Облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа қалалық, аудандық ардагерлер ұйымдарының төрағалары мен өкілдері, мемлекеттік мекемелер мамандары және қоғам белсенділері қатысты.
Жиынға қатысушылар облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Анатолий Корабельниковтың республикалық “Қарттарға қамқорлық” және облыстық “Ардагерлерге жүрегіміздің жомарттығы!” атты қайырымдылық науқандарының қорытындылары туралы баяндамасын тыңдады. Бұл жобаларды талқылау барысында әлеуметтік маңызы зор шараларды жетілдіру жолдары қарастырылды.
– Біз қартын қазынаға балап, төрінен орын берген халықтың ұрпақтарымыз. Қариялар қай кезде болмасын қолдаудан кенде болмауы тиіс. Осы мәселе бүгінгі жиынның негізгі өзегіне айналды. Әкімдік, өзге де мекемелер тарапынан алдыңғы толқынға материалдық көмектер көрсетіліп тұрады. Жуырда дәрігерлер қарттарға арнап “ашық есік” күнін ұйымдастырды. Ауылдық жерлерде жалғыз тұратын қарттардың отын-шөбін, суын әкеліп беретін еріктілер аз емес. Біз қазақ жастарының бойына “атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді” деген тәмсілді сіңіруіміз керек, – деді Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанкелді Тәжин.
Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Омаров жиынға қатысушыларды “Солтүстік Қазақстан облысының тарихы” жобасының жүзеге асырылу барысынан хабардар етті. Ол туған өлкенің мәдени-тарихи мұрасын зерделеу және жастарды аға ұрпақтың еңбек және адамгершілік дәстүрлері рухында тәрбиелеуге бағытталған бұл жоба аясында аудандардағы ардагерлер ұйымдары белсенді жұмыс атқарып жатқанын жеткізді.
– Елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан өңіріміздің тарихы тереңде жатыр. Оның әр ауданы мен елді мекенінің тарихын бес саусақтай білуіміз керек. Жалпы шекара маңындағы аудандарда тарихи, танымдық шаралар жиі өткізілсе деймін. Мысалы, өзім тұрып жатқан Мамлют шекара шебіндегі аудан саналады. Тұрғындар арасында жастарды елжандылыққа үндейтін идеологиялық жұмыстар жүргізілсе нұр үстіне нұр. Сонымен қатар шекара маңындағы ауылдардың әлеуметтік, экономикалық, ауыл шаруашылығы бойынша әлеуетін көтеруге мән берілгені абзал, – деді ол.
Биыл қажырлы еңбектерімен еліміздің дамуына үлес қосқан бірқатар ардагердің мерейтойлары аталып өтілді. Еңбек ардагері, Аққайың аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Наталья Брысенкова облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен, Тайынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Анатолий Рафальский, он жылдан астам әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер және ардагерлердің денсаулығы жөніндегі тұрақты комиссияны абыроймен басқарған Амангелді Кенжеғозин Алғыс хатпен марапатталды.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.