Оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру – білім беру үдерісінің негізгі бөлігі. Келешек ұрпақты сауатты етіп тәрбиелеу еліміздің мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспарында көрсетілген. Онда оқушылардың құзыреттілік біліктерін, алған білімдерін шынайы өмірлік жағдаяттарда тиімді қолдана білу қабілеттерін дамыту көзделген.
Облыс орталығындағы Оқушылар сарайында “Бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығы: болашаққа қадам” атты бастауыш сынып мұғалімдерінің І Халықаралық форумы өтті.
Бес күн бойы өткен секцияларға 200-ден астам солтүстікқазақстандық мұғалім қатысты. Спикерлер арасында таяу шетелден келген педагогтар болды. Ал форумның қорытынды отырысында педагогтарға тәжірибелерін жетілдіріп, білім және идея алмасуға тамаша мүмкіндік жасалды. Секция жұмысы барысында анықталған проблемалар талқыланып, бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту перспективалары айқындалды, педагогтарға тиімді ұсыныстар айтылды.
Форумға қатысқан Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілі, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру зертханасының меңгерушісі Пернегүл Таубай, облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков, Ресейден келген қонақтар және еліміздің барлық өңірлерінен жиналған бастауыш сынып мұғалімдері сөз сөйледі.
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Педагогтың сабақ өткізу шеберлігі, яғни, шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастыруы – заман сұранысынан туындаған талап. Өз мамандығын толық меңгерген жоғары деңгейлі оқытушының алдын көрген оқушы – өз жолын адаспай табар тұлға болып қалыптасады.
Сонымен қатар форум аясында түрлі ресурстарды пайдалана отырып, бастауыш сынып оқушыларымен үздік жұмыс тәжірибесін ұсынған педагогтардың қатысуымен көрме де өтті.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша форум тақырыбына арналған ғылыми-публицистикалық мақалалар жинағы шығарылатын болды. Сондай-ақ форумға қатысушылар облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарымен, білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологтар орталығының, Омбы облысының білім беруді дамыту институтының сертификаттарымен марапатталды.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.