«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕКАРАДАҒЫ ШЫРҒАЛАҢ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Бидайық” кеден беке­тін­де 1 қарашадан бастап “электронды кезек” атты жаңа жүйе енгі­зілгені бұған дейін жазылған. Осы жаңа жүйеге байланысты кеше теріскейлік тауар тасушылар наразылығын білдіріп, арнайы жиын өткізіп, облыстық кәсіпкерлер палатасына шағым жолдады.

Биылғы маусым айынан бері Ре­сей тарапы электронды кезек жүйе­сін енгізген болатын. Қазақстаннан келетін әрбір тауар тасымалдау кө­лігін, жүргізушісін, көліктегі тауарын бастан-аяқ тексеріп кеденнен өткізуді мақсат еткен жаңа жүйе ә деген­нен біздің кәсіпкерлерге кесірін тигізді. Себебі Ресеймен шекаралас аймақтардағы кеден бекеттерінде интернет былай тұрсын, қарапайым телефон байланысы жоқ. Ал элек­трондық кезек жүйесі интернет арқылы жұмыс істейді. Осының салда­рынан Ресейге тауар таситын отандық кәсіпкерлер әуре-сарсаңға түсіп, ке­дендегі кептеліс ондаған шақырым­ға созылды. Осы мәселені шешу мақсатында Қазақстан тарапы да қа­натқақты режімде электрондық ке­зек жүйесін іске қосты.

Электронды кезек алу үшін тауар тасымалдаушылар “cgr.qoldau.kz/ru/ start” сілтемесі арқы­лы немесе “CarGoRuqsat” қосымшасы арқылы алдын ала кезек алуы керек.

Жиынға қатысушылар жобаның тиімсіз тұстары туралы пікірлерін ор­таға салды. “Қанатқақты жобаның іске қосылуы салдарынан тауар та­сымалдаушылардың шекарадан өтуі тіпті қиындап кетті. Тауарын шека­радан өткізгісі келген жүргізуші ал­дын ала кезек алу үшін көрсетіл­ген сайтқа тіркеліп, өзі, көлігі, қай күні өтетіні, тауары туралы барлық деректерді толтыруы қажет. Алайда шекара маңындағы ауылдарда ин­тернет байланысы өте нашар”, – дей­ді облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді қорғау және жемқор­лыққа қарсы бөлімінің бас­шы­сы Айдос Кеңбейілов.

Ал облыстық мемлекеттік кіріс­тер департаментінің өкілдері қана­тқақты жобаны енгізу арқылы кеден­дегі кептеліс жойылып, шұғыл әрі ашық жұмыс істеуге мүмкіндік бере­ріне сенімді. “Жаңа жүйені “Бида­йықта” сынақтан өткізудің өзіндік себебі бар. Бұл кеден бекетінен өтетін көлік саны аз. Электронды кезек жүйесінің әлдебір кемшілігі бол­са немесе қан­дай да бір қосымша жұмыстар қажет болса, осы кеден­дегі жұмыс арқылы шешімін табу көз­делді. Не­гізінен дәл осындай жоба еліміздің Қытай және Өзбекстан­ шекарала­рында да іске қосыл­ған. Ешқандай кедергісіз жұмыс істеп тұр. Ал ин­тернет мәсе­лесіне келер болсақ, онлайн кезекті бір ай бұрын немесе бір күн бұрын алып қойсаңыз да болады. Ал кезегі­ңіздің мерзімі бір тәулік бойы жа­рамды”, – дейді облыстық мем­лекеттік кірістер де­партаменті бас­шысының орынба­сары Дамир Нұр­ғалиев.

Өкінішке қарай, тауар тасымалдаушылардың айтар өз уәждері бар. Себебі тапсырыс алу мен Ресейге тауар тасымалдау уақытын нақты бір күнге белгілеу мүмкін емес. Тапсы­рыстың бүгін түсіп, жеткізу мерзімінің ертеңге белгіленуі екіталай. Сондық­тан өңірдегі кәсіпкерлер алдын ала онлайн кезек алып, жоспарлау өте қиын екенін алға тартады. Оның үстіне 2024 жылғы 1 қаңтардан бас­тап тауар тасымалдаушы шекара­дан әр өткен сайын 1 АЕК көлемінде төлем жасауға міндеттелмек.

“Бір ғана Уәлиханов ауданында Ресейге тауар тасымалымен айна­лысатын 200-ге жуық жеке кәсіпкер бар. Ауданымыздан Ресейге дейін 200 шақырым. Күн сайын шекараны кемінде 2-3 рет кесіп өтеміз. Бұл қанатқақты жоба айына әрі кетсе 1-2 рет тауар таситын халықаралық жүк тасымалдаушылар мен ауыр жүк көліктері үшін тиімді. Өйткені ондай тасымалдау компаниялары кеден­нен бір рет өтіп, миллиондаған та­быс­пен кері қайтады. Ал ұсақ-түйек тауар тасумен айналысатын бізге мил­лиондап табыс табу үшін кеден­нен 15-20 рет өту керек. Мұндай тө­лем міндеттемесі не үшін енгізілетіні де түсініксіз. Өз кеденімізден өткені­міз үшін неге ақша төлеуге тиіспіз?” – деп күйінеді жеке кәсіпкер Ақылбай Ибрагимов.

Мамандардың айтуынша, тө­лем­нен түскен қаржы шека­раның ин­фрақұрылымын дамытуға жұмса­лады.

– Бұл төлем түрінің Салық кодек­сінде көрсетілмеуі күмәнді. Еліміз­де­гі заңдарға сәйкес, кез келген тө­лем түрі Салық кодексінде бекітілуге тиіс. Кез келген министр немесе оның орынбасары түрлі төлем түрін бекі­тіп, бұйрық шығарып, мөр баса бер­мейді. Бізде Салық кодексінде көр­се­тіліп, міндеттелген төлемдер бар. Ондай төлемнен түскен қаржы тіке­лей мемлекет бюджетіне түседі. Ал кеденнен өту үшін бекітілген 1 АЕК тө­лемі көңілге күмән ұялата­ды, – дей­ді облыстық кәсіпкерлер па­латасы­ кәсіпкерлердің құқығын қорғау ке­ңесінің басшысы Инесса Куанова.

Бұл пікірді сыбайлас жемқор­лыққа қарсы қызмет мамандары да құптады. Сонымен қатар жиынға қа­тысқандар мемлекеттік кірістер депар­таменті өкілдерінің “қанат­қақты жоба салық бойынша қарызы бар жүргі­зушілерді анықтауға сеп­тігін тигізеді” дегенін түсінбей дал. “Элек­тронды кезек тауар тасы­малдаушы­лардың жұмысын жеңіл­детіп, жем­қорлықты болдырмауға емес, бо­рыш­керлерді анықтауға, көлеңкелі бизнестің жолын кесу жә­не аталмыш департаменттің жұмы­сын оңайлату үшін құрылған жүйе сияқты”, – дейді облыстық кәсіп­керлер кеңесінің мү­шесі Наурызбай Исмайылов.

Жоғарыда аталған бұйрықта ше­карадан өту күнін ауыстыру, же­делдетілген, кезектен тыс бронь алу мүм­кіндігі де қарастырылған. Оның құны – 50 немесе 100 айлық есептік көр­сет­­кіш. Алайда облыстық мемле­кет­тік кірістер департаменті бұл тө­лем түрінің өздеріне қатысы жоғын айт­ып ақталды. Ал интернеттің нашарлы­ғына қатыс­ты сынға жауап берген “Ақпа­раттық есептеу орталығы” АҚ-ның бас мама­ны Марат Мусин қазіргі кез­де онлайн кезек алуда туындаған мә­селелер шешілгенін айтты. Ин­тернет жыл­дам­дығын арттыру үшін қосым­ша қон­дырғылар сатып алын­ған көрінеді.

Тасымалдаушылардың өтініш­терін қарау нәтижесінде кәсіпкер­лердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес мүшелері екі түйінді мәселені анықтады. Біріншісі – аталған қа­натқақты жобаның орындалуын қам­тамасыз ететін тиісті инфрақұры­лымның жоқтығы, техникалық да­йын­дықтың әлсіздігі, интернеттің на­шарлығы, тасымалдаушылардың “кезекті электрондық брондау” қыз­метін алу шарттарынан хабарсыз болуы, оператор арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқы­лы кезекті брондаудың баламасы­ның болмауы. Екінші мәселе – мем­лекеттік шекарадан өту үшін ақы алу және оның заңдылығы. Осы мәсе­лелердің барлығын уәкілетті орган­дар қысқа мерзімде назарға алып, реттеуге тиіс. Электрондық кезекті енгізу қажеттілігі айқын, бірақ ал­дымен мемлекеттік органдар осы жо­баны іске асырудың барлық шикі тұс­тарын мұқият пысықтағаны жөн.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp