Өңірлік коммуникациялар қызметінде Тайынша ауданының әлеуметтік экономикалық дамуы және аудан тұрғындарының әлауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар баяндалды.
Экономиканы дамыту және жалпы өндіріс тиімділігін арттыру үшін инвестицияның қосар үлесі зор. Биылғы жылдың 10 айына қорытынды жасаған аудан әкімі Берік Әлжанов негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 32,1 млрд. теңгені құрағанын мәлімдеді. Ауданның көркеюі үшін тартылған инвестициялардың негізгі бөлігі кәсіпорындардың өз қаражаты. Салымдардың көпшілігі техника мен жабдықтарды, аудан экономикасының нақты секторындағы кәсіпорындарды сатып алуға бағытталған.
Тайынша ауданы экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 95,3 млрд.теңгені құрады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты биылғы жыл аудан диқандары үшін ауыр болғанын тілге тиек еткен Берік Ақылжанұлы: “Дәнді дақылдардың орташа шығымдылығы гектарына 8,2 центнерді құрады, майлы дақылдар бойынша 5,4 центнер. Былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіштер біршама төмен. Бірақ ауа райының қолайсыздығына қарамастан, көкөніс шаруашылығында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Бұл – аудан агроқұрылымдарының суарудың жаңа технологияларын енгізгенінің нәтижесі. Мысалы, “Астық-STEM” ЖШС және “Таң” ШҚ картоп алқаптарын тамшылатып суару нәтижесінде әр гектардан орта есеппен 299,0 центнер өнім алды”, – деді.
Жалпы аудан бойынша биылғы жылы картоптың орташа өнімділігі 174,0, ал көкөніс 343,6 центнер болған. Осыған ұқсас қарқынды өзгерістер мал шаруашылығында да байқалады. Ауданда жылдан жылға мал саны көбейіп, өндірілетін өнімнің сапасы артуда. Мәселен, биылғы жылы “Астық-STEM” серіктестігінде шетелден 400 бас ірі қара әкелініп, жаңа заманауи сүт фермасы ашылды. Ал “Асар” ЖШС 600 бас ірі қараға арналған сүт фермасын салуда, іске қосылуы келесі жылға жоспарланған. “Зеленые Луга” ЖШС 400 бас мал үшін сүт фермасының құрылысын бастауды көздеп отыр. Осы атқарылған жұмыстың барлығы мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болған.
Ауданда 1905 шағын және орта бизнес ұйымдары кәсібін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 1,7 млрд. теңгеге биыл 12 жоба қаржыландырылған. “Аудан экономикасында сөзсіз жаңашылдыққа айналған жарқын мысалдардың бірі – жартылай фабрикаттар өндіру цехы мен кез келген отбасы үшін бірқатар пайдалы қызметтерді қамтитын ірі сауда кешенінің ашылуы. Нәтижесінде 50 жұмыс орны құрылды. Жобаның құны 700 млн. теңгеден асады, оның 350 млн.теңгесі ұлттық жоба аясында қаржыландырылды”, – дейді Берік Әлжанов.
Аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мақсатында биылғы жылы бірқатар жобалар іске асырылуда. Мәселен, аудандық маңызы бар 114 шақырым жолды орташа жөндеуге бюджеттен 2,9 млрд.теңге бөлінген. Қазіргі кезде жоспарланған жұмыстар аяқталуға жақын. 20 елді мекеннің 8,8 мың тұрғыны сапалы жолмен жүреді.
Халықты ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 4,2 млрд. теңгеге 7 жоба іске асырылуда. Жоспарға сәйкес Чкалово, Петровка, Ильичевка, Мироновка ауылдарында ауызсу құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде.
Аудан басшысы сонымен қатар, биыл жылдың соңына қарай Тайынша қаласындағы жабық мұз айдынының құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілетінін айтып өтті. Сондай-ақ 2024 жылы Келлеровка ауылындағы денешынықтыру кешенінің құрылысы аяқталады деп күтілуде.
“Елді мекендерді абаттандыру басым міндеттердің бірі болып табылады. Үстіміздегі жылы абаттандыруға және тазалықты қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 76,3 млн.теңге, жарықтандыруға – 390,8 млн. теңге (Тайынша қаласы мен 15 ауылға), полигондарды жоюға – 14,9 млн. теңге бөлінді”, – деген аудан басшысы дәл осындай нәтижелі істердің білім саласында да атқарылып жатқанына тоқталды. Биыл Тайынша қаласында 600 орындық мектептің, Вишневкада 120 орындық білім ошағының құрылысы аяқталған. Ал Петровка орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізуге “Максимум Север” серіктестігімен 324,1 млн. теңге сомасына екі жылдық шарт жасалды.
Тайынша ауданында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт, өнер мектептері, қосымша білім беру орталығы бар. Мәдениет үйлерінде, кітапханаларда 715 балаға арналған үйірмелер жұмыс істеп тұр. Ауданда балаларды қосымша біліммен қамту 82,6 пайызды құрайды.
Биылғы жылдың жағымды жаңалықтарының бірі – қыркүйектен бастап Тайынша қаласының №5 орта мектебінде мемлекеттік тілде оқытатын толық күндік шағын орталық ашылған. Сондай-ақ Алабота орта мектебі жанындағы шағын орталықта мемлекеттік тілде оқытатын топ және Тайынша қаласындағы №1 орта мектеп жанындағы қазақ тілінде оқытатын мектепалды даярлық сыныбы өз жұмысын бастапты.
Медицина саласы бойынша аудандағы басты мәселе – маман тапшылығы. Дәрігер анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, педиатр, травматолог, онколог сынды мамандарға сұраныс жоғары.
Аудандағы халықтың әлеуметтік мәселелерінің бірі – жұмыссыздықпен күрес бойынша атқарылған жұмыс та көңілге қонымды. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері 2074 адамды жұмыспен қамтыған. “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы аясында Тайынша ауданына 52 отбасы көшіп келді. Көшуге, тұрғын үйді жалдау бойынша шығыстарды өтеуге, тұрғын үй сатып алуға экономикалық ұтқырлық сертификаты табысталған.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.