«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛІ ЖАРЫҚСЫЗ ОТЫРҒАНДАР БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен аптада өңірде қарлы дауыл салдарынан электр же­лі­лері үзіліп, бағандардың сынуына бай­ланысты об­лыстың 183 ауылы жарық­сыз қалған.

“Солтүстік Қазақстан электр та­рату компаниясы” акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, жөндеу жұмыста­рына барлығы 46 апаттық бригада мен 180-нен астам техника жұмыл­дырылған. Алайда жарық толық бе­рілген жоқ. 16 ауылдың тұрғындары, яғни, 1175 абонент әлі күнге дейін жарықсыз отыр.

“Жөндеу жұмыстары Аққайың, Есіл және Мағжан Жұмабаев аудан­дарында жалғасуда. Ауа райының қо­лайсыздығына қарамастан дәл қазір 55 техника мен 41 маман қа­лыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр”, – де­лінген кәсіпорын таратқан мәлімет­те.

Қазіргі таңда арнайы бригада­лар ауа райының қолайсыздығынан кел­ген залалды анықтап, жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізуде. Ең күрделі жағ­дай Мағжан Жұмабаев ауданын­да орын алған. Мамандар “ПТЭЦ-2-Булаево-нефть” бағытындағы ВЛ-110кВ желісін жөндеуге жұмылды­рылған.

– Маңызды әлеуметтік нысандар бі­рінші кезекте резервтік қуатпен қам­тамасыз етілді. Электр қуаты бірте-бірте қалпына келтірілуде. Қатты бо­ран салдарынан электр же­лі­лері үзі­ліп, кейбір жерлерде тірек­тер құлаған. Салдарынан аудан толығымен электр қуатынсыз қалды. Бұл жағ­дай біздің бақылауымызда. Бар­лық елді мекеннің жа­рықпен қамта­масыз етілуін қадаға­лайтын бола­мыз, – деді облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукин.

Қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатқанымен облыстың бірнеше ауданында әлі де болса жарықсыз қалған елді мекендер бар.  Бес тәуліктен бері тас қараңғыда отырған тұрғындарға жарық қашан берілетіні белгісіз. 

Ауылдарды электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесін облыс басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов депутаттар алдында берген есебінде атап өтті.

– Барлық қызметтерді біріктірген арнайы штаб жұмыс істеуде. Әлеуметтік нысандар бақылауға алынып, үздіксіз жылу беру үшін қосымша электр көзімен қамтылды. Мағжан Жұмабаев ауданы жарықсыз қалып, ондағы ауылдарды уақытша Ресей арқылы және Ақмола облысынан электр қуатымен қамтамасыз еттік. Қазір “Севказэнерго” және “Көкшетау энерго” кәсіпорындарының жөндеу бригадалары өңірдегі 40 ауылда жұмыс жүргізуде. Бұл мәселе жеке бақылауымда, – деді облыс басшысы.

Жасыратын жоқ, өңірдегі электр желісінің 90 пайызы тозған. Ескі дүниені қанша жамап-жасқағанмен, ұзаққа шыдамасы белгілі. Облысымызда электр қуатының тапшылығы бүгін пайда болған өзекті мәселе емес.  Мұндай жағдай соңғы уақытта жиі қайталануда.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp