Қазақ баспасөзінің тарихында ойып алар орны бар, іргесін Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, Ғаббас Тоғжанов, Бекмұхамет Серкебаев сынды Алаштың ардақтылары қалаған, сарғайған беттерінде небір айтулы тұлғалардың қолтаңбасы қалған, халық “қарашаңырақ” деп қастерлейтін, Есіл өңірінің болмысындай өріліп, өмір құбылыстарын боямасыз өрнектеп келе жатқан, ғұмыры ғасырмен өлшенетін басылым – “Soltüstık Qazaqstan” газетінің тарихы бай әрі терең, жүріп өткен жолы соқтықпалы-соқпақты. Бір ғасырдан астам уақыттың ішінде осы шаңырақтың әр кірпішін өз қолымен қалаған сөз шеберлерінің қатарында Сәбит Мұқанов, Мәжит Дәулетбаев, Жақан Сыздықов, Сейітжан Омаров, Жиенғали Тілепбергенов, Жұмағали Саин, Асқар Тоқмағамбетов, Шахмет Құсайынов, Абдрахман Айсарин, Ғалым Малдыбаев, Әлжаппар Әбішев, Әбділда Тәжібаев, Дихан Әбілов, Сафуан Шаймерденов сынды айтулы тұлғалар бар.
Газет қызметкерлерінің бертінгі буыны да алдыңғы толқынның аманатына адалдығын сақтап, халықтың сөзін сөйлеуден, мұңын мұңдап, жоғын жоқтаудан жаңылған жоқ. Мен де солармен бірге қызмет істегенімді мақтаныш етемін. Қолға қалам ұстап, сөзді қару етіп, есею жолына түскенде қолтығымнан демеген ағаларыма дән ризамын. Солардың бірі – Амандық Мырзахметұлы Жантеміров. 1971 жылы редакцияға қызметке орналасқанымда, ол кісі жауапты хатшының орынбасары болып істеп жүр екен. Әлі 30-ға тола қоймаған, қылшылдаған жас жігіт, жанып тұр. Менің әскерден оралған бетім, ара-тұра газетке шағын мақалаларымның жарияланғаны болмаса, журналистикадан хабарым шамалы, түсінбейтін, білмейтін мәселелерім көп. Соны байқаған болуы керек, бір кездескенде Амандық Мырзахметұлы әңгімеге үйіріп: “Жүрексінбе, жасқаншақ болма, ерінбей жұмыс істесең, бәрі орнына келеді”, – деп үлкен кісіше ақылын айтып, жатсам-тұрсам ойымнан шықпай жүрген көңілімдегі күдікті аз да болса сейілтіп тастаған еді.
Көп кешікпей Амандық Мырзахметұлы ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі болып тағайындалды. Бұл өзі – редакциядағы ең ірі бөлімдердің бірі, жұмыс ауқымы да кең. Жігерлі жігіт өзінің жаңа жұмысын да ұршықша үйіріп, тез игеріп әкетті. Қоғамдық жұмыстарда да өте белсенді, не нәрсеге болсын, білек сыбанып бірден араласып кетеді. Ұжым, редакция басшылығы оның осындай қасиеттерін бағалаған болуы керек, кәсіподақ ұйымының төрағасы етіп сайлады, кейін бастауыш партия ұйымы хатшысының орынбасары болды. Ағамыздың осылай қызметте тез өсуі біздің де бойымызға сенім ұялатты десем, артық айтқаным емес. Ол кісімен тағдырымыз ұқсас еді: ауылдан шықтық, жоғары оқу орнында сырттай оқыдық… “Әбекеңнің етегінен ұстасақ далада қалмаспыз” деп сол кісіге қарап ой түзеуге, бой түзеуге тырыстық. Өзі ақкөңіл, кімге де болсын, көмек көрсетуге дайын тұрады.
Амандық Мырзахметұлымен облыстық радиода да, телеарнада да бірге қызмет істедік. Газетке қарағанда бұл саланың өзіндік ерекшеліктері бар. Бірақ ол қиналған жоқ, жаңа жұмысты да тез меңгеріп әкетті. Радиода директордың орынбасары, телеарнада бас редактор болды. Сөйтіп, өзінің кәсіби майталман маман екенін дәлелдеді. Әріптестері де оны мойындады. Ол кісінің ең бір жақсы қасиеті өте еңбекқор еді, аянбай жұмыс істейтін және жаңа бір тапсырма алғанда мынау менің қолымнан келмейді деп жүрексінуді білмейтін. Іссапарларға жиі шығатын. Облыста ол кісінің бармаған елді мекені жоқ шығар, сірә. Көктемгі егіс, күзгі орақ сияқты қауырт науқандарда іссапарларға бірге де шығып жүрдік. Қайда барсақ та алдынан таныс адамдар шығады, жылы ұшырай қарсы алады. Көпшіл еді, жатырқау дегенді білмейтін, кіммен болса да тез тіл табысып кететін.
2003 жылдың орта шенінде мен қазіргі “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болып редакцияға қайта оралдым. Арада біраз уақыт өткеннен кейін Әбекеңді шақырып алып: “Бас редактордың орынбасары болып келіңіз, журналистік жолыңызды бастаған ұжымыңыз ғой, зейнет демалысына осыннан шыққаныңыз жөн болар”,–дедім. Осы ұсынысты жасауыма, біріншіден, ағама деген сыйластығым, оның өз ісіне деген адалдығына тәнтілігім итермелесе, екіншіден, газет редакциясындағы жағдай өте күрделі еді: кадрлар жетіспейді, жастарды қабылдап, оларды тәрбиелеу керек, газеттің таралымы да аз… Осындай күрмеуі қиын мәселелерді шешуде оның көмегі көп болатынына сендім. Бәрі ойлағанымдай болды. Әбекең іске қызу кірісіп, басшылардың бірі ретінде редакциядағы жағдайдың оңалуына көп үлес қосты.
Уақыт дегенің шапқан аттай жүйрік қой, Әбекеңнің зейнет демалысына шығатын уақыты да келді. Бірақ ол жұмыстан қол үзген жоқ. Сол кезде біз қалалық “Qyzyljar nūry” газетін шығаруды қолға алған едік. Әбекең осы газетке ауысып, жас басылымның қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Жауапты хатшының орынбасары болып істеген кезде жинақтаған бай тәжірибесін пайдаланып, қалалық газеттің жаңа бет-бейнесін қалыптастырды.
Амандық Мырзахметұлы зейнет демалысына шыққаннан кейін жаңа қырынан танылды. Өзімнің бір байқағаным, редакциядағы күнбе-күнгі қарбалас жұмыс кез келген тақырыпқа еркін көсілуге мүмкіндік бермейді. Қай бөлімде істесең де өзіңе жүктелген тақырыптар аясынан шыға алмайсың. Әбекең зейнет демалысына шыққаннан кейін өңір тарихын, тұлғаларымыздың ғұмырдариясын зерттеуге бет бұрды. Олардың бәрі газетімізде, “Мағжан” журналында жарияланды. Және көзі қарақты оқырман тарапынан жоғары бағасын алды.
Ағамыздың тағы бір үлкен еңбегі – “Қызылжар өңірінің өшпес шежіресі” кітабы. 2010 жылы “Soltüstık Qazaqstan” газетінің 90 жылдығы қарсаңында жарық көрген бұл еңбегінде Амандық Мырзахметұлы оқырмандарға өзінің сүйікті басылымының жүріп өткен жолы туралы тың деректер ұсынады. Олардың бәрін Мәскеу, Новосібір, Омбы, Қызылжар қалаларындағы мемлекеттік мұрағаттарда, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада және редакцияда сақталған араб, латын және осы күнгі кирилица әріптерімен шыққан көне газеттердің сарғайған беттерінен оқып, зерттеп жинастырған. Әбекеңнің ескіше төте жазуды оқи алатынының пайдасын газетіміздің ғасырлық тойы қарсаңында да көрдік. Нақ сол кезде облыстық мұрағат қызметкерлерінің ізденісі табыспен көркейіп, Ресей архивтерінен “Кедей сөзі” мен “Бостандық туының” бұрын-соңды қолымызға тимеген бірнеше саны табылған еді. Ол сол газеттерде жарияланған материалдарды аударуға қатысып, өзі де бірнеше мақала жазды.
Әбекең редакцияны шын мәнінде “екінші үйім” деп санады, күн құрғатпай келіп тұратын. “Жұмысыңа бөгет жасамайын” деп маған анда-санда бір кіретін. Кейін білдім, көп уақытын жастармен өткізеді екен, олармен өзінің журналистика саласындағы бай тәжірибесімен бөлісіп, ақылын айтып, бағыт-бағдар беріп жүріпті. “Әбекеңді сағынамыз, көп көмегі тиіп еді” деп қазіргі жұмыс істеп жүрген жастар ол кісіні жиі еске алады.
Амандық Мырзахметұлының қасиеті дегенде, оның азаматтық ұстанымына берік болғанын бөле-жара айтқым келеді. Араласпағаннан кейін былайғы жұрт біле бермейді ғой, оның өтірік сөзге төзбейтін мінезі болды. Кейде жиналыстарда қатар отырамыз, сондай бір жағдайларды байқап қалса “Мынау не деп тұр, олай емес қой” деп мазасыздана бастайтын. Мен “Қайтесіз, айта берсін” десем де шыдай алмай атып тұрады да, әлгі кісінің айтқанының бәрін жоққа шығаратын.
“Ауылдан адам көшкенмен, Адамнан ауыл көшпейді” деп ақын қалай дөп айтқан, Әбекеңнің өмірі де Қарақамыс жаққа елеңдеумен өтті. Бертін “Ауылдың жолы нашар, жұмыс жоқ, халық басы ауған жаққа көшіп жатыр”, – деп ренжіп жүрді. Және соның бәрін ішінде сақтаған жоқ, ауылдастарының өтінішімен талай лауазымды адамдардың табалдырығын тоздырды, облыс әкіміне барды, газетке де бірнеше мақала жариялады.
Біз аға, іні болып көп араластық, дәмдес болдық. Марқұм Қалима жеңгеміз де мінезге өте бай, жүзі де, қолы да ашық адам еді. Қашан барсақ та жадырап қарсы алып, дастарқанын жая бастайтын. Аралас-құралас бола жүріп бір байқағаным – бізден басқа да бұл үйге келіп-кетіп жататындар көп екен. Қашан барсаң да дастарқан басында үлкенді-кішілі бейтаныс адамдар толып отырады. Біреуін құда дейді, біреуін жиен, бөле деп таныстырады. Әйтеуір, Әбекеңе бәрі туыс.
Өзімізге жасаған бір жақсылығы қайда жүрсем де ойымнан шықпайды. Жас кезіміз, жолдасым, бес жасар қызымыз – үшеуіміз пәтер жалдап тұрып жаттық. Күндердің күнінде қалалық кеңестегілер “Сіздерге пәтер бөлдік”,–деді. Қуанышымда шек жоқ, айтқан адрестері бойынша алып-ұшып барсам, басқа біреулер түсіп алыпты. Милицияда істейтін біреу екен, өз еріктерімен шығатын түрлері жоқ. Осылай да осылай деп қалалық кеңеске барсам, ондағылар: “Біз пәтерді бердік, қалғанын өзіңіз шешіңіз”, – деп маңайларына жолатпайды. Болған жайды Әбекеңе айттым. Ол кісі шапшаң қимылдаушы еді, бірден басшылардан сұранып іске кірісіп кетті. Ақыры не керек, арада екі-үш күн өткенде мәселені шешіп берді. Ол кісінің кімге де болсын, осындай жақсылықтары көп болды. Біз ғана емес, бір мәселелер туындап қалғанда, редакцияның басшылары да Әбекеңді жұмсайтын.
Әріптес туралы сөз қозғағанда айтпай кетуге болмайтын бір жай, қазақтың қабырғалы қаламгері, жерлесіміз Ғабит Мүсірепов елге келген сайын өңірді аралағанда, Амандық Мырзахметұлын ертіп алушы еді. Ол осылай Ғабеңмен ғана емес, ол кісіге еріп жүрген айтулы тұлғалар, ақындар Сырбай Мәуленовпен, Ғафу Қайырбековпен, жазушы Сәкен Жүнісовпен, қоғам қайраткері Мақсұтжан Әубәкіровпен, белгілі композитор Жоламан Тұрсынбаевпен және басқаларымен араласты, дәмдес болды. Ең бастысы кейін сол жол-сапарлардан кесек-кесек мақалалар жазып, оқырмандарға тың деректер ұсынды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне ойыссам, Амандық Мырзахметұлы елге, халыққа адал қызмет етті, өз ортасына, ағайын-туғанға сыйлы болды. Еңбегі еш кеткен жоқ, көзі тірісінде Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисі атанды, бірнеше медальдармен марапатталды.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.