ жұмыс таппай жүрген жас мамандар еңбек өтілін жинағысы келсе, көптеген мүмкіндіктер бар. Ол – “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасы. Яғни өзі таңдаған мекемеде жұмыс тәжірибесінен өтіп, еңбек өтілін көбейте алады. Елімізде жастарды жұмыспен қамтуды мақсат еткен мемлекеттік бағдарламалар жеткілікті. Тек мүмкіндікті тиімді пайдалану керек, – дейді Мансап орталығының маманы.
Жастарды жұмыспен қамту үшін қаншама мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылса да нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Осыған дейін “Серпін – 2050” бағдарламасына да үлкен үміт артылып еді. Тіпті бұл бағдарлама өңірлердегі жұмыссыздық мәселесін ішкі көші-қон есебінен азайтуды көздегенді. Ал грант пен мамандық сандарын көбейту арқылы солтүстік өңірдегі кадр тапшылығын шешу жоспарланған болатын.
Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін 2023 жылы 1810 түлек тамамдаған. Қазіргі уақытта оның жеті жүзден астамы жұмысқа орналасып, 136 түлек магистратураға түскен және 86 түлек белгісіз себептерге байланысты жұмысқа орналаспаған.
Университет ұсынған мәліметтерге зер салсақ, түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші педагогика саласы бойынша жоғары. Ал техникалық білім алғандардың жұмысқа орналасу деңгейі өте төмен. Түлектер Астана, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Шымкент, Павлодар қалаларында жұмыс істеуге құлықты.
Қалай десек те бойында күш-қуаты тасып тұрған, тепсе – темір үзетін жастардың жұмыссыз жүргені – өзекті мәселе. Себебі қазіргі таңда елімізде 500 мыңнан астам жас NEET санатына кіреді. Мемлекет жастарды жұмыспен қамтуда түрлі механизмді қолданып келеді. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалары да жетерлік. Десе де жастар арасындағы жұмыссыздық әлі де жоғары.
Әр мемлекеттің экономикалық әлеуеті халықтың қаншалықты жұмыспен қамтылғанымен өлшенетінін ескерсек, еңбекке араласқан жас маманның еліміздің дамуында тигізетін әсері зор. Себебі жұмыс істеуші жас маман – қоғамның қозғаушы күші, олардың білімі, сенімі, көзқарасы, бағыты қандай болса, елдің болашағы сондай болмақ.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.