Жас балаларды адал, шыншыл, батыл болуға тәрбиелеу – ата-анаға да, ұстазға да ортақ міндет. Халқымыздың бала тәрбиесіндегі басты құралының бірі – ауыз әдебиетіндегі тәрбиелі сөздер. Мысалы, балалар тақпағы, бесік жыры, баланы әлдилеу, жұбату термелері, жұмбақтар, жаңылтпаштар, мысал, ертегі, сөз- жұмбақ, қария өсиеттері – халқымыз ғасырлар бойы кеңінен пайдалана беретін асыл қазыналар.
Ұлағатты, тәрбиелі сөздердің маңызы өте күшті. Оларды үйрету, ұғындыру, соларға баулу – тәрбиенің күшті құралы.
Мен мақал-мәтел, нақыл, шешендік тәрбиелік мәні зор сөздерді әр сабағымда барынша ұғындыруға тырысамын. Себебі бастауыш сынып оқушылары жас шыбық сияқты иілгіш, нені үйретсең, соған сенеді, дағдыланады. Олай болса, әрбір ұстаз мәдениетті жүріп-тұрумен қатар, тәрбиелік сөздерді ұғындырып, оқушыларды да соған дағдыландыруы керек.
Жаман әдеттен аулақтандырып, жақсы әдет-ғұрыпқа баулу – әрбір ұстаздың тікелей міндеті. Мен 1980 жылдан бері оқытқан әрбір сабағымда газет-журналдарда жарық көрген аталы, тәрбиелі сөздерді жинақтап жүремін де үнемі сабақтың ретіне қарай пайдаланып отырамын. Газет-журнал беттерінен теріп алған “Әдепті бала әдетті, Әдепсіз бала әлекті”, “Қызықтың білсең алғашын, Көргір келер жалғасын”, “Көп оқыса, ой бұлақ, Оқымаған ойға олақ”, “Сотқар бала сұмдыққа ұмтылар, Болар бала шындыққа ынтығар”, “Ата-ана көп жасауға құмартар, Бала болса, қылығымен қуантар”, “Бойыңа қарай сапқа тұрасың, Ойыңа қарай топта отырасың”, “Білмеген өз басының кемшілігін, Өмірдің пайдаланбас кеңшілігін”, “Тентек өзін тентек демес, Оған құнсыз – ақыл-кеңес”, “Асығыс істің ағаттығы көп” деген нақылдарда тәрбиенің қаймағы тұнып тұр. Тек әрбір тәрбиелі асыл сөзді салмақтай біліп, саналы ұғатын бала болсын. Сол сияқты қазақ халқы өз баласының ержүрек батыр, қара қылды қақ жарған әділ де шешен, досқа адал, дұшпанға мейірімсіз, бұзықтықтан аулақ болып өсуіне айырықша мән беріп келген.
Халықтың “Жақсы өскен бала ата-анасының есіктегі басын төрге шығарар, жаман өскен бала төрдегі басын есікке апарар” деген мақалдың тәрбиелік мәні зор. Тәрбиелі сөздердің тежеу, тыю сияқты мәтел-мақал түрінен басқа үйретуге, ұғындыруға бағышталған түрлері де баршылық.
Оқушыларға біреуге жауап бергенде таңдайыңды қағып, басыңды шайқама, ішіңді тартпа, кісі көзінше есінеме, үй табалдырығын баспа, босағаны керме, итті аяғыңмен теппе дегенді ұдайы айтып отырамын. Үлкен кісімен сөйлескенде қолыңды қалтаңа салып тұрма, одан жоғары озба, әрқашан жол бер, тамақ ішкенде, ыдыстың түбін сарқа жалап-жұқтама, кісінің бетіне тесіле қарама, біреудің кемдігін мазақтама, еріншек, жалқау болма деп айтқан сайын бала бұл теріс қылық екенін түсінеді.
Тілазар атанба, тілалғыш бол, нанды баспа, жасаулы тұрған тамақтан аттама, өзіңнен үлкенді жұмсама, отпен ойнама сияқты жаман әдеттен аулақ болуға үйрететін тәрбиелік сөздерді әр сабақта, тәрбие сағаттарында әңгімелеп айтып отырамын.
Бала тәрбиесінде кейде жаман, жақсы деген ұғымды ой таразысына саламыз. “Жаман деген кім?”, “Жақсы деген кім?” деген сауалдарға жауап іздейміз. Жаман адам – сыр сақтай алмайтын, ойға да, сөзге де шорқақ, басқаның ақылын алмайтын, қулық-сұмдыққа жақын тұратын, дос, жолдас дегеннің не екенін білмейтін, реті келсе, сатып кетуге дайын тұратын қорқақ. Жаман адам жақсылықты білмейді. Ол өтірік айтуға, алдап кетуге бейім тұрады. Халық “Жаманға сырыңды айтпа, күндердің күні болғанда, сол жаман айғақ болар басыңа”, – дейді. Жақсы адам – қарапайым, қайырымды, істің байыбына барып әрекет ететін, бөтенді жатсынбайтын, оны қадірлеп, құрметтейтін елгезек жан. Мұндай қарама-қарсы мысалдар бала тәрбиесінде күнделікті кездеседі. Бала туа жаман, жақсы болмайды, оларды жаман, жақсы ететін ата-ана мен ұстаздардың ақыл-парасаты, тәрбиесі.
“Артық үшін айтысып, достарыңмен санаспа. Жеңемін деп біреуді, өтірік сөзбен қостама”, – деген үлкендердің тәрбиелі сөздері оқушыларды адамгершілік қасиетке баулып, оларды кішіпейілдікке, көпшіл, қайырымды болуға, әр істі кеңесіп істеуге баулиды.
Саналы тәрбие берудің түпкілікті мақсаты – балаға бірте-бірте өзін қоршаған құбылыстарын айқын түсінерліктей білім беру. Осы ретте ұлы Абайдың айтып, жырлап кеткен үлгі-өнегесі әлі де өзекті. Адамгершілікті, адал еңбекті, өнер-білім мұраттарын, адамдар достығын, отбасы сыйластығы мен ұрпақтар борышын жырлай отыра ұлттың болашағына үлкен қамқорлық жасап, қам жеген. “Балаңа жасыңда істеген тәрбиелік еңбегің – қартайғанда өзіңе бола еккен егінің. Соны істей алдың ба, соны ойла”. Әкенің баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың. Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Осы қарызды өзің дұрыс ақтаған болсаң, балаңның бала – жүрек, бала – бал болуына өзің кепіл бола аласың. Әйтпесе “бүйтіп берген балаңды берген құдай өзің ал” деп өкінесің.
Тілалғыш, әдепті, ұғымтал, жақсы оқитын балаларды кім жақсы көрмес. “Ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетер” дегендей айтқаныңа зейін қойып тыңдамайтын бойкүйез, жалқаулардың қылығына қынжыласың, қиналасың, ондайлар аз да болса кездесіп қалады.
Өзің оқытып, тәрбиелеген шәкірттеріңнің ақыл-ойлы, инабатты, парасатты, мәдениетті болып, ғылым-білімнен нәр алып өсуі – әрбір ұстаздың арманы, мақтанышы.
Алтынай СМАҒҰЛОВА,
Бірлік бастауыш мектебінің мұғалімі.
Есіл ауданы.