Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда төрт мәселе қаралды. Соның бірі Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы – Булаево қаласының әкіміне қатысты тәртіптік іс.
Белгілі болғандай, үстіміздегі жылдың ақпан айында Булаево қаласының әкімі мердігермен конкурстық рәсімдерден тыс бір көзден 29 млн. теңгеден астам сомаға қар шығару бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасасқаны анықталған. Және нақты орындалмаған жұмыс көлемі үшін бюджет қаражатын заңсыз алған. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тәртіптік істің мән-жайына қаныққаннан кейін әкімге “қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту” түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.
Ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің басшысы Жорабек Дәуренов өзі басшылық етіп отырған мекемеде қызметтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі шаралар, теріс қылықтар мен қызметтік әдеп нормаларын бұзушылық жайында баяндады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер қызметтік әдеп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын сақтау үшін қабылданған шараларға да тоқталды.
Ал облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Ермек Нұсұрбаев сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындылары туралы баяндады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әзірлеген ұсынымдардың орындалғанын айтты.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті мемлекеттік қызметшілер арасында басшының әдебіне қанағаттану деңгейін, сондай-ақ ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды зерделеу үшін тұрақты негізде сауалнама жүргізеді. Департаменттің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Абзал Оразымбетовтің айтуынша, сауалнама жүргізілген 11 мемлекеттік органның үшеуінде мамандар ұжымдағы қолайсыз моральдық-психологиялық ахуал туралы айтқан.
Қаралған барлық мәселелер бойынша Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік қызмет саласындағы нормалардың бұзылуына жол бермеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу бойынша бірқатар ұсынымдар әзірледі.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.