Өңір кәсіпкерлері экологиялық таза брикеттер жасап шығару үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының арнайы грантына ие болды. Бұл грант кәсібін табысты жүзеге асырып отырған бизнес өкілдеріне беріледі.
“Asia Wood’s” серіктестігі мен “Жақыпов” шаруа қожалығы алдағы уақытта биомассадан брикеттер жасап шығару жұмысын қолға алмақ. Яғни, олар ауыл шаруашылығы мен ағаш өңдеу қалдықтарын пайдалана отырып, отын брикеттерін шығаруды жоспарлап отыр. Өндірістік желілер іске қосылғаннан кейін кәсіпкерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына отын брикеттерін тегін таратады. БҰҰ гранттары қажетті жабдықты сатып алу және орнату шығындарын ішінара өтеуге септеспек.
БҰҰ-ның бұл бастамасы көмірдің орнына неғұрлым таза, баламалы отын түрлерін пайдалану ісін жеделдетуге бағытталған. Бастама сонымен қатар, гендерлік аспектіге ие және әйелдердің энергия ресурстарына қолжетімділігін жақсартуды, сондай-ақ олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. “Әйелдердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі маңызды рөліне қарамастан, олар климаттық саясат пен белсенді бастамалардың көбінен шет қалуда. Барлық деңгейдегі климаттың өзгеруіне қарсы күресте әйелдердің рөлі зор. Олардың қатысуынсыз әділ энергетикалық жүйеге ауысуға қол жеткізу мүмкін емес”, – деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰ тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.
Қазақстанда жыл сайын коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге шамамен 11,3 миллион тонна көмір пайдаланылады. Қатты отынды пайдалану ауыр металдар мен парниктік газдардың ауаға таралуына себеп. Отын брикеттеріне ауысу бұл шығарындыларды едәуір азайтады. Ауыл шаруашылығы қалдықтарын биомасса ретінде пайдалану – жылумен қамтамасыз етудің балама технологиясы. Биомассаның бірнеше артықшылығы бар: жану кезінде зиянды заттар бөлінбейді, іс жүзінде түтін болмайды және көмірмен салыстырғанда күлдің пайызы айтарлықтай төмен. Дәнді дақылдардың сабаны, сондай-ақ ағаш қалдықтарының базасы қалыптасқанын айта кеткен жөн.
“Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында ауыл шаруашылығы саласының бір тармағы саналатын ағаш өңдеу қалдықтарының жеткілікті көлемі бар. Отын брикеттерін жасап шығару әлеуметтік және экологиялық жағынан өте тиімді”, – деп атап өтті “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры Еркен Наурызбеков.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.