Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп берді. Облыстың биылғы 10 айдағы даму қорытындыларын баяндап, алдағы уақытта атқарылатын шаруаларға тоқталды.
Облыс әкімі депутаттарды ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында жүзеге асып жатқан жобалардан хабардар етті. “2023 жылы облыс бюджеті 420 млрд. теңгеден 499 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Қаржының негізгі көлемі әлеуметтік нысандарды салуға, жолдарды жөндеуге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және сумен жабдықтауға бағытталды. Жергілікті өзін-өзі басқару дербес бюджетке көшкендіктен ауылдардың қаржылық және экономикалық мүмкіндіктері кеңейді”, – деп атап өтті Ғауез Нұрмұхамбетов.
Өңір басшысы тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымды дамыту, жолдар мен су желілерін жөндеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды. Ауыл шаруашылығы өңір экномикасының күретамыры саналады. “Биыл солтүстікқазақстандық диқандар егін жинау науқанын ауа райының қолайсыз жағдайында жүргізді, бұл астықтың сапасы мен көлеміне әсер етті. Соған қарамастан, облыс диқандары гектарынан 11,1 центнер өнім алды. Бұл – басқа аграрлық өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш”,– деді өз баяндамасында.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты биыл ауыл шаруашылығы саласында өнім көрсеткіші біршама төмендеп, нақты көлем 84,9 пайызды құраған.
Қалған салаларда оң динамика сақталып отыр. Мәселен, өнеркәсіптегі өсім – 113, құрылыста – 122, тұрғын үйді пайдалануға беруде – 112, инвестиция тартуда – 120,3 пайызды құрайды. Биыл облысымызда 10400 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылған. Ғауез Торсанұлы халықтың сұранысын ескере отырып бюджетті тиімді жоспарлауға және пайдалануға мүмкіндік берілсе, бұл да өз кезегінде адамдардың өмір сүру жағдайының және елді мекендер ажарының айшықтала түсуіне септесетінін тілге тиек етті.
“2023 жылға арналған 4-ші деңгейдегі бюджет көлемі 21 млрд. теңгені құрады. Салық түсімдерінің көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайды. Ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамуда. 10 айдың қорытындысы бойынша бұл саладағы жалпы өнім көлемі 775 млрд. теңге деп бағаланып отыр”, – деген өңір басшысы биылғы күзгі орақ науқанында 3,7 млн. тонна астық қамбаға құйылғанын, майлы дақылдардың орташа өнімділігі 6,7 центнерден айналып, 458 мың тонна өнім жиналғанын айтты. Соңғы он айда ет өндірісі 2 пайызға (92,2 мың тонна), сүт өндірісі 3,4 пайызға (603 мың тонна) артқан, облыс бойынша 589 миллион жұмыртқа өндіріліпті. Өңірде жылына 647,8 мың тонна сүт сауылады, бұл республикалық көрсеткіш көлемінің 10 пайызын құрайды.
Кездесуде Солтүстік Қазақстан облысының республика бойынша ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ең көп инвестиция тартқан өңір екені белгілі болды. Президенттің ет, сүт және астықты терең өңдеу, жылыжайлар салу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында облыста 27 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында құс фабрикалары, қой фермалары, көкөніс қоймасы және жылыжайлар бар. Осының арқасында өңір тұрғындарының құс етіне деген сұранысы (16,5 мың тонна), көкөністерге деген қажеттілігі (3 мың тонна) 100 пайызға қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда.
Өңірде шаруаларға “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” арқылы жеңілдетілген несиелер берілуде. Мемлекеттік қолдаудың осы құралын Президент халыққа арнаған биылғы Жолдауында атап өтті. Бүгінгі таңда қанатқақты жобаны республика бойынша жүзеге асыру қолға алынды. Қазір облыс бойынша 12 мың басқа арналған 13 сүт фермасы салынуда. Оның алтауы жыл соңына дейін ашылады деп жоспарланған.
Аграрлық саламен қатар, облыстағы өнеркәсіпті дамытуға да басты назар аударылып отыр. Бұл туралы облыс басшысы өз баяндамасында: “Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 80 пайыздан асады.Саланың даму қарқынын сақтау және көлемін ұлғайту үшін өңірде 2026 жылға дейін 6 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, 469 млрд. теңгеге 39 инвестициялық жобаның пулы іске қосылмақ. Үстіміздегі жылы жалпы сомасы 56 млрд. теңгеге 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның бесеуі бүгінде сәтті жұмыс істеуде, қалған 10 жоба жыл соңына дейін іске қосылады”, – деді. 2024-2026 жылдары 5 мың жұмыс орнын құра отырып, 413 млрд. теңгеге 24 жобаны іске қосу жоспарланған. Осының нәтижесінде құрылыс материалдарымен өнеркәсіп өнімдерінің импортқа тәуелділігін төмендету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының ішкі нарығын дамыту жоспарда бар.
Тайынша ауданындағы Аймақ ауылында құрамажем және диірмен кешені зауытын салу жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың іске қосылу уақыты 2023 жылғы желтоқсанға жоспарланып отыр. Жоба іске қосылғанда сыртқы нарықтың қажеттіліктерін жабу үшін құрамажемнің өнеркәсіптік өндірісі жолға қойылады. Өнім Қытайға экспортталады.
Үстіміздегі жылы Германия мен Ресейдің “Казкран” инвесторлар тобы зауыт құрылысы бойынша жобаны іске асыруға кіріскен болатын. Осыған тоқталған Ғауез Торсанұлы машина жасау, металлургия, энергетика және химия өнеркәсібі үшін көтергіш-көлік жабдықтарын, көпір крандарын және жүк қармау тетіктерін шығару жоспарланып отырғанын айтты.
“Биыл 300 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Облыс орталығы қарқынды дамуда. “Жас өркен”, “Береке”, “Копай” және “Орталық” шағынаудандарының құрылысы жалғасуда. Үстіміздегі жылы 24 көппәтерлі, оның ішінде Петропавлда 22 және аудан орталықтарында 2 үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Көпқабатты үйлердің 8-і бюджет есебінен салынса, 16-сы коммерциялық ғимараттар. Нәтижесінде 5 мыңнан астам адамның тұрғын үй жағдайы жақсарады деп күтілуде. Келесі жылы 1 941 пәтерлік 26 үй салынады, оның 23-і Петропавлда орналаспақ. Үш жыл ішінде шамамен 1 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда”, – дейді облыс әкімі.
Өңір басшысы өз баяндамасында облыстық бюджеттің үштен бір бөлігі (27,8 пайызы) білім саласына бағытталғанын айтып өтті. Үстіміздегі жылы қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда шамамен 19 пайызға ұлғайтылған. 4,4 млрд. теңгеге білім ордаларының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 55 пәндік кабинет пайдалануға беріліпті. 29 автобус сатып алынған. 4,3 млрд. теңгеге 48 нысанға күрделі жөндеу жүргізілген.
“2024 жылы Петропавлда 420 орындық 2 балабақша салу жоспарланып отыр. Ол жүзеге асса балалардың 95 пайызын мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуға мүмкіндік туады. Инфрақұрылымды жақсарту, жалпы білім беру процесіне қатысушыларға қолайлы жағдай жасау арқылы оқу сапасын арттыруды көздеудеміз. Өңірдің білім беруді дамыту деңгейі сыртқы бағалаумен расталады, оның бірі ҰБТ болып табылады. Соңғы 4 жыл ішінде ҰБТ тапсырушылардың орташа ұпайы 8,5 баллға артты, бұл республикалық көрсеткіштен 5 баллға жоғары. Биылғы жылғы түлектердің 81,9 пайызы жоғары оқу орындарына түскен”, – деді облыс әкімі.
Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 48 пайызға ұлғайғанын айтқан Ғауез Торсанұлы: “Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында өңірде 46 медициналық мекеме салу жоспарланған. Оның ішінде 8 нысанның құрылысын жақында аяқтаймыз. Олар – 5 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 1 медициналық қосын. Келесі жылы қалған 38 нысанның құрылысы басталады. 480 орындық көпсалалы облыстық аурухана құрылысын бастау жоспарлануда. Санитарлық автокөлік паркі жаңартылуда. Аудандық ауруханаларға 14 санитарлық көлік берілді. Тағы 19 көлік жақын күндері беріледі”, – дей келе әлі жетпістен астам емдеу мекемесі жаңартылуы қажеттігін атап өтті.
Жиында облыс басшысы спорт саласындағы қол жеткізген жетістіктерге де тоқталып, алдағы уақытта байрақты бәсекелер жеңімпаздары қатарының көбейетініне сенім артты.
Бүгінде мәдениет саласы мемлекет тарапынан елеулі қолдауға ие. Мәдени нысандарды салу және жөндеу, сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру, шығармашылық жобаларды және таланттарды қолдау жұмыстары жалғасын табуда. Үстіміздегі жылы ауылдарда 6 мәдениет нысанын салу және қайта жөндеу жұмысына 752 млн. теңге қарастырылып отыр. 13 мәдениет нысанын күрделі жөндеуге 1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген.
Облыс әкімі жол салу және ескілерін жаңартып, қалпына келтіру мәселесін де тарқатып айтты.
“Алдымызда ұзындығы 8416 километр болатын жолды жөндеу міндеті тұр. 2 жыл ішінде 2 мың шақырымнан астам жол жөнделді. Егер 2020 жылы осы мақсаттарға 24,4 млрд. теңге бөлінсе, биыл бұл қаржының көлемі 39,4 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Биыл 770 шақырым жол (олардың 148 шақырымы республикалық, 480 шақырымы жергілікті және 142 шақырымы кентішілік жолдар) жөнделді. Облыс орталығындағы ұзындығы 45,5 шақырым болатын 35 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізуге 8,8 млрд.теңге бөлінді”, – деді Ғауез Торсанұлы.
Халықтың өмір сүру сапасын сипаттайтын негізгі факторлардың бірі елді мекендерді коммуналдық инфрақұрылыммен, оның ішінде ауызсумен қамтамасыз ету болып табылады. Биыл сумен жабдықтау жүйесін жақсартуға бөлінген қаржы 1,7 есеге ұлғайыпты. Облыста халықтың 85 пайызы таза ауызсумен қамтамасыз етілген.
Жиын соңында депутаттар жылыту маусымы, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу және көлік инфрақұрылымының жұмысы мен тағы басқа да әлеуметтік мәселелерге қатысты сұрақтар қойып, нақты жауап алды.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.