М.Қозыбаев атындағы СҚУ HBD 350 заманауи өнеркәсіптік 3D-принтерін сатып алды. Бүгінгі күні Қазақстанның жоғары оқу орындарында мұндай жабдық әзірге жоқ. Осылайша “Көлік және машина жасау” кафедрасы еліміздегі лазерлік технологиялар трансфертінің бірегей алаңына айналды.
HBD 350 өнеркәсіптік 3D принтері авиация, ғарыш, машина жасау, мұнай-газ өнеркәсібі, медицина, металлургия және басқа да салалар үшін күрделілігі мен дәлдігі жоғары металл бұйымдарын жасауға мүмкіндік береді.
Бұл жабдықты серіктес ретінде Top 3D Shop компаниясы жеткізді. Мамандар бір апта бойы жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамына аддитивті қондырғылар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдануды үйретті. Нәтижесінде олар сертификаттаудан және емтихандық тестілеуден сәтті өтті. Енді басқа мамандарды, соның ішінде коммерциялық сектор өкілдерін сертификаттау мүмкіндігіне ие.
Сабақ барысында болашақ инженерлер жаңа техникамен танысты. Зертханада магистранттар мен докторанттар да білім алатын болады. Алдағы уақытта ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар үшін HBD 350 3D-принтерін пайдалану жоспарланып отыр.
Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың медиа орталығының бас редакторы.