Назарбаев зияткерлік мектебінде облыстағы мектеп директорларының орынбасарлары тағылымдамадан өтті. Олар бір апта көлемінде тәжірибе жинақтап, қаладағы жетекші білім беру мекемесінің жұмысымен танысты.
Тағылымдаманың әр күнінде директорлардың орынбасарлары оқыту сапасын басқару, сабақ кестесін “Edupage” қосымшасының көмегімен оңтайландыру, ұстаздардың жоспарлау, оқыту және бағалау дағдыларын жетілдіру, педагог қызметкерлерді аттестаттау, әдістемелік жұмыстың құрылымы мен мазмұны, жас мамандарға тәлімгерлік жасау бағыттары бойынша пайдалы ақпаратпен танысты.
– Бірінші күннен бастап мектептің миссиясымен таныстыру, оқу тәрбие, ғылыми бағыттағы жұмысты жоспарлау бойынша тәжірибемен таныстырылды. Тағылымдамадан өтушілерге жоспарланған бағдарлама бойынша теориялық және практикалық білім бердік. Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәрбиелік бағыттағы жобаларын жүзеге асыру бойынша сессия ұйымдастырдық, – деді Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары Сәулет Мұқанова.
Назарбаев зияткерлік мектебінде Уәлиханов және Шал ақын аудандарының, сондай-ақ қаладағы гимназиялар мен лицейлер директорларының орынбасарлары тағылымдамадан өтті.
Тағылымдама педагогикалық шеберлік орталығының “Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы” кадрлық резерві жобасының аясында өтті. Барлық кезеңдерден сүрінбей өткен үміткерлер алдағы уақытта бос тұрған мектеп директоры лауазымдарына байқаусыз қабылданатын болады.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.