«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жұлдызы жанған Жансая!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің мұрындық болуымен өнер саласындағы шығармашылық жетістіктерді анықтау, балалар музыкалық және мамандандырылған мектептерінің, өнер мектептерінің, сондай-ақ басқа да қосымша білім беру мекемелерінің оқушылары арасында дарынды жастардың кәсіби шеберлігін жетілдіру мақсатында “Astana-Merey” XIX халықаралық байқауы өткізілді.

Аталған додаға республикамыздың әр өңірінен тек арнайы мектептерде білім алған, өнер әлемінде оң-солын таныған жас дарындар ғана қатыстырылды. Біз бұл байқауға “Мерей” өнер мектебі қобыз сыныбының оқушысы Жансая Серікпайды үкілеп қостық.

Жалпы байқауда 800-ге жуық оқушы бағын сынады. Біздің кішкентай жұлдызымыз “Прима-қобыз” номинациясы бойынша қатысып, халық әні “Ақдариға” (Өңдеген С.Жүсіпова), П.Чайковскийдің “Неополитанская песенка” шығармаларын орындап, 1 орынды жеңіп алды. Осы топта Қазақстанның Атырау, Қарағанды, Астана, Қостанай қалаларынан жалпы саны 14 оқушы өнер көрсетті. Қолынан қобызы түспейтін қаршадай ғана қызымыздың жетістігі Қызылжардағы өнер мектептерінің беделін өсіріп, абыройын асырды. Небәрі 9 жасында халықаралық доданың бірінші орынын еншілеген шәкіртіміздің алдағы уақытта да талай биіктерді бағындырарына сенеміз.

“Бұлақ көрсең, көзін аш” дегендей, жеңімпазды тәрбиелеген ұстазы Назгүл Маштақованың да алдына келген баланың бетін қақпай, өнер әлеміне жол ашатын, алғаш болып қобыз аспабының үнін көкке көтеріп, көпке жеткізген, әдіс-тәсілдерді жете меңгерген, тәжірибесі мол ұстаз екенін атап өткен жөн. Шәкіртіміздің осынау айтулы жеңісіне өз үлесін қосқан концертмейстер Мария Дедова-Сальникованың да еңбегі зор.

Әлия СЕҢКІБАЕВА,

“Мерей” өнер мектебінің директоры.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp