«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Cуармалы егіс пайдалы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік коммуникациялар қыз­метінде өткен кезекті баспасөз мәс­лихатында Айыртау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз болды. Аудан әкімі Ерболат Бек­шенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары” Жолдауында айтылған бастамаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстарды жіпке тізгендей баяндады.

Ауданның әлеуетін көтеретін негізгі бағыттардың бірі – ауыл ша­руашылығы өнімдерін өндіру, инфра­құрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін инвестиция тарту және халықтың табысын арттыру аса маңызды. Өткен он айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 15,1 млрд. теңге болды. Бұл өткен жылдың сәйкес мер­зі­міндегі көрсеткішпен салыстырғанда 8,3 пайызға жоғары. Ал жеке­меншік инвестиция көлемі 13,2 млрд. теңгені құрады.

– Қазіргі таңда аудандағы орта­ша еңбекақы көлемі өткен жылдың сәйкес мерзіміндегімен салыстырғанда 22,6 пайызға өсті. Яғни өткен жылы аудан бойынша орташа еңбекақы көлемі 203538 теңге болса, биылғы өткен он айда 249566 теңгеге жетті, – деді аудан әкімі Ерболат Бекшенов.

Біздің өңірде тұрғындардың дені ауыл шаруашылығы саласында ең­бек ететіні белгілі. Айыртау ауданын­да өткен он айда аталған салада өндірілген жалпы өнім көлемі 73,5 млрд. теңгеге жетті. Ал өткен жылы бұл көр­сеткіш 95,5 млрд. теңге болған екен. Жалпы өнім көлемінің төмендеуі – биылғы орақ науқаны кезіндегі қолайсыз ауа райының салдары.

– Егістіктің өнімділігін арттыру үшін 265 мың гектарға 17 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірілді. Үстіміздегі жылы 5,8 млрд. теңгеге 263 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Осының нәтижесінде машина-трактор паркін жаңарту үлесі 6,2 пайызды құрады, – деген Ерболат Бекшенов соңғы жыл­дары өңір диқандарын діңкелетіп отырған құрғақшылық салдарына да тоқталды.

Қазіргі таңда жауын-шашынды тосқаннан гөрі ылғалды үнемдеу өзектілене түскен. Осы ретте аудан диқандары су үнемдеу технология­сын қолдануға әдістенген. Ауданда­ғы “Агро Елецкое” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылы суару жүйесін салу бойынша құры­лысты қолға алған. Жобаның құны – 1 млрд. теңге. Белсенді диқандардың арқасында алдағы екі жылда суармалы егістік алқабының көлемін 1093 гектарға дейін көбейтіп, онда картоп және көкөніс өсіру жоспар­ланған.

Жерді емген диқандар өнімді мол алуға тырысып жатса, мал шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқандардың да өз жоспары бар. Бүгінгі таңда олар ұсақ мал өсіруге ден қойған. Жекеменшік ин­вестиция мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде асыл тұқымды ұсақ малдардың саны артқан. Мәселен, Айыртау ауылындағы “Айыртау Групп” шаруашылығы 1800 бас асыл тұқымды қой сатып алды.

Ауданда әр салада осындай жүйелі жұмыстар атқарылып жат­қанын тілге тиек еткен Ерболат Бекшенов алдағы уақытта жүзеге асырылар жобаларды да таныстырды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp