«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Электрондық кезек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2023 жылғы 1 қарашадан бастап өңіріміздегі “Бидайық” автомобиль өткізу пунктінде “CarGoRuqsat” электрондық кезегін қолдану бойынша қанатқақты жоба іске қосылды.

“CarGoRuqsat” электрондық кезегі тасымалдаушыларға Ресеймен шекарадан өту үшін ақысыз негізде кезегін алдын-ала брондауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ электрондық кезек шекарадан өту кезінде жемқорлықтың жолын кесуге, кеден қызметкерлерінің жедел жұмыс істеуіне ықпал етеді. Жүк машиналарының кептелісте тұрып қалуы мәселесінің де шешілуіне оң әсерін береді деп күтілуде.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратында “CarGoRuqsat” мемлекеттік органдардың 13 ақпараттық жүйесімен біріктірілгені, бұл бақылау функцияларының бір бөлігін автоматтандыруға және адами факторды жоюға мүмкіндік беретіні айтылады. Атап айтқанда, электрондық кезекті брондау кезеңінде сақтандыру полистерінің, тасымалдауға рұқсаттардың, ақылы жолдар бойынша берешектердің болуын бақылау жүзеге асырылады.

Қанатқақты жоба іске қосылған тұста-ақ электрондық кезекті брондау кезінде тасымалдаушылардың кейбірінде жүк автомашиналарын тиісті санаттағы халықаралық жүргізу құқығының, рұқсаттың, сақтандыру полистерінің және тағы басқалардың болмау фактілері анықталды. Ал заң бойынша мұндай құжаттардың болуы қолданыстағы заңнамада көзделген және барлық тасымалдаушыларға міндеттелген. Бұл міндеттеме жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Өз кезегінде ешбір заң бұзушылық жасамаған тасымалдаушылар электрондық кезекті енгізуді оң қабылдап, шекарадан өту жеделдетілгенін айтады. “Бидайық” өткізу пункті мобильді интернетпен қамтамасыз етілген, қызметкерлер жүргізушілерге қажетті консультациялық және техникалық көмек көрсетеді.

Қанатқақты жоба басталғаннан бергі 10 күн ішінде “CarGoRuqsat”-та 123 жүк көлігі электронды кезекке тапсырыс берген. Оның 79-ы Ресей Федерациясында брондалса, 44-і кезекке сәйкес өткізу пунктіне келген. Жалпы “Бидайық” өткізу пункті штаттық режімде жұмыс істейді, қазіргі кезде жүк көліктерінің кептелісі жоқ.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Әсия Елеукина жүйенің тиімділігіне тоқталып: “Бұл шекараға көптеген жүк көліктерінің келуін болдырмауға мүмкіндік береді. Кептелістердің болмауын қамтамасыз етеді. Өз кезегінде ЕАЭО елдерімен шекарада электрондық кезек жүйесін енгізу пунктерінде кептелістерді болдырмауға және шекарадан өту үдерісін жүйелеуге мүмкіндік береді”, – деді.  Жүйе іске қосылғалы тексеру орнынан 400-ге жуық көлік өткен. Жүргізуші бекетке белгіленген уақытында келмесе электронды кезек жойылады. Сосын қайтадан тіркеуден өтуге тура келеді. Бронды үшінші тұлғаға беруге тыйым салынған.

Қанатқақты жобаның “Бидайықта” басталуына тауар тасымалдау көліктерінің көбі осы бекеттен өтетіні себеп болып отыр. Ал алдағы уақытта Қазақстан Республикасының бүкіл аумағындағы ірі автомобиль өткізу пункттерінде электрондық кезек жүйесі енгізілетін болады.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp