«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Дара туған дарын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміз тәуелсіз мемлекет атанғалы бері көгалдағы хоккейден талай құрлықтық және әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысқаны белгілі. Дегенмен әлі күнге дейін көк шөпте өнер көрсететін спортшылардың биік шыңдарды бағындырғандарын байқаған емеспіз. Кеңес өкіметі тұсында бұл спорт түрі біздің елде ерекше дамыған еді. Оған дәлел – саңлақтарымыздың одақ құрамасына ілігіп, дүниежүзілік додаларда өнер көрсетуі. Жасындай жарқылдаған жерлесіміз Саян Шаймерденовті нағыз жанкүйерлер әлі ұмыта қойған жоқ.

Саян Шаймерденовтің талантын атақты ресейлік бапкер Эдуард Айрих байқаған екен. 1970 жылдардың аяғында жаттықтырушы “Ленинская смена” газетінің тілшісіне берген сұхбатында былай деп айтқан: “Саян – дара туған талант, ғажайып хоккейші, ол алаңда болмаса команданың ойыны қиыспайды. Шабуыл сүреңсіз көрінеді. Саян алаңға шықса, жұдырықтай допты өзіне магнитше тартады…”.

Осыдан тура 70 жыл бұрын Қазақстанның халық жазушысы, Петропавл қаласының құрметті азаматы Сафуан Шаймерденовтің үйінде іңгәләп дүние есігін ашқан шекесі торсықтай ұл болашақта әкесіне ұқсап, қолына қалам емес, хоккей таяғын ұстайтынын кім білген?! Көгалдағы хоккейден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Азия хоккей федерациясы кеңесінің мүшесі Саян Сафуанұлы 1953 жылы қарашаның 27-сі күні Алматы қаласында дүниеге келген. 1975 жылы бұрынғы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын бітіреді. КСРО-ның жастар және ересектер арасындағы он дүркін чемпионы, екі рет күміс жүлдегері атанған, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, Еуропа чемпиондары кубогының (1982 ж., Париж, Франция) және КСРО кубогының иегері (1982 ж.), “Динамоның” алты жыл (1976-82 ж.), КСРО құрамасының бес жыл (1977-82 ж.) капитаны болған. 1982 жылдың соңында бапкерлік қызметке ауысқан. Көгалдағы хоккейден қыздар құрама командасының бас бапкері және республикалық көгалдағы хоккей федерациясының президенті болды. Небәрі 49 жас жасаған азаматтың жеткен жетістігі жастарға үлгі.

Бала кезінен коньки теуіп, қолды-аяққа тұрмай сырғанаған жасөспірімнің көзінен жалынды бірінші болып әкесі байқайды. Сафуан атамыз: “Қой, бұл баланы одан да жыл он екі ай мұзы ерімейтін спорттық айдынға алып барайын!” – деп 12 жасар ұлын Алматыдағы “Динамо” стадионына жетелеп әкеліп, мұз үстіндегі допты хоккейдің жас бапкері Владимир Алешиннің қолына тапсырады. 1971 жылы орта мектепті бітірген Саян ағамыз Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтының студенті атана салысымен атақты “Динамоның” жастар құрамына қабылданып, тарихта тұңғыш рет көгалдағы хоккейден Алматыда өткен жастар арасындағы КСРО біріншілігіне қатысады. 

– Бәрі күні кешегідей көз алдымда. 2002 жылдың 15 ақпаны жұма болатын. Ол кезде “ҚазМұнайГаз”-дың баспасөз қызметінде басшы болып жүрген белгілі журналист, көрерменнің көзайымына айналған керемет тележүргізуші Марат Мұхамедсалиев бір топ журналист Зерендідегі демалыс аймағына 1-2 күндік серуенге шақырды. Жайшылықта әріптестермен болатын мұндай басқосудан құр қалмайтын мен бірдеме сездім бе, кежегем кейін тартып бармай қалдым. Сағат кешкі 9:30-да қалта телефон безілдеп қоя берді. Қоңырау шалушы кіші жездем Берік. “Алло” десем арғы беттегі жездем жастан булығып сөйлей алмайды. Бір сұмдықтың болғанын сезген жүрек сыздап ала жөнелді.“Не болды, не болды, папам ба?” деймін мен мына жақтан, “Жоқ Саяннан айырылып қалдық қой, Сайын”, – деп Берік жездем жылап жіберді. “Қалай?” деп қатты айғайлап жіберген менің дауысымнан шошыған бір жасқа толмаған ұлым Мәди шыр ете түсті. Баламды бауырыма басып әкелі-балалы екеуміз еңіреп қала бердік, – деп белгілі журналист, інісі Сайын Шаймерден тебірене толғанады.

Үлкен спортты тастаса да, сүйікті ісінен алыстамаған Саян сол жылдары көгалдағы хоккейден Алматының “Связист” қыздар командасының бапкері болатын. Таңертеңгілік жаттығуларды өткізіп, түске таман Сырбай Мәуленов көшесіндегі әке-шешесінің үйіне келген ол: “Шаршаңқырап тұрмын, демаламын”, – деп өз бөлмесіне кіреді. “Анамыз оянып кетпесін деп есігін де жауып қояды. 9-дағы кешкі жаңалықтарды көріп орнынан тұрған әкеміз: “Жатып алғаны несі, үйіне барып ұйықтасын, Саянды оят”, – дейді. Ал бұл кезде Саян мына қым-қуат, астаң-кестең жалған дүниені артқа тастап, құдды бір сәби кезіндегідей әке-шешесінің шаңырағында бейқам мәңгілік ұйқыға кете барыпты… 49 жас, мүшел жас.., енді қыздарымның қызығын көрем деген жас, Құдай бұйыртса құда боламын, мен де ата боламын дейтін жас… Тағдыр-ай десеңші.., көре алмай кетті, жете алмай кетті.., тым жас, әрі ерте кетті.

Бүгіндері Алматы көшелерінің біріне Саян Шаймерденовтің есімі берілген. Алайда теріскей кейде теріс қарайтындай көрінеді. “Саянның Қызылжарға не қатысы бар?”, “Саян солтүстікте емес, Алматыда туған еді!” – дегендей пікірлерді де естіп қаламыз. Ол қазақты әлемге танытқан чемпионымыз емес пе? Сондықтан есімін естен шығармағанымыз дұрыс болар.

Әкесінің бала жүрегіне спорт пен саламатты өмір салтына деген сүйіспеншілікті қалап кеткенін әр сөзінде айтып жүретін қызы Дина Саянқызы 2022 жылдың аяғында АҚШ-тың Юта штатындағы Сент-Джордж қаласында өткен әлем чемпионатында (“Ironman 70.3”) жарқын жеңіске жетіп, жеңісін атасы, халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің ғасырлық мерейтойына арнаған болатын.

Жыл артынан жылдар өтер. Кешегінің балалары ертеңгінің даналарына айналар. Бірақ қанша уақыт өтсе де, Саян Шаймерденовтің есімі ертеңгі күнге жарқын жеңістерімен жететіні белгілі.

Самрат Құскенов,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp