Қыстың алғашқы айы басталмай жатып, тұрғындардың арыз-шағымы көбейді. Облыс орталығындағы кейбір тұрғын үйлер әлі күнге дейін жылусыз, ыстық сусыз отыр. Ғабит Мүсірепов көшесі, 11 “В” мекенжайындағы көпқабатты үй үстіміздегі жылы ғана қолданысқа берілген. Алайда жөндеу жұмыстары толық бітпеген көрінеді. Тұрғындар мәселені мердігерге жеткізгенімен, жауапты тұлғалар оны шешуге құлшыныс танытпаған.
Енді тұрғындар суық пен сыздың салдарынан әрленген қабырғалар кеппей, сылағы түсіп қала ма деп уайымдап отыр.
– Бұл үйге тамыз айының соңында көшіп келдім. Әлі күнге дейін жылу берілмеді. Себебін де біле алмай отырмыз. Мердігермен осы мәселе бойынша сөйлесуге тырыстық. Ол бізді тыңдамады. Материалдардың барлығы бүлініп жатыр, – дейді қала тұрғыны Андрей Костыльников.
Сырты бүтін, іші түтін су жаңа үйдің мердігері – “TAMILA INVEST” серіктестігі. Оның басшысы Марат Жакетов мәселенің бәрі Назарбаев көшесіндегі құбырда деген сылтау айтты.
– Назарбаев көшесінде алты подъезден тұратын №183 үй бар. Ескі панельді үйдің тұрғындары да үйіміз суық деген мәселе көтерді. Біз желіні ауыстыру арқылы түйткілді шештік. Құрылысқа 15 млн. теңге жұмсалды. Алайда жаңадан орнатылған құбыр Ғабит Мүсірепов көшесіндегі үйге жетпейді. Осының салдарынан жылу жоқ, – дейді Марат Жакетов.
Облыс орталығы көркейіп, дамып келе жатқаныменен, осындай жауапсыз мердігерлердің мардымсыз жұмысынан қиналып жатқан тұрғындар саны көп. Қазір тұрғындар электр пешін қосып, жан бағып отыр. Ал ай сайынғы коммуналдық шығын тағы да тұрғындарды әбігерге салары анық.
Мердігер бұл өрескел қателіктерді жоюға уәде бергеніменен жөндеу жұмыстары қашан басталатыны әлі белгісіз. Құбыр тартылғанша жаз шыға ма деген күмән басым.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.