«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫСТЫҢ КӨЗІ ҚЫРАУДА ЖЫЛУСЫЗ ҚАЛҒАН ОҢАЙ МА?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қыстың алғашқы айы басталмай жатып, тұрғындардың арыз-шағымы көбейді. Облыс орталығындағы кей­бір тұрғын үйлер әлі күнге дейін жы­лусыз, ыстық сусыз отыр. Ғабит Мү­сірепов көшесі, 11 “В” мекенжайын­дағы көпқабатты үй үстіміздегі жылы ғана қолданысқа берілген. Алайда жөндеу жұмыстары толық бітпеген көрінеді. Тұрғындар мәселені мер­дігерге жеткізгенімен, жауапты тұл­ғалар оны шешуге құлшыныс таныт­паған.

Енді тұрғындар суық пен сыздың салдарынан әрленген қабырғалар кеппей, сылағы түсіп қала ма деп уайымдап отыр.

– Бұл үйге тамыз айының со­ңында көшіп келдім. Әлі күнге дейін жылу берілмеді. Себебін де біле ал­май отырмыз. Мердігермен осы мә­селе бойынша сөйлесуге тырыстық. Ол бізді тыңдамады. Материалдардың барлығы бүлініп жатыр, – дейді қала тұрғыны Андрей Костыльников.

Сырты бүтін, іші түтін су жаңа үйдің мердігері – “TAMILA INVEST” серіктестігі. Оның басшысы Марат Жакетов мәселенің бәрі Назарбаев көшесіндегі құбырда деген сылтау айтты.

– Назарбаев көшесінде алты подъезден тұратын №183 үй бар. Ескі панельді үйдің тұрғындары да үйіміз суық деген мәселе көтерді. Біз желіні ауыстыру арқылы түйткілді шештік. Құрылысқа 15 млн. теңге жұмсалды. Алайда жаңадан орнатылған құбыр Ғабит Мүсірепов көшесін­дегі үйге жетпейді. Осының салда­ры­нан жылу жоқ, – дейді Марат Жакетов.

Облыс орталығы көркейіп, да­мып келе жатқаныменен, осындай жауапсыз мердігерлердің мардым­сыз жұмысынан қиналып жатқан тұрғындар саны көп. Қазір тұрғын­дар электр пешін қосып, жан бағып отыр. Ал ай сайынғы коммуналдық шығын тағы да тұрғындарды әбігер­ге салары анық.

Мердігер бұл өрескел қателік­терді жоюға уәде бергеніменен жөн­деу жұмыстары қашан басталатыны әлі белгісіз. Құбыр тартылғанша жаз шыға ма деген күмән басым.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp