«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көкөніс өсіруде көш ілгері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Тайынша ауда­нының әлеуметтік экономикалық дамуы және аудан тұрғындарының әлауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар баяндалды.

Экономиканы дамыту және жал­пы өндіріс тиімділігін арттыру үшін инвестицияның қосар үлесі зор. Биыл­ғы жылдың 10 айына қорытын­ды жасаған аудан әкімі Берік Әлжа­нов негізгі капиталға салынған ин­вес­тициялар көлемі 32,1 млрд. тең­гені құрағанын мәлімдеді. Ауданның көркеюі үшін тартылған инвестиция­лардың негізгі бөлігі кәсіпорындар­дың өз қаражаты. Салымдардың көпшілігі техника мен жабдықтарды, аудан экономика­сы­ның нақты сек­торындағы кәсіпорын­дар­ды сатып алуға бағытталған.

Тайынша ауданы экономикасы­ның негізгі саласы – ауыл шаруа­шы­лығы. Жыл басынан бері ауыл ша­руа­шылығындағы жалпы өнім көле­мі 95,3 млрд.теңгені құрады. Ауа райының қолайсыздығына байла­ныс­ты биылғы жыл аудан диқандары үшін ауыр болғанын тілге тиек еткен Берік Ақылжанұлы: “Дәнді дақыл­дардың орташа шығымдылығы гектарына 8,2 центнерді құрады, майлы дақылдар бо­йынша 5,4 цент­нер. Былтырғы жылмен салыстыр­ғанда көрсеткіштер біршама төмен. Бірақ ауа райының қо­лайсыздығына қарамастан, көкөніс шаруашылы­ғында жақсы көрсеткіш­терге қол жет­кіздік. Бұл – аудан агро­құры­лым­дарының суарудың жаңа техноло­гияларын енгізгенінің нәти­же­сі. Мысалы, “Астық-STEM” ЖШС және “Таң” ШҚ картоп алқаптарын тамшы­латып суару нәтижесінде әр гектар­дан орта есеппен 299,0 цент­нер өнім алды”, – деді.

Жалпы аудан бойынша биылғы жылы картоптың орташа өнімділігі 174,0, ал көкөніс 343,6 центнер болған. Осыған ұқсас қарқынды өзгерістер мал шаруашылығында да байқалады. Ауданда жылдан жылға мал саны көбейіп, өндірілетін өнімнің сапасы артуда. Мәселен, биылғы жылы “Астық-STEM” серік­тес­тігінде шетелден 400 бас ірі қара әкелініп, жаңа заманауи сүт фер­масы ашыл­ды. Ал “Асар” ЖШС 600 бас ірі қараға арналған сүт ферма­сын салуда, іске қосылуы келесі жыл­ға жоспарлан­ған. “Зеленые Луга” ЖШС 400 бас мал үшін сүт фермасы­ның құрылы­сын бастауды көздеп отыр. Осы ат­қарылған жұмыстың барлығы мем­лекеттік қолдаудың арқасында мүм­кін болған.

Ауданда 1905 шағын және орта бизнес ұйымдары кәсібін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлт­тық жобасы аясында 1,7 млрд. теңгеге биыл 12 жоба қаржылан­ды­рылған. “Аудан экономикасында сөзсіз жаңашылдыққа айналған жар­қын мысалдардың бірі – жартылай фабрикаттар өндіру цехы мен кез келген отбасы үшін бірқатар пайда­лы қызметтерді қамтитын ірі сауда кешенінің ашылуы. Нәтижесін­де 50 жұмыс орны құрылды. Жоба­ның құны 700 млн. теңгеден асады, оның 350 млн.теңгесі ұлттық жоба аясын­да қаржыландырылды”, – дейді Берік Әлжанов.

Аудан тұрғындарының өмір са­па­сын жақсарту мақсатында биылғы жылы бірқатар жобалар іске асы­рылуда. Мәселен, аудандық маңызы бар 114 шақырым жолды орташа жөндеуге бюджеттен 2,9 млрд.теңге бөлінген. Қазіргі кезде жос­парланған жұмыстар аяқталуға жа­қын. 20 елді мекеннің 8,8 мың тұрғыны сапалы жолмен жүреді.

Халықты ауызсумен қам­та­масыз ету мақсатында 4,2 млрд. теңгеге 7 жоба іске асырылуда. Жоспарға сәй­кес Чкалово, Пет­ровка, Ильичевка, Мироновка ауыл­дарында ауызсу құбыр­ларын тарту жұмыстары жүр­гізілуде.

Аудан басшысы сонымен қатар, биыл жылдың соңына қарай Тайын­ша қаласындағы жабық мұз айды­нының құрылысы аяқталып, ел игілі­гіне берілетінін айтып өтті. Сондай-ақ 2024 жылы Келлеровка ауы­лындағы денешынықтыру кешенінің құрылы­сы аяқталады деп күтілуде.

“Елді мекендерді абаттандыру ба­сым міндеттердің бірі болып табы­ла­ды. Үстіміздегі жылы абаттандыруға және тазалықты қамтамасыз етуге жергілікті бюд­жеттен 76,3 млн.теңге, жарық­тан­­дыруға – 390,8 млн. теңге (Тайын­ша қаласы мен 15 ауылға), полигон­дар­ды жоюға – 14,9 млн. теңге бө­лін­ді”, – деген аудан бас­шысы дәл осын­дай нәтижелі істердің білім са­ласын­да да атқарылып жатқанына тоқталды. Биыл Тайынша қаласында 600 орындық мектептің, Вишневкада 120 орындық білім ошағының құрылысы аяқталған. Ал Петровка орта мекте­біне күрделі жөндеу жүргізуге “Мак­симум Север” серіктестігімен 324,1 млн. теңге сомасына екі жылдық шарт жасалды.

Тайынша ауданында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт, өнер мектептері, қосымша бі­лім беру орталығы бар. Мәдениет үйлерінде, кітапханаларда 715 бала­ға арналған үйірмелер жұмыс істеп тұр. Ауданда балаларды қосымша білім­мен қамту 82,6 пайызды құрайды.

Биылғы жылдың жағымды жаңа­лықтарының бірі – қыркүйектен бас­тап Тайынша қаласының №5 орта мек­тебінде мемлекеттік тілде оқы­татын толық күндік шағын орталық ашылған. Сондай-ақ Алабота орта мектебі жанындағы шағын орта­лықта мемлекеттік тілде оқытатын топ және Тайынша қаласындағы №1 орта мектеп жанындағы қазақ тілінде оқытатын мектепалды даярлық сы­ны­бы өз жұмысын бастапты.

Медицина саласы бойынша ау­дандағы басты мәселе – маман тап­шылығы. Дәрігер анестезиолог-реа­ниматолог, акушер-гинеколог, пе­диатр, травматолог, онколог сынды мамандарға сұраныс жоғары.

Аудандағы халықтың әлеуметтік мәселелерінің бірі – жұмыссыз­дықпен күрес бойынша атқарылған жұмыс та кө­ңілге қонымды. Қабыл­да­нып жатқан шаралардың нәтиже­сін­де жыл басынан бері 2074 адам­ды жұ­мыспен қамтыған. “Қуатты өңір­лер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы аясында Тайынша ауданына 52 отбасы кө­шіп келді. Көшуге, тұрғын үйді жал­дау бойын­ша шығыстарды өтеуге, тұрғын үй сатып алуға экономикалық ұтқырлық сертификаты табысталған.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp