«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дайындық — үздік ауыл

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің облыста бүкіл Қазақстанға аты шыққан, “Үздік 30 ауыл” байқауының жеңімпазы болған ерекше елді мекен бар. Ауылдың басқалардан басты ерекшелігі – тұрғындарына жасалған жайлы жағдай.

Аққайың ауданына қарасты Да­йындық ауылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты ұйымдас­тырылған “Үздік 30 ауыл” рес­публикалық байқауының жеңімпазы атанды. Байқау шарты бойынша үздіктер қатарына кіру оңай болма­ды. Әрбір ауылдың өзіне тән ерекшеліктері болуға тиіс еді. Да­йындық ауылы осы шарттардан сү­рінбей өтті.

Мұндай жетістікке қол жеткізу үшін ауыл азаматы Біржан Шәймер­денов көп еңбек сіңірді. Ол жаңа жұ­мыс орындарын құрып, ауыл тұр­ғындарына жайлы үйлер салды. Жас мамандарды баспанамен қам­тамасыз етіп, ауылдың ішіндегі бү­кіл жолды жөндеді. Осындай жұ­мыстарды атқаруға кәсіпкер жыл сайын 200 млн. теңгедей қаржы бөледі. Қазір Дайындық ауылында 240 адам тұрып жатыр. Барлығы да жұмыспен қамтылған. Ал өзге өңір­лерден көшіп келгендерге Біржан ағамыз өз қаржысы есебінен үй са­лып беруде. Мәселен, соңғы 3 жыл­дың ішінде елді мекенде 30-ға жуық үйдің құрылысы аяқталды. Жақын­да қосымша 6 баспана пайдалануға бе­рілмек.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орайластырылған бұл байқаудан бөлек, арнайы анықтамалық аль­бом шығарылған еді. Бұл альбомға болашағы зор ауылдармен қатар оны көркейтуге үлес қосып жүрген ел азаматтарының аты да жазыл­ды. Солардың қатарында Біржан Шәймерденов те бар. “Үздік 30 ауыл” анықтамалық альбомы ақын, “Тұлға-достық” қоғамдық қорының директоры Мұратхан Шоқанның бастамасымен жүзеге асты. Оған еліміздің 14 облысынан болашағы зор ауылдар кірді.

Біржан Шәймерденов респуб­ликалық “Жыл адамы”, “Жомарт жүрек” байқауларының жеңімпазы, туған ауылы үшін ерен еңбек етіп жүрген азамат. Оның бас­тама­сымен ауылымызда мектеп, бала­бақша, спорт зал, монша, сауда үйі салынып, көлік жөн­деу орны мен астық сақтайтын қойма­лар ашыл­ды. Жуырда ол баспана­сы тозып, ескірген Марат және Күл­баршын Қуанышевтерге жаңа үй салып берді.

Таяуда мектебіміз күрделі жөн­деуден өтті. Материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа заман талабына сай жабдықталды. Ауылда тұрғындардың алаңсыз өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Баспаналарға су құбыры тартылып, әрбір үй орталықтан­дырылған жылыту жүйесіне қосыл­ған. Ағайын тұтынған суы үшін ақша төлемейді. Ауылымыздың тағы бір ерекшелігі – бізде той-жиындар арақ-шарапсыз өтеді. Дүкендерде алкоголь өнімдері сатылмайды. Жас­тарымыздың қаны бұзылып, са­насы уланбасын деген Біржан Шаймерденовтің осы бастамасын ауыл тұрғындары қолдап, бір ауыздан келісті.

Өз ауылынан бөлек, Біржан Шаймерденов басқа аудандардың дамуына да ат салысып келеді. Қазіргі таңда Бескөл ауылында науқас балаларға иппотерапия емін жүргізу үшін жабық ипподромның құрылысын жүргізіп жатыр. Ауыл – азаматымен ажарлы. Біз туған же­ріне жанашыр жанмен мақтанамыз!

Талғат РАМАЗАНОВ,

Дайындық негізгі мектебінің директоры.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp