«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өңірдегі өнер бәйгесі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Алаштың ардақтысы, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толды. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі бағыттағы рухани шаралар ұйымдастырылуда. Соның бір шоғыры өңір аудандарында өтуде.

Облыстық халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығы “Мағжан жыры – мәңгілік” деген атаумен байқау жариялаған болатын. Арнайы құрылған қазылар алқасы аудандарды аралап, ондағы ұжымдардың өнерлері мен жеткен жетістіктерін саралмақ. Сайыстың аудандық кезеңдерінде ұйымдастырушыларға үздік ауылдық мәдениет мекемесін анықтау міндеті жүктелген.

Есіл ауданында өткен байқауға ауылдық округтердің Мәдениет үйлері мен клубтары қатысты. Барлығы 15 ауылдық округтен келгендер өз өнерлерін ортаға салып, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты театрландырылған қойылымдар көрсетіп, ән мен биден шашу шашты. Жиналғандарға “Батыр Баян” шығармасының желісі бойынша қойылған көрініс ерекше ұнады. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Жеңіс Кемеловтің айтуынша, бұл байқау халық шығармашылығын дамытуды, ауылдардағы өнер ұжымдарының санын көбейтуді көздейді.

– Байқаудың ақтық кезеңіне алты ұжым қатысты. Олардың өнерлерін облыс орталығынан келген қазылар алқасы бағалады. Жүзден жүйрік деп танылған Бұлақ ауылдық округіндегі мәдениет ошағына 1 млн. теңгенің сертификаты табысталды, – деді Жеңіс Кемелов.

“Мағжан жыры – мәңгілік” байқауы барлық ауданда ұйымдастырылады. Оның қорытындысы бойынша үздік мәдениет мекемелері анықталады. Ал сайыстың облыстық кезеңі Тәуелсіздік күні қарсаңында қорытындыланып, ауылдардағы өнерпаздардың қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылмақшы.

Аманжол ЗАҒЫПАР,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp