«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХТЫҢ ТАРЛАНБОЗЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ тарихының қара нары, ғұлама ғалым, ірі қайраткер, академик Манаш Қозыбаевтың туған күніне орай ғалымның атын иеленген білім ордасы жанындағы музейде жыр бәйгесі ұйымдастырылды. Қай кезде де ұлтының жоғын түгендеп, өткенімізді тереңнен қозғап, тар заманда табандылық танытып, талай мылтықсыз майданда ұлттық рухтың байрағын биіктен желбіреткен ғалымның өнегелі өмірі – жастарға үлгі. Манаш Қозыбаевтың мағыналы ғұмырынан үлгі алған жастардың ғалым бейнесін жырға қосып, есімін асқақтатуы – заңдылық.

“Тарихтың тарланбозы” атты жас ақындар мүшәйрасы мен “Сөнбейді Манаш – жұлдыз” атты әдеби кешке жиналғандарды университеттің басқарма төрағасы-ректорының міндетін атқарушы Рената Апергенова құттықтау сөзімен ашып, студенттерге сәттілік тіледі. Жас ақындар байқауына университет профессоры Жанар Таласбаева, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Күләйхан Рахмет, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Жанбай Қадыров, аға оқытушы Жазира Көкбас төрелік етті. Шара барысында Манаш Қозыбаевқа арналған жырлар оқылып, өнерлі жастар жиналғандарды ән мен күйге бөледі.

Сайыс қорытындысы бойынша үшінші орынды Алпамыс Бекзатов, Айгерім Бақыт, екінші орынды Ақәділ Талапбеков, бірінші орынды Алмас Ақжігіт, бас жүлдені Ерлан Жұмахан иеленді. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға университет тарапынан арнайы сыйлықтар табысталды. Шараның өтуіне белсене атсалысып, өнер көрсеткен өзге студенттер де сый-сияпатқа ие болды. Кеш соңында сөз алған музей директоры Ботагөз Қожабекова Манаш Қозыбаевтың ғибратты ғұмыр жолына тоқталып, жастарға ақ жол тіледі.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp