«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тыйым сөз – тәрбие құралы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жас балаларды адал, шыншыл, батыл болуға тәрбиелеу – ата-анаға да, ұстазға да ортақ міндет. Халқы­мыздың бала тәрбиесіндегі басты құралының бірі – ауыз әдебиетіндегі тәрбиелі сөздер. Мысалы, балалар тақпағы, бесік жыры, баланы әлди­леу, жұбату термелері, жұмбақтар, жаңылтпаштар, мысал, ертегі, сөз- жұмбақ, қария өсиеттері – халқымыз ғасырлар бойы кеңінен пайдалана беретін асыл қазыналар.

Ұлағатты, тәрбиелі сөздердің маңызы өте күшті. Оларды үйрету, ұғындыру, соларға баулу – тәрбие­нің күшті құралы.

Мен мақал-мә­тел, нақыл, ше­шендік тәрбиелік мәні зор сөздерді әр сабағымда ба­рынша ұғындыруға тырысамын. Се­бебі бастауыш сы­нып оқушылары жас шыбық сияқты иілгіш, нені үйретсең, соған сенеді, дағдыланады. Олай болса, әрбір ұстаз мәдениетті жүріп-тұ­ру­мен қатар, тәрбиелік сөз­дерді ұғынды­рып, оқушыларды да соған дағды­ландыруы керек.

Жаман әдеттен аулақтандырып, жақсы әдет-ғұрыпқа баулу – әрбір ұстаздың тікелей міндеті. Мен 1980 жылдан бері оқытқан әрбір саба­ғымда газет-журналдарда жарық көрген аталы, тәрбиелі сөздерді жинақтап жүремін де үнемі сабақтың ретіне қарай пайдаланып отыра­мын. Газет-журнал беттерінен теріп алған “Әдепті бала әдетті, Әдепсіз бала әлекті”, “Қызықтың білсең алғашын, Көргір келер жал­ғасын”, “Көп оқыса, ой бұлақ, Оқы­маған ойға олақ”, “Сотқар бала сұм­дыққа ұм­тылар, Болар бала шын­дық­қа ын­тығар”, “Ата-ана көп жасау­ға құмар­тар, Бала болса, қылығы­мен қуан­тар”, “Бойыңа қарай сапқа тұрасың, Ойыңа қарай топта отыра­сың”, “Біл­меген өз басының кемші­лігін, Өмір­дің пайдаланбас кеңшілі­гін”, “Тентек өзін тентек демес, Оған құнсыз – ақыл-кеңес”, “Асығыс істің ағаттығы көп” деген нақылдарда тәрбиенің қай­мағы тұнып тұр. Тек әрбір тәр­биелі асыл сөзді сал­мақтай біліп, саналы ұғатын бала болсын. Сол сияқты қазақ халқы өз баласының ержүрек батыр, қара қыл­ды қақ жарған әділ де шешен, досқа адал, дұшпанға мейірімсіз, бұзықтықтан аулақ болып өсуіне айырықша мән беріп келген.

Халықтың “Жақсы өскен бала ата-анасының есіктегі басын төрге шығарар, жаман өскен бала төрдегі басын есікке апарар” деген мақал­дың тәрбиелік мәні зор. Тәрбиелі сөздердің тежеу, тыю сияқты мәтел-мақал түрінен басқа үйретуге, ұғындыруға бағышталған түрлері де баршылық.

Оқушыларға біреуге жауап бер­генде таңдайыңды қағып, басыңды шайқама, ішіңді тартпа, кісі көзінше есінеме, үй та­бал­дырығын баспа, босағаны кер­ме, итті аяғыңмен теп­пе дегенді ұда­йы айтып отырамын. Үлкен кісімен сөйлескенде қолыңды қалтаңа са­лып тұрма, одан жоғары озба, әр­қа­шан жол бер, тамақ ішкен­де, ыдыс­тың түбін сарқа жалап-жұқ­­тама, кісінің бетіне тесіле қара­ма, біреудің кемдігін мазақтама, ерін­шек, жалқау болма деп айтқан са­йын бала бұл теріс қылық екенін түсінеді.

Тілазар атанба, тілалғыш бол, нанды баспа, жасаулы тұрған та­мақтан аттама, өзіңнен үлкенді жұм­сама, отпен ойнама сияқты жаман әдеттен аулақ болуға үйрететін тәр­биелік сөздерді әр сабақта, тәрбие сағаттарында әңгімелеп айтып оты­рамын.

Бала тәрбиесінде кейде жаман, жақсы деген ұғымды ой таразысына саламыз. “Жаман деген кім?”, “Жақсы деген кім?” деген сауалдарға жа­уап іздейміз. Жаман адам – сыр сақтай алмайтын, ойға да, сөзге де шор­қақ, басқаның ақылын алмай­тын, қулық-сұмдыққа жақын тұратын, дос, жолдас дегеннің не екенін біл­мейтін, реті келсе, сатып кетуге да­йын тұра­тын қорқақ. Жаман адам жақ­сылық­ты білмейді. Ол өтірік ай­туға, алдап кетуге бейім тұрады. Ха­лық “Жаман­ға сырыңды айтпа, күн­дердің күні бол­ғанда, сол жаман ай­ғақ болар ба­сыңа”, – дейді. Жақсы адам – қарапа­йым, қайырымды, іс­тің байыбына ба­рып әрекет ететін, бө­тенді жатсын­бай­тын, оны қадір­леп, құрметтейтін ел­гезек жан. Мұн­дай қарама-қарсы мысалдар бала тәр­биесінде күнде­лікті кездеседі. Ба­ла туа жаман, жақ­сы болмайды, олар­ды жаман, жақсы ететін ата-ана мен ұстаздар­дың ақыл-парасаты, тәр­биесі.

“Артық үшін айтысып, достарың­мен санаспа. Жеңемін деп біреуді, өтірік сөзбен қостама”, – деген үл­кендердің тәрбиелі сөздері оқушы­ларды адамгершілік қасиетке бау­лып, оларды кішіпейілдікке, көпшіл, қайырымды болуға, әр істі кеңесіп істеуге баулиды.

Саналы тәрбие берудің түпкі­лікті мақсаты – балаға бірте-бірте өзін қоршаған құбылыстарын айқын түсінерліктей білім беру. Осы ретте ұлы Абайдың айтып, жырлап кеткен үлгі-өнегесі әлі де өзекті. Адамгершілікті, адал еңбекті, өнер-білім мұ­раттарын, адамдар достығын, от­басы сыйластығы мен ұрпақтар борышын жырлай отыра ұлттың болашағына үлкен қамқорлық жа­сап, қам жеген. “Балаңа жасыңда іс­теген тәрбиелік еңбегің – қартай­ғанда өзіңе бола еккен егінің. Соны істей алдың ба, соны ойла”. Әкенің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың. Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Осы қарызды өзің дұрыс ақтаған болсаң, балаңның бала – жүрек, бала – бал болуына өзің кепіл бола аласың. Әйтпесе “бүйтіп берген балаңды берген құдай өзің ал” деп өкінесің.

Тілалғыш, әдепті, ұғымтал, жақ­сы оқитын балаларды кім жақсы көрмес. “Ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетер” дегендей айтқаныңа зейін қойып тыңдамайтын бойкүйез, жал­қаулардың қылығына қынжыласың, қиналасың, ондайлар аз да болса кездесіп қалады.

Өзің оқытып, тәрбиелеген шә­кірт­теріңнің ақыл-ойлы, инабатты, парасатты, мәдениетті болып, ғылым-білімнен нәр алып өсуі – әрбір ұстаздың арманы, мақтанышы.

Алтынай СМАҒҰЛОВА,

Бірлік бастауыш мектебінің мұғалімі.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp