Қазақстандағы кәсіптік білім беру тарихы 19 ғасырдың 80-жылдарында Торғайдағы қолөнер училищесінен басталды. 1940 жылы 2 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының “КСРО мемлекеттік еңбек резервтері туралы” жарлығымен және Қазақ КСР халық комиссарларының қаулысымен Қазақстанда білікті жұмысшы кадрларды даярлаудың мемлекеттік жүйесі құрылды және бұл күн мемлекеттік кәсіптік білім беру жүйесінің туған күні ретінде тарихқа енді. Осы кезеңде бастауыш кәсіптік білім беру мекемелері 5 миллионнан астам жұмысшы мамандар даярлады. Олардың көпшілігін ел мақтан тұтады. Кадрларды кәсіби-техникалық даярлау үздіксіз білім беру жүйесіндегі тұлғаның кәсіби және азаматтық қалыптасу мектебіндегі маңызды буынға айналды.
19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында жеті кәсіптік-техникалық мектеп және жалпы білім беру мектептері жанындағы бірнеше филиалдар жұмыс атқарса, 1920 жылы 17 кәсіптік-техникалық оқу орны болды. Қазақстан экономикасының дамуымен бір мезгілде соғыс алдындағы жылдары жұмысшыларды даярлау жүйесі қалыптасты.
ХХ ғасырдың 50-жылдары Солтүстік Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру басталды. Осыған байланысты ауыл шаруашылығын механикаландыру мектептері ұйымдастырылды.
Тайынша агробизнес колледжінің тарихы 1959 жылдан бастау алады. 1959 жылғы №1 бұйрық негізінде №130 Октябрь ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі ұйымдастырылды. Содан кейін 1985 жылы Красноармейск қаласына ауысуына байланысты ол СПТУ-15 болып өзгертілді. 1995 жылы 1 қыркүйекте Көкшетау облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасының және Көкшетау облыстық әкімшілігінің шешімі негізінде училище №-15 кәсіптік-техникалық лицей болып қайта құрылды. Көптеген жылдар бойы ол ауданда ауыл шаруашылығына кадрлар даярлайтын жалғыз негізгі оқу орны болды.
Жарты ғасыр ішінде мыңдаған түлек үлкен өмірге жолдама алды. Бірінші директоры болып Н.И.Крылов тағайындалды. Одан кейін С.Ж.Жүнісбеков, А.М.Процко, И.Т.Червинский, И.К.Ғабдуллин, Э.Э.Гарвардт, В.А.Посполита, Х.Т.Нұрғалиевтер сара жолды жалғастырды. Ұзақ жылдар бойы оқу орнына еліміздің білім беру ісінің үздігі Б.А.Жақыпова басшылық етті.
Біздің колледж – ауданымыздағы ауыл шаруашылығына кадрлар даярлайтын бірден-бір іргелі оқу орны. 64 жыл ішінде мыңдаған түлек мамандық алды. Мұнда өңірде сұранысқа ие “Ауыл шаруашылығын механикаландыру”, “Ферма шаруашылығы”, “Ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу”, “Тамақтандыруды ұйымдастыру”, “Дәнекерлеу ісі”, “Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану” мамандықтары бойынша кадр даярланады
Кәсіптік-техникалық оқытудың мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие, жоғары білікті жұмысшы кадрларды даярлау. Бұл – ауыл шаруашылығында және ауданның өнеркәсіптік кәсіпорындарында қажет білікті жұмысшылар.
Колледждің оқу ғимараты 425 орынға арналған. Оқу корпусында 15 оқу кабинеті, мұғалімдер бөлмесі, кітапхана, оқу залы, медициналық кабинет, асхана, спорт залы және колледж әкімшілігінің кабинеттері орналасқан. Колледждің 100 орындық асханасы бар. Студенттер ыстық тамақпен қамтылған. Оқу-өндірістік үй-жайларға 4 шеберхана, екі зертхана кіреді. Колледж аумағында 100 адамға арналған жатақхана, “Ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі” және “Автомобиль жүргізушісі” біліктілігі бойынша жеке жүргізуді ұйымдастыру үшін авто және трактодромдар мен қажетті техника бар. Оқу және әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз етілген, кітап қоры жыл сайын жаңартылып тұрады. Колледжде компьютерлермен жабдықталған 4 кабинет және интернет желісіне қосылатын мультимедиялық кабинет бар.
Өткенсіз болашақ жоқ демекші, біздің педагогикалық колледжде 20 жылдан астам жұмыс атқарған еңбек ардагерлері Валентина Марчевская, Нина Солянная, Галина Радомская, Людмила Рябыкина, Наталья Урбанович, Бақыт Жақыпова, Николай Фролов, Валентина Савенко, Светлана Духова, Нина Кряхтунова, Людмила Журавская, Иосиф Седлецкий, Лариса Зайцеваның оқу орнының дамуына қосқан үлесі зор.
Колледж Тайынша ауданының кәсіпорындарымен әлеуметтік әріптестік орнатты. Дуальды оқыту шеңберінде мамандарды даярлауда және колледж студенттерін практикалық оқытуды ұйымдастыруда әлеуметтік әріптестермен үш жақты шарттар жасалды. Әлеуметтік серіктестер ауыл шаруашылығы және қоғамдық тамақтану саласындағы шағын және орта бизнестің базалық кәсіпорындары болып табылады. Олар – “Тайынша Астық”, “Агроном Тайынша”, “Степноишимская опытная станция”, “Астық STEM”, “Вишневское”, “Племзавод Алабота”, “Тұлпартайынша”, “Тамыз Агро Инвест”, “Ильич Тайынша”, “ТайыншаКоммунСервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, “Жумабеков А.С.”, “Егимбаев С. З.”, “Стасов Г.А.”, “Николюк Е.В.”, “Казбекова Ж. М.”, “Арнольд С.” жеке кәсіпкерліктері, “Әлжан” шаруа қожалығы.
Колледж еңбек нарығында сұранысқа ие білікті кадрлар даярлауда. Бұл – оқу орнында кәсіптік-техникалық білім беру сапасы жоғары деңгейде екенінің дәлелі.
Даулыбай ТАШЕТОВ.
Тайынша агробизнес колледжінің директоры.