«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЕРІКТЕСТІКТЕГІ ТЫҢ СЕРПІН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде қарашаның үшінші жексенбісінде ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтеді. Өңіріміз аграрлық аймақ болғандықтан бұл мерекенің маңызы өте жоғары.

Қызылжар ауданында елімізді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған көптеген ірі кәсіпорындар бар. Солардың бірі – “Петерфельд Агро” серіктестігі. Аталмыш  кәсіпорынды көп жылдан бері Асқар Мәдиев басқарады. Серіктестік егін және мал шаруашылығымен айналысады. 

Қазіргі уақытта “Петерфельд-Агро” ЖШС-ның 5107 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жері, тауарлы-сүт фермасы, асылтұқымды малға арналған қоралары, мал бордақылайтын жері және төлдерді өсіру және бордақылау алаңдары, санитарлық қадағалау ғимараты бар.

2011 жылы кәсіпорын индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында “Экспортты дамыту” жобасына қатысты. Нәтижесінде “Солтүстік Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы”  арқылы кәсіпорынға 277 миллион теңге қаржы бөлінді. Оған немістің “AGROTECH VIMPEX GmbH” компаниясынан  немістің сүтті және етті бағыттағы асылтұқымды құнажындары мен бұқалары сатып алынды. Малды күтіп-бағу үшін 200 орындық қора салынды.

Ал 2012 жылы кәсіпорын тарихында тағы бір маңызды оқиға орын алды. Мұнда құны 170 мың еуро тұратын технологиялық құрал-жабдықтар сатып алынды және 500 сауын сиырға арналған сүт фермасы ашылды.

Кәсіпорынның дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болды. Қызметке қара жұмыстан қорықпайтын білікті мамандар шақырылды. Соның бірі – Тұрғанай Альбинович. Ол Петерфельд ауылына осыдан екі жыл бұрын Қостанай өңірінен көшіп келген. Отыз жылға жуық тәжірибесі бар маман алғашында қарапайым сауыншы болып еңбек етті. Компания басшылығы жаңа салынған үйлердің бірінің кілтін табыстап, бүгінгі таңда  ол аталмыш кәсіпорында бригадир болып қызмет атқарады.

– Өмір бойы сауыншы болып жұмыс істеп келемін. Бұл маған ұнайды. Осы уақытқа дейін қаншама қиын жолдардан өттік. Бірақ осы “Петерфельд Агро” кәсіпорнына келгелі өміріміз жақсара түсті. Себебі мұнда барлық жағдай жасалған. Жалақымыз жақсы, баспанамыз бар. Балаларымыз үздік мектептердің бірінде оқиды. Ең бастысы, өз жұмысымызды адал атқаруымыз керек, – дейді “Петерфельд Агро” ЖШС-ның бригадирі Тұрғанай Альбинович.

2022 жылы серіктестік 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын іске қосты. Жобаның құны – 800 млн.теңге. Кәсіпорында 3 мың тоннаға жуық сүт сауылады.

Шаруашылықтағы мал басы жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда өрісінде бес мыңға жуық ірі қара бар.

Өсімдік шаруашылығы да табысты дамып келеді. Серіктестік картоп, дәнді және бұршақты дақылдар егеді. Кәсіпорын еліміздің ауыл шаруашылығы саласына қомақты үлес қосып отыр.

Бұдан бөлек, кәсіпорын ауылдың дамуына да елеулі үлесін қосып келеді. Әсіресе  абаттандыру мәселесіне жауапкершілікпен қарайды. Жиырмадан астам жаңа үй салып, қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз етті. Кейбір көшелерге асфальт төсеп, жарықтандырды. Жергілікті білім ошағына да көмектесіп тұрады. Ауыл гүлденсе – кәсіпорының да ісі алға басатынын басшылар жақсы біледі.

“Петерфельд Агро” серіктестігі  бар-жоғы 15 жылдың ішінде өңіріміздегі ірі компаниялардың біріне айналды. Мал, егін шаруашылығында заманауи технологияларды қолдану арқылы мол табысқа қол жеткізді.

Фархат ТАСТАМБЕК.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp