«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тиімді жобалар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл облыстағы шағын және орта бизнесті қолдауға бюджеттен 12,5 млрд. теңге бөлінген. Оның 10,6 млрд. теңгесі субсидиялауға, 37 млн. теңге қаражат мемлекеттік грант есебінде берілген.  Нәтижесінде, 2023 жылдың 1-тоқсанында шағын және орта бизнес өкілдерінің өнімі өткен жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға өскен. Бұл туралы облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтылды.

Қазіргі уақытта өңірде 35 300 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Кәсіпкерліктің осы түрін дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында 2021-2025 жылға арналған ұлттық жоба іске асырылып жатыр. Жалпы жыл басынан бері 238 бизнес өкілінің өтінімі қабылданып, оларға 13,6 млрд.  теңге көлемінде субсидия берілген.

“Өңірде “Қарапайым заттар экономикасы” жобасы да сәтті жүзеге асуда. Жыл басынан бұл жобаға республикалық бюджеттен 4,3 млрд. теңге қаражат бөлінді. Жоба 2019 жылы іске қосылған болатын. 2020 жылы конкурстық комиссия 20 кәсіпкердің өтінімін мақұлдап, мемлекеттік грант берілді. 2021 жылы олардың саны 52 болды. Ал былтыр 10 кәсіпкерге грант берілсе, биыл тек 7 өтінім мақұлданды”, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Азат Омаров.

Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаға енгізілген. Жыл басынан бері 17 мың адам өтінім берсе, олардың 9 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өз ісін ашқысы келетіндер үшін өткен жылдан бастап кәсіпкерлік негіздерін оқытатын “Бастау бизнес” жобасы онлайн режімде өткізіліп келеді. 

“Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруды көздеген әлеуметтік осал топқа жататындарға, 101 жасқа барлығы 273 өтеусіз грант берілді. 150 адам ауыл шаруашылығы саласын дамытуды көздеген, қызмет көрсету саласын 89 жас қолға алды”, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Серік Тоқымбетов.

Президенттің жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында биыл жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз жеңілдікпен шағын несиелендіру тетігі іске қосылған. Маманның айтуынша, оны 35 жасқа дейінгі жастар ала алады. Тек жұмыс істейтіндердің кәсібі 5 жылдан аз тіркеуде болуы тиіс. Кредит 5 жылдан 7 жылға дейін беріледі, кредиттік демалыс несие мерзімінің 1/3 бөлігін құрайды. 

“Жыл басынан бері 650 млн. теңгеге 150 шағын несие берілді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 90 өтінім түсіп, оларға 394 млн. теңге, 54 өтінім қызмет көрсету саласы бойынша қаралып, оларға 228,8 млн. теңге несие және  6 өтінім бойынша өндіріс саласына 27,2 млн. теңге берілді”, – дейді Серік Тоқымбетов.

Өңірде зейнет жасына жақындап қалған,  жұмыс таба алмай жүрген жандарды қолдауға арналған “Күміс жас” жобасы жүзеге асырылуда.

“Бұл бағдарламада бірқатар өзгеріс бар. Қатысушылардың жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіштен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылды, қазір 103 500 теңгені құрайды. “Ұрпақтар келісімшарты”, “Бірінші жұмыс орны” жобалары бойынша еңбекақы осындай. Үміткерлердің қатысу мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін, субсидиялар мөлшері ұлғайтылды және “Күміс жас” жобасына енді 50 жастан жоғарылар өтінім бере алады”, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Қазіргі уақытта ел аумағында “электрондық еңбек биржасы” порталы іске қосылған. Ол жерден тұрғындар бос жұмыс орындары туралы мәліметтермен таныса алады.  Мамандардың сөзінше, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, медицина және ауыл шаруашылығы, білім саласында кадр тапшылығы бар.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp