Алаштың ардақтысы, ақиық ақын Мағжан Жұмабаев өміршең туындылары арқылы қазақ балалар әдебиетінің іргесін қаласуға қомақты үлес қосты. Ол – қазақ баласын тәрбиелеуде күні бүгінге дейін мұғалім қауымы, барша жұртшылық үшін таптырмайтын шығармалардың авторы. Ақын көзі тірісінде балаларға арнап арнайы ғылыми еңбектер, оқулық, әдістемелік құралдар жазды. Ақтық демі біткенге дейін ұлтым деп өткен ақынның балаларға арналған туындылары терең зерттеуді қажет етеді. Қазақ балалар кітапханасын байытқан туындыларды бір кітапқа топтастырып, оқырманның назарына ұсыну – бүгінгі күннің негізгі міндеттерінің бірі деп білеміз.
Қазақтың белгілі зерттеушісі, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың бірқатар ғылыми еңбектері мен мақалалары Алаш арысының балалар әдебиеті төңірегіндегі туындыларына арналған. Оларды оқып отырып жерлес ақынның қазақ әдебиетінің маңызды салаларының біріне кеңінен қалам тартқанын аңғаруға болады. Жазушының Мағжан Жұмабаев ресми ақталған 1989 жылы “Семей таңы” газетіне ақынның шығармашылығына арналған көлемді мақаласы жарыққа шықты. Бұл туындысында Абай Құнанбаевтың шығармаларын зерттегені үшін қуғын-сүргінге ұшыраған, Мұхтар Әуезовтің шәкірті, зерделі ғалым-филолог Қайым Мұхамедханов Мағжан шығармаларының сан қырлылығын нақты дәлелдермен, кестелі тіркестермен сипаттап, ақынның адамгершілік қасиеттерін жоғары бағалаған. Ақынның атына қаратыла айтылған жалалардың жөнсіздігін жеткізіп, оның шығармаларына оң баға береді.
Қайым Мұхамедханов Мағжан Жұмабаевтың “Тәрбие, білім, әдебиет жайындағы мақалалардан терме, №1. Ташкент, 1925” шығармасына сілтеме жасай отырып, бастауыш сынып оқушыларына арналған өлеңдерін ерекше атап өткен. 1925 жылы жарық көрген “Балаларға базарлық” топтамасына Мағжан Жұмабаевтың “Ата, бата”, “Ақ қала”, “Сылдырмақ”, “Сұр құлын”, “Сал-сал білек, сал білек”, “Ана” сияқты өлеңдері енген. Газеттің көлемі шағын болғандықтан автор өз мақаласында ақынның балаларға арналған өлеңдері хақында бір-екі сөйлеммен ой түйген.
Мағжан Жұмабаевтың 1989 жылдың соңында шыққан шығармалар жинағында оны құрастырушылар Хамза Абдуллин мен Батырхан Дәрімбетов ақынның “Сылдырмақ” пен “Ана” өлеңдерінің қашан жазылғаны белгісіз екенін атап өткен. Сондай-ақ олар “Ақ қала”, “Ата-бата” және “Сал-сал білек, сал білек” өлеңдерінің 1927 жылғы жинақтан алынғанын айтқан. Бұл томда балаларға арналған шығармалар “Өлеңдер топтамасына біріктірілген. Ардақты тұлғаның бұл өлеңдерінің қай жылдары жазылғаны белгісіз, сондықтан авторларға кітапханалардағы көне газеттер мен кітаптарды ақтаруға тура келген.
Қайым Мұхамедханов – Мағжан ақынның балаларға арналған өлеңдерінің 1925 жылы жарық көргені туралы қалам тартқан тұңғыш ғалым-әдебиетші. Ол 2004 жылы қайтыс болған соң Мағжанның балаларға арналған шығармалары толығымен зерттелген жоқ.
Мағжан Жұмабаев – ұлтжанды ақын. Ол қамшының сабындай қысқа ғұмырын қазақ елінің азаттығына, төл әдебиетінің өрістеуіне арнады. Қазақ балаларының сауатты болуын, оқу оқығанын, өркениетке құлаш сермеуін қалады. Ақынның балаларға арнаған шығармаларының негізгі мақсаты – осы. Алаштың асыл перзенті мұғалімдік қызметті жан-тәнімен сүйіп атқарған. Қазақстанда сауатсыздықты жою ісінде Мағжан ақын жазған әлденеше рет ондаған мың таралыммен басылған “Сауатты бол” оқулығы шешуші орын алды десек, қателеспейміз. Бұл кітапты қазіргі жаңа Қазақстанның ұстаздары да бала оқыту, шәкірт тәрбиелеу ісіне ерекше ықыласпен пайдаланса құба-құп. Бұл кітап – бүгінгі ғалым мен шәкіртке, жазушы мен оқырманға бірдей пайдалы, қызғылықты да, құнды шығарма.
Туындыда ақын мен педагог тұлғасы тамаша үйлесім тапқан. Ақын бала дүниетанымын байытуға, жас өреннің жүрегіне имандылық, ізгілік, адамгершілік қасиеттерін егуге басымдық береді. Ауылдағы қазақ баласының қыстыгүні аққала соқпағаны аз. Осыны ескерген Мағжан ақын балалардың бұл ойынға деген қызығушылығын әсерлі сөзбен жеткізе отырып, еңбек тақырыбын көтереді. “Балалар ауыл арасындағы күртік қардан аққала соғады. Қардан үйдің төрт бұрышын шығарып, терезе қойып, мәре-сәре болады. Беттері бүлдіргендей қызарып, күліп, таласып жүріп, асыр салып ойнайды. Және де бала нені көрсе содан ойын шығарады ғой. Шыбықты ат қып мінеді, жарысады”, – деп сәбилерді жасынан еңбекке баулудың маңыздылығын жеткізеді.
Мағжан Жұмабаевтың поэзиясы – тұнық тазалығымен, өміршеңдігімен, асқақ арманымен, нәзіктігімен, сұлулығымен ерекшеленеді. Ол халқымыздың аса қымбат асыл мұрасы. Ал оның балаларға арналған поэзиясынан өзіндік өрнек табуға болады. Асыл тұлғаның өлеңдерін жіктеп, топтастыра отырып оқыту – нәтижелі жұмыстың алғашқы баспалдағы деп ойлаймыз. Ақынның бұл асыл қазынасы Мағжан Жұмабаев балалар әдебиетінің іргесін қалаушы жазушылардың бірі дегенге толықтай негіз болады.
Бүгіндері қазақтың ақиық ақынының шығармалары мыңдаған таралыммен жарық көруде және кез келген әдебиет сүйер қауымға қолжетімді. Астана қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының сирек кітаптар мен қолжазбалар ұлттық орталығында Мағжан Жұмабаевтың балаларға арналған өлеңдері сақталған. Оның бірі – жоғарыда атап өтілгендей “Тәрбие, білім, әдебиет жайындағы мақалалардан терме, №1. Ташкент, 1925” шығармасы. Бұл кітапта Мағжанның педагогикасы туралы тереңірек жазылған. Сонымен қатар Мамин-Сибиряктің “Ақ боз ат” повесін, Лев Толстойдың “Хажы-Мұрат” повесін тәжірмалаған Әлихан Бөкейхановтың еңбектеріне жоғары баға берілген. Абдулла Байтасовтың, Шамғали Сарыбаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Халел Досмұхамедовтің, Мұхамеджан Тынышпаевтың, Қошке Кемеңгеровтің қазақтың тарихи тұлғалары туралы очерктері, эпостар мен аңыздар, “Ер Едіге”, “Базар жырау”, “Жалаңтөс батыр” және басқа да шежірелер кітаптан орын алған.
Қазақ тілді оқырмандарға арналған бұл кітап қалай жарық көріп еді? 1925 жылы Ташкент қаласында Шығыс Қазақ мемлекеттік баспасы (қысқаша “Восток Казгосиздат”) жұмыс істеген. Осы шаһарда әдістемелік жинақтар, қазақ ақын-жазушыларының әдеби және педагогикалық мақалалары жиі шығарылып тұрған. Қайым Мұхамедханов сілтеме жасаған кітапта Мағжан Жұмабаевтың “Балаларға базарлығым” жалпы атауымен балаларға арналған өлеңдерінің топтамасы жарияланған. Кітап араб графикасымен (төте жазу) шыққан.
1924 жылы Мәскеу қаласында тұрған Мағжан Жұмабаев орыс жазушысы Максим Горькийдің повестері мен әңгімелерін қазақ тіліне аударған. Бұл кітап сол кездегі көп таралым – төрт мың дана болып (Максим Горький. “Сұңқар жыры”. Аударушы: Жұмабаев Мағжан. Мәскеу, 1924) баспа бетін көрген. Бұл кітапқа Максим Горькийдің “Сұңқар жыры”, “Жұртын сүйген жүрек”, “Ана”, “Темірді жұмсатқан ана”, “Хан мен ұлы” сияқты туындылары кірген. Белгілі Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов “Аударма ұғымды, сұлу жазылған. Тілінде кемдік жоқ”, – деп Мағжанның тәжірмесіне жоғары баға берген.
Мен бұл мақаламда біздің өңірге қатысты бір фактіге тоқтала кетуді жөн көрдім. 1925 жылғы “Терме” кітабының “Халық әдебиеті” бөлімінде “Сексеннің Тоқсанмен билікке таласқаны” шағын мақаласы жарық көрген. Бұл мақаланы жазған және оны Ташкентке жолдаған Ахмет Жанталыұлы. Ол өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының орта тұсында ауыл тілшісі ретінде Ташкентте шығатын “Ақ жол” газетіне елдегі жағдай туралы мақалалар жариялап тұрған. Ахмет Жанталыұлы Троицк қаласында білім алған соң туған еліне оралып, Ақмола облысының Петропавл уезінде (қазіргі Жамбыл ауданы) қазақ ауылында мектеп ашқан. Оны 1909 жылы ауылда мектеп ашқан Абылай Рамазанов жақсы білген. Ахмет Жанталыұлы ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтаумен, өлкетану ісімен айналысқан, белгілі адамдар мен билер туралы мақалалар жазған. Алайда қуғын-сүргінге ұшырап, Петропавлдағы түрмеде отырған.
Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясына өзіндік жаңашылдығымен тыңнан түрен салған қаламгер. Ол қазақ лирикасына сыңғырлаған нәзік әуез нәрін құйып, ұлттық рухты ұлттық сезімнен қуат алған өзгеше үнмен жырлады. Мағжан – ұлтымыздың мақтанышы, халқымыздың бағына туған жарық жұлдызы. Мағжандай ақынның өлеңдерімен сусындап өскен ұрпақ – бақытты ұрпақ. Сондықтан еліміздің барлық мұғалімдері, мектеп оқушылары ақынның балаларға арнаған туындыларын оқуға тиіс.
Гүлнәр МҰҚАНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты.