“Бидайық” кеден бекетінде 1 қарашадан бастап “электронды кезек” атты жаңа жүйе енгізілгені бұған дейін жазылған. Осы жаңа жүйеге байланысты кеше теріскейлік тауар тасушылар наразылығын білдіріп, арнайы жиын өткізіп, облыстық кәсіпкерлер палатасына шағым жолдады.
Биылғы маусым айынан бері Ресей тарапы электронды кезек жүйесін енгізген болатын. Қазақстаннан келетін әрбір тауар тасымалдау көлігін, жүргізушісін, көліктегі тауарын бастан-аяқ тексеріп кеденнен өткізуді мақсат еткен жаңа жүйе ә дегеннен біздің кәсіпкерлерге кесірін тигізді. Себебі Ресеймен шекаралас аймақтардағы кеден бекеттерінде интернет былай тұрсын, қарапайым телефон байланысы жоқ. Ал электрондық кезек жүйесі интернет арқылы жұмыс істейді. Осының салдарынан Ресейге тауар таситын отандық кәсіпкерлер әуре-сарсаңға түсіп, кедендегі кептеліс ондаған шақырымға созылды. Осы мәселені шешу мақсатында Қазақстан тарапы да қанатқақты режімде электрондық кезек жүйесін іске қосты.
Электронды кезек алу үшін тауар тасымалдаушылар “cgr.qoldau.kz/ru/ start” сілтемесі арқылы немесе “CarGoRuqsat” қосымшасы арқылы алдын ала кезек алуы керек.
Жиынға қатысушылар жобаның тиімсіз тұстары туралы пікірлерін ортаға салды. “Қанатқақты жобаның іске қосылуы салдарынан тауар тасымалдаушылардың шекарадан өтуі тіпті қиындап кетті. Тауарын шекарадан өткізгісі келген жүргізуші алдын ала кезек алу үшін көрсетілген сайтқа тіркеліп, өзі, көлігі, қай күні өтетіні, тауары туралы барлық деректерді толтыруы қажет. Алайда шекара маңындағы ауылдарда интернет байланысы өте нашар”, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді қорғау және жемқорлыққа қарсы бөлімінің басшысы Айдос Кеңбейілов.
Ал облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері қанатқақты жобаны енгізу арқылы кедендегі кептеліс жойылып, шұғыл әрі ашық жұмыс істеуге мүмкіндік береріне сенімді. “Жаңа жүйені “Бидайықта” сынақтан өткізудің өзіндік себебі бар. Бұл кеден бекетінен өтетін көлік саны аз. Электронды кезек жүйесінің әлдебір кемшілігі болса немесе қандай да бір қосымша жұмыстар қажет болса, осы кедендегі жұмыс арқылы шешімін табу көзделді. Негізінен дәл осындай жоба еліміздің Қытай және Өзбекстан шекараларында да іске қосылған. Ешқандай кедергісіз жұмыс істеп тұр. Ал интернет мәселесіне келер болсақ, онлайн кезекті бір ай бұрын немесе бір күн бұрын алып қойсаңыз да болады. Ал кезегіңіздің мерзімі бір тәулік бойы жарамды”, – дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Дамир Нұрғалиев.
Өкінішке қарай, тауар тасымалдаушылардың айтар өз уәждері бар. Себебі тапсырыс алу мен Ресейге тауар тасымалдау уақытын нақты бір күнге белгілеу мүмкін емес. Тапсырыстың бүгін түсіп, жеткізу мерзімінің ертеңге белгіленуі екіталай. Сондықтан өңірдегі кәсіпкерлер алдын ала онлайн кезек алып, жоспарлау өте қиын екенін алға тартады. Оның үстіне 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап тауар тасымалдаушы шекарадан әр өткен сайын 1 АЕК көлемінде төлем жасауға міндеттелмек.
“Бір ғана Уәлиханов ауданында Ресейге тауар тасымалымен айналысатын 200-ге жуық жеке кәсіпкер бар. Ауданымыздан Ресейге дейін 200 шақырым. Күн сайын шекараны кемінде 2-3 рет кесіп өтеміз. Бұл қанатқақты жоба айына әрі кетсе 1-2 рет тауар таситын халықаралық жүк тасымалдаушылар мен ауыр жүк көліктері үшін тиімді. Өйткені ондай тасымалдау компаниялары кеденнен бір рет өтіп, миллиондаған табыспен кері қайтады. Ал ұсақ-түйек тауар тасумен айналысатын бізге миллиондап табыс табу үшін кеденнен 15-20 рет өту керек. Мұндай төлем міндеттемесі не үшін енгізілетіні де түсініксіз. Өз кеденімізден өткеніміз үшін неге ақша төлеуге тиіспіз?” – деп күйінеді жеке кәсіпкер Ақылбай Ибрагимов.
Мамандардың айтуынша, төлемнен түскен қаржы шекараның инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.
– Бұл төлем түрінің Салық кодексінде көрсетілмеуі күмәнді. Еліміздегі заңдарға сәйкес, кез келген төлем түрі Салық кодексінде бекітілуге тиіс. Кез келген министр немесе оның орынбасары түрлі төлем түрін бекітіп, бұйрық шығарып, мөр баса бермейді. Бізде Салық кодексінде көрсетіліп, міндеттелген төлемдер бар. Ондай төлемнен түскен қаржы тікелей мемлекет бюджетіне түседі. Ал кеденнен өту үшін бекітілген 1 АЕК төлемі көңілге күмән ұялатады, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің басшысы Инесса Куанова.
Бұл пікірді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары да құптады. Сонымен қатар жиынға қатысқандар мемлекеттік кірістер департаменті өкілдерінің “қанатқақты жоба салық бойынша қарызы бар жүргізушілерді анықтауға септігін тигізеді” дегенін түсінбей дал. “Электронды кезек тауар тасымалдаушылардың жұмысын жеңілдетіп, жемқорлықты болдырмауға емес, борышкерлерді анықтауға, көлеңкелі бизнестің жолын кесу және аталмыш департаменттің жұмысын оңайлату үшін құрылған жүйе сияқты”, – дейді облыстық кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі Наурызбай Исмайылов.
Жоғарыда аталған бұйрықта шекарадан өту күнін ауыстыру, жеделдетілген, кезектен тыс бронь алу мүмкіндігі де қарастырылған. Оның құны – 50 немесе 100 айлық есептік көрсеткіш. Алайда облыстық мемлекеттік кірістер департаменті бұл төлем түрінің өздеріне қатысы жоғын айтып ақталды. Ал интернеттің нашарлығына қатысты сынға жауап берген “Ақпараттық есептеу орталығы” АҚ-ның бас маманы Марат Мусин қазіргі кезде онлайн кезек алуда туындаған мәселелер шешілгенін айтты. Интернет жылдамдығын арттыру үшін қосымша қондырғылар сатып алынған көрінеді.
Тасымалдаушылардың өтініштерін қарау нәтижесінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес мүшелері екі түйінді мәселені анықтады. Біріншісі – аталған қанатқақты жобаның орындалуын қамтамасыз ететін тиісті инфрақұрылымның жоқтығы, техникалық дайындықтың әлсіздігі, интернеттің нашарлығы, тасымалдаушылардың “кезекті электрондық брондау” қызметін алу шарттарынан хабарсыз болуы, оператор арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы кезекті брондаудың баламасының болмауы. Екінші мәселе – мемлекеттік шекарадан өту үшін ақы алу және оның заңдылығы. Осы мәселелердің барлығын уәкілетті органдар қысқа мерзімде назарға алып, реттеуге тиіс. Электрондық кезекті енгізу қажеттілігі айқын, бірақ алдымен мемлекеттік органдар осы жобаны іске асырудың барлық шикі тұстарын мұқият пысықтағаны жөн.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.