«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДАН АЛДАМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыстық мәслихат депутаттарының алдында есеп берді. Облыстың биылғы 10 айдағы даму қорытындыларын баяндап, алдағы уақытта атқарылатын шаруаларға тоқталды.

Облыс әкімі депутаттарды ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп сала­ларында жүзеге асып жатқан жоба­лардан хабардар етті. “2023 жылы облыс бюджеті 420 млрд. теңгеден 499 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Қаржының негізгі көлемі әлеуметтік нысандарды салуға, жолдарды жөн­деуге, инженерлік инфрақұры­лым­ды дамытуға және сумен жабдық­тауға бағытталды. Жергілікті өзін-өзі басқару дербес бюджетке көшкен­діктен ауылдардың қаржылық және экономикалық мүмкіндіктері кеңей­ді”, – деп атап өтті Ғауез Нұрмұ­хам­бетов.

Өңір басшысы тұрғын үй құры­лысы, инфрақұрылымды дамыту, жолдар мен су желілерін жөндеу бойынша атқарылып жатқан жұмыс­тарға назар аударды. Ауыл шаруа­шылығы өңір экномикасының күре­тамыры саналады. “Биыл солтүстік­қазақстандық диқандар егін жинау науқанын ауа райының қолайсыз жағдайында жүргізді, бұл астықтың сапасы мен көлеміне әсер етті. Со­ған қарамастан, облыс диқандары гектарынан 11,1 центнер өнім алды. Бұл – басқа аграрлық өңірлер ара­сында ең жоғары көрсеткіш”,– деді өз баяндамасында. 

Ауа райының қолайсыздығына байланысты биыл ауыл шаруашы­лығы саласында өнім көрсеткіші біршама төмендеп, нақты көлем 84,9 пайызды құраған.

Қалған салаларда оң динамика сақталып отыр. Мәселен, өнеркәсіп­тегі өсім – 113, құрылыста – 122, тұр­ғын үйді пайдалануға беруде – 112,  инвестиция тартуда – 120,3  пайыз­ды құрайды. Биыл облысымызда 10400 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылған. Ғауез Торсанұлы халық­тың сұранысын ескере отырып бюджетті тиімді жоспарлауға және пайдалануға мүмкіндік берілсе, бұл да өз кезегінде адамдардың өмір сүру жағдайының және елді ме­кендер ажарының айшықтала тү­суіне септесетінін тілге тиек етті.

“2023 жылға арналған 4-ші дең­гейдегі бюджет көлемі 21 млрд. теңгені құрады. Салық түсімдерінің көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайды. Ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамуда. 10 айдың қорытындысы бойынша бұл салада­ғы жалпы өнім көлемі 775 млрд. теңге деп бағаланып отыр”, – деген өңір басшысы биылғы күзгі орақ науқанында 3,7 млн. тонна астық қамбаға құйылғанын, майлы дақылдардың орташа өнімділігі 6,7 центнерден айналып, 458 мың тонна өнім жинал­ғанын айтты. Соңғы он айда ет өндірісі 2 пайызға (92,2 мың тонна), сүт өндірісі 3,4 пайызға (603 мың тонна) артқан, облыс бойынша 589 миллион жұмыртқа өндіріліпті. Өңір­де жылына 647,8 мың тонна сүт сауылады, бұл республикалық көрсеткіш көлемінің 10 пайызын құрайды.

Кездесуде Солтүстік Қазақстан облысының республика бойынша ауыл шаруашылығы саласын дамы­туға ең көп инвестиция тартқан өңір екені белгілі болды. Президенттің ет, сүт және астықты терең өңдеу, жылыжайлар салу жөніндегі тапсыр­масын орындау мақсатында облыс­та 27 жоба іске асырылуда.  Олар­дың қатарында құс фабрикалары, қой фермалары, көкөніс қоймасы және жылыжайлар бар. Осының арқасында өңір тұрғындарының құс етіне деген сұранысы (16,5 мың тонна), көкөністерге деген қажеттілігі (3 мың тонна) 100 пайызға қамтамасыз еті­леді деп жоспарлануда.

Өңірде шаруаларға “Сол­түстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­рациясы” арқылы жеңілдетілген несиелер берілуде. Мемлекеттік қолдаудың осы құралын Президент халыққа арнаған биылғы Жолдауында атап өтті. Бүгінгі таңда қанатқақты жобаны республика бойынша жүзеге асыру қолға алын­ды. Қазір облыс бойынша 12 мың басқа арналған 13 сүт фермасы са­лынуда. Оның алтауы жыл соңына дейін ашылады деп жоспарланған.

Аграрлық саламен қатар, об­лыстағы өнеркәсіпті дамытуға да басты назар аударылып отыр. Бұл туралы облыс басшысы өз баян­дамасында: “Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 80 пайыздан асады.Саланың даму қарқынын сақтау және көлемін ұлғайту үшін өңірде 2026 жылға дейін 6 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, 469 млрд. теңгеге 39 инвестициялық жобаның пулы іске қосылмақ.  Үстіміздегі жылы жалпы сомасы 56 млрд. теңгеге 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру жос­парланған. Оның бесеуі бүгінде сәтті жұмыс істеуде, қалған 10 жоба жыл соңына дейін іске қосылады”, ­– деді. 2024-2026 жылдары 5 мың жұмыс орнын құра отырып, 413 млрд. теңгеге 24 жобаны іске қосу жос­парланған. Осының нәтижесінде құрылыс материалдарымен өнер­кәсіп өнімдерінің импортқа тәуел­ділігін төмендету, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының ішкі нарығын дамыту жоспарда бар.

Тайынша ауданындағы Аймақ ауылында құрамажем және диірмен кешені зауытын салу жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың іске қосы­лу уақыты 2023 жылғы желтоқсанға жоспарланып отыр. Жоба іске қо­сылғанда сыртқы нарықтың қажетті­ліктерін жабу үшін құрамажемнің өнеркәсіптік өндірісі жолға қойыла­ды. Өнім Қытайға экспортталады.

Үстіміздегі жылы Германия мен Ресейдің “Казкран” инвесторлар тобы зауыт құрылысы бойынша жо­баны іске асыруға кіріскен болатын. Осыған тоқталған Ғауез Торсанұлы машина жасау, металлургия, энер­гетика және химия өнеркәсібі үшін көтергіш-көлік жабдықтарын, көпір крандарын және жүк қармау тетік­терін шығару жоспарланып отырғанын айтты. 

“Биыл 300 мың шаршы метр тұр­ғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Облыс орталығы қарқынды дамуда. “Жас өркен”, “Береке”, “Копай” және “Орталық” шағынаудандарының құры­лысы жалғасуда. Үстіміздегі жылы 24 көппәтерлі, оның ішінде Петропавлда 22 және аудан орта­лық­тарында 2 үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Көпқабатты үйлердің 8-і бюджет есебінен са­лынса, 16-сы коммерциялық ғи­ма­раттар. Нәтижесінде 5 мыңнан астам адамның тұрғын үй жағдайы жақсарады деп күтілуде. Келесі жылы 1 941 пәтерлік 26 үй салына­ды, оның 23-і Петропавлда орналас­пақ. Үш жыл ішінде шамамен 1 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспар­лануда”, – дейді облыс әкімі.

Өңір басшысы өз баяндама­сында облыстық бюджеттің үштен бір бөлігі (27,8 пайызы) білім сала­сына бағытталғанын айтып өтті. Үстіміздегі жылы қаржыландыру өт­кен жылмен салыстырғанда шамамен 19 пайызға ұлғайтылған. 4,4 млрд. теңгеге білім ордаларының ма­териалдық-техникалық базасы жа­ңартылып, 55 пәндік кабинет пай­далануға беріліпті. 29 автобус са­тып алынған. 4,3 млрд. теңгеге 48 нысанға күрделі жөндеу жүргізілген.

“2024 жылы Петропавлда 420 орындық 2 балабақша салу жоспар­ланып отыр. Ол жүзеге асса бала­лардың 95 пайызын мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуға мүмкіндік туады. Инфрақұ­ры­лымды жақсарту, жалпы білім беру процесіне қатысушыларға қолайлы жағдай жасау арқылы оқу сапасын арттыруды көздеудеміз. Өңірдің білім беруді дамыту деңгейі сыртқы бағалаумен расталады, оның бірі ҰБТ болып табылады. Соңғы 4 жыл ішінде ҰБТ тапсырушылардың орта­ша ұпайы 8,5 баллға артты, бұл рес­публикалық көрсеткіштен 5 баллға жоғары. Биылғы жылғы түлектердің 81,9 пайызы жоғары оқу орында­рына түскен”, – деді облыс әкімі.

Денсаулық сақтау саласын қар­жыландыру 48 пайызға ұлғайғанын айтқан Ғауез Торсанұлы: “Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлт­тық жобасы аясында өңірде 46 ме­дициналық мекеме салу жоспар­ланған. Оның ішінде 8 нысанның құ­рылысын жақында аяқтаймыз. Олар ­ – 5 дәрігерлік амбулатория, 2 фельд­шерлік-акушерлік пункт және 1 медициналық қосын. Келесі жылы қалған 38 нысанның құрылысы басталады. 480 орындық көпсалалы облыстық аурухана құрылысын бастау жоспарлануда. Санитарлық автокөлік паркі жаңартылуда. Ау­дандық ауруханаларға 14 санитар­лық көлік берілді. Тағы 19 көлік жақын күндері беріле­ді”, – дей келе әлі жетпістен астам емдеу мекемесі жаңартылуы қажет­тігін атап өтті.

Жиында облыс басшысы спорт саласындағы қол жеткізген жетістік­терге де тоқталып, алдағы уақытта байрақты бәсекелер жеңімпаздары қатарының көбейетініне сенім артты.

Бүгінде мәдениет саласы мемлекет тарапынан елеулі қолдауға ие.  Мәдени нысандарды салу және жөн­деу, сала қызметкерлерінің жалақы­сын көтеру, шығармашылық жоба­ларды және таланттарды қолдау жұмыстары жалғасын табуда. Үсті­міздегі жылы ауылдарда 6 мәдениет нысанын салу және қайта жөндеу жұмысына 752 млн. теңге қарастырылып отыр. 13 мәдениет нысанын күрделі жөндеуге 1 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген.

Облыс әкімі жол салу және ескі­лерін жаңартып, қалпына келтіру мә­селесін де тарқатып айтты.

“Алдымызда ұзындығы 8416 километр болатын жолды жөндеу міндеті тұр. 2 жыл ішінде 2 мың ша­қырымнан астам жол жөнделді. Егер 2020 жылы осы мақсаттарға 24,4 млрд. теңге бөлінсе, биыл бұл қар­жының көлемі 39,4 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Биыл 770 шақы­рым жол (олардың 148 шақырымы республикалық, 480 шақырымы жергілікті және 142 шақырымы кент­ішілік жолдар) жөнделді. Облыс ор­талығындағы ұзындығы 45,5 шақы­рым болатын 35 көшеге жөндеу жұ­мыстарын жүргізуге 8,8 млрд.теңге бөлінді”, – деді Ғауез Торсанұлы.

Халықтың өмір сүру сапасын сипаттайтын негізгі факторлардың бірі елді мекендерді коммуналдық инфрақұрылыммен, оның ішінде ауызсумен қамтамасыз ету болып табылады. Биыл сумен жабдықтау жүйесін жақсартуға бөлінген қаржы 1,7 есеге ұлғайыпты. Облыста халық­тың 85 пайызы таза ауызсумен қамтамасыз етілген.

Жиын соңында депутаттар жы­лыту маусымы, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салу және көлік инфрақұрылымының жұ­мысы мен тағы басқа да әлеуметтік мәселелерге қатысты сұрақтар қойып,  нақты жауап алды.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp