Облыстық полиция департаментінде Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жыл сайын өткізілетін “Погонды журналист” жобасына қатысқан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері марапатталды. Жеңімпаздар арасында “Qyzyljar nūry” газетінің тілшісі Самрат Құскенов те бар.
Жобаның басты мақсаты – полиция қызметкерінің бір күнін көрсету. Журналистер тәртіп сақшыларының күнделікті қызметін, бүгінгі күн полициясының ерекшеліктерін, осы қызметтің маңыздылығын қоғамға таныстыруы тиіс болды. Жобаға облыстық қоғамдық-саяси газеттің, екі өңірлік телеарнаның, екі желілік басылымның тілшілері, сондай-ақ материалдарды әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарына жариялаған студенттер қатысты. Жоба қорытындысы бойынша алты материал жазылып, монтаждалды, оларды дайындауға 10 журналист қатысты. Облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің қызметкерлері мақалаларды оқып, телесюжеттерді көріп, әр қатысушының еңбегін бағалады.
Белсенді қатысқан Самрат Құскенов, Дарья Пешкова, Диана Салихова, Гүлден Сембаева, Евгения Кузьменко, Нина Шерстова, Әмина Қалиева учаскелік полиция инспекторларының жұмысы, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, криминалистика, тергеу, патрульдік полиция қызметі сияқты тақырыптар төңірегінде қалам тербеді. Марапаттау салтанатында облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Қанат Айтбаев жобаға қатысушыларға ризашылығын білдіріп, Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
– Сіздер шығармашылық қабілеттеріңізді пайдалана отырып, жұмыстарыңызды үлкен жауапкершілікпен орындадыңыздар. Көрермендер мен оқырмандар, әлеуметтік желілердің қолданушылары әрбір телесюжет пен мақаланы асыға күтіп, бағаларын береді. Журналистер полицияның түрлі бағыттағы қызметін қадағалап, оқырмандарға профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру сипатындағы материалдарды кәсіби түрде жеткізеді, – деп атап өтті Қанат Айтбаев.
Журналистердің жұмысын бейнекамераға түсірген операторлар Азамат Елубаев пен Шернияз Имановтың да жұмыстары елеусіз қалмады. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің “журналистика” мамандығының 4-курс студенті Әмина Қалиеваның өндірістік тәжірибесінің жетекшісі, Петропавл қалалық полиция басқармасының инспекторы, полиция майоры Әдемау Меңдібаева да марапатқа ие болды. Полиция майоры жас журналистке тәлімгерлік етіп, патрульдік полиция батальонының жұмысын мобилография арқылы көрсетуде үлкен көмек көрсетті.
Жиын соңында департамент басшылығы күн сайын ақпаратты жедел түрде жеткізіп отыратын БАҚ өкілдерімен тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаментінің ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы.