Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында босаған үш орынға жаңа мүшелер сайланды. Арнайы тағайындалған комиссия өкілдері кандидатурасын ұсынған 17 адамның ішінен лайықтыларын таңдауға тырысты.
Отырыс марапаттау рәсімімен басталды. Қоғамдық кеңестің мүшесі Петр Шарапаев пен Александр Верзилин азаматтық қоғамды дамыту жолында аянбай еңбек етіп, орасан зор үлес қосқаны үшін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Алғыс хатымен марапатталды.
– Қоғамдық кеңестің алғашқы үш жыл мерзімге сайланған 21 мүшесі барды. Өмір болған соң, арасында түрлі жағдайлармен кейбір мүшелерінің қызметі ауысады, басқа жерге қоныс аударады. Сондықтан екінші рет сайлау өткізіп отырмыз. Осы жолы 17 адам өтініш берді. Солардың арасынан үш адамды қабылдамақпыз. Бұл зор жауапкершілік пен мол сенімді талап етеді. Ниет білдірген азаматтардың белсенділігі, іскерлігі, талпынысы ескеріледі. Талаптар мен ережелері бәріне де берілді. Өтінімдер 10 қарашаға дейін қабылданды. Енді шешімін шығарамыз, – деді қоғамдық кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменов.
Әлі күнге дейін қоғамдық кеңесті мәртебелі орын, “жұмсақ кресло” санайтын адамдар да бар. Мүше болып алып, шыбық басын сындырмайтындар да кездеседі. Бірақ қоғамдық кеңес – халық пен биліктің арасын байланыстыратын көпір.
Қоғамдағы түйткілдерді талқылап, көтерілген мәселелерді атқарушы органдар мен жауапты мекемелердің назарына ұсынады. Мүше болып қабылданған азамат қоғамдық мәселелерден құлағдар, өзіндік пікірге ие көтерген тың ойларды саралай білуі шарт.
Кандидаттар елдің дамуына аянбай тер төгетінін, халықтың үнін билікке жеткізетінін, облыстың шешілмей тұрған түйткілдерінің оңтайлы шешімдерін табатынын, жемқорлықпен күресетінін айтып, ағынан жарылды.
Әрбір кандидаттың жасаған бағыт бағдары, алға қойған мақсаттары талданып, комиссия өкілдері берген дауыс таразыланып, облыстық қоғамдық кеңестің жаңа үш мүшесі сайланды. Олар – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша “Первый антикоррупционный медиацентр” РҚБ өкілі әрі “СҚО Азаматтық альянсы” ҚЗЛ төрағасы Руслан Асаубаев, СҚО әйелдер күші альянсы төрағасының кеңесшісі Диляра Жұмағұлова, “Қалалық ветеринарлық емхана” ЖШС-ның директоры Владимир Притчин.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.