Биыл Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің құрылғанына 100 жыл толды. Құнды деректердің мол қоры сақталған бұл мекемеде облыстың, еліміздің тарихы қатталған. Архивистер тарихи құндылықтарды түгендеп, оның қорын жылдан-жылға молайтуды басты міндеттері санайды. Осы бір “инемен құдық қазғандай” істің басы-қасында архив директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, “Құрмет” орденінің иегері Сәуле Мәлікова жүр. Оқырман назарына Сәуле Зейноллақызымен сұхбатты ұсынып отырмыз.
– Сәуле Зейноллақызы, бір ғасырлық тарихы бар архивтің өткеніне қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің тарихы елдің тарихымен тығыз байланысты. 1917 жылғы аумалы-төкпелі кезеңде большевиктер өз үкіметін орнатты, осы жылдың аяғында қазақ комитеттері бірлесіп, Алаш орданы құрды.
Азамат соғысы жылдары біздің Петропавлда большевиктердің билігі құлаған. Сонда екі жылдай Алаш қайраткерлері, Алаш орда өз комитеттерімен және Сібір уақытша үкіметімен бірге басқарған болатын. Осы оқиға аяқталғаннан кейін, 1920 жылы Қазақ автономиялық Республикасын құру жөнінде Мәскеудің, Лениннің тікелей қатысуымен жаңа автономиялық республика орнады. Бұл кезде Петропавл Сібір үкіметінің қол астында болды. Тек 1921 жылдың сәуір айында ғана біз Ақмола губерниясы, орталығы Петропавл, болып Қаз АССР-дің құрамына кірдік. Жаңа құрылған үкіметтің, мемлекеттік органдардың әр уақытта жүргізіп отырған іс-қағаздары ведомстволық архивтерде сақталды. Кейін Ақмола губерниялық атқару комитеті басқа губерниялар сияқты орталықтандырылған архив құру жөнінде шешім қабылдайды. Жеке мекеме, кәсіпорындар мен ұйымдардағы құжаттар бір жерде сақталатын болды.
Ақмола губерниясы атқару комитетінің архив бюросын құру жөніндегі шешімінде архив саласының негізгі міндеттері айтылған. Олардың негізгілері мыналар: құжаттарды жинақтау, сақтау және пайдалану.
Осы үш негізгі мақсатты біз 100 жыл бойы жүзеге асырып келе жатырмыз. Уақыттың өтуіне, өлкенің әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуына байланысты архивтің міндеттері мен бағыттары сақталса да, мазмұны күрделеніп, толығып отыр.
1998 жылы архив құжаттары жөнінде арнайы “Ұлттық архив қоры және архивтер туралы” Заң қабылданды. Оған биыл 25 жыл толды. Ұлттық архив қорына кіретін құжаттар тұрақты сақталып, халқымыздың құжаттық жады болып саналады. Ал оны сақтау үшін арнайы жағдайлар жасалған. Бұл – арнайы ғимараттардың салынуы, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі, архив қоймаларында бірқалыпты температуралық-ылғалды режімнің болуы, өшіп бара жатқан құжаттарды реставрация жасап, қалпына келтіру.
– Заман бір орында тұрмайды, үнемі даму үстінде, сіздер өз жұмыстарыңызға қандай жаңашылдықтарды енгізіп жатырсыздар?
– Үстіміздегі жылғы қазан айының ортасында Орынбор қаласында Ресей мұрағатшыларымен кездестік, ондағы мақсат – өзіміздің архив саласындағы жетістіктерімізбен бөлісіп, пікір алмасу және құжаттарды пайдалануда бірге ғылыми басылымдар дайындау. Кездесу барысында ортақ тарихымызға байланысты ашаршылық жылдары, екінші дүниежүзілік соғыс, тың игеру жайындағы құжаттар жинағын шығару мәселесі қаралып, оң шешімін тапты.
Архивті сандық форматқа көшіру ісінде Қазақстан мұрағатшылары алда келеді. Ресейліктер бізден үйренетін жақтары бар екенін айтып, жұмысымызға оң баға берді.
Бізде де сандық форматқа көшіру жоспары бар, оны министрлік бекіткен. Қазіргі уақытта облыс архивінде 1 млн. 800 мың құжат сақталса, соның 5,4 пайызы, яғни 94 мыңы цифрлық форматқа көшірілді. Бұл алдымен зерттеушілерге жедел көмек беруге ыңғайлы. Екіншіден, адамдар әртүрлі, олардың бірі архив құжаттарын ұқыптылықпен пайдаланса, енді бірі қалай болса солай қолдануы мүмкін. Ал қазір сұрағандарға электронды форматын береміз. Ең негізгісі – халықтың сұрауына байланысты біз құжатты жедел тауып аламыз. Сандық форматқа көшудің оң тұстары көп.
Бұрын архивке белгілі бір құжатты сұрап келген адам алдымен өтініш жазатын, кейін сол бойынша мамандар қоймаға барып, іздеп тауып әкелетін. Оған біраз уақыт керек еді. Ал қазір базадағы деректерді пайдаланып, жедел жауап береміз. Көпшілік қызығушылық тудыратын тарихқа байланысты құжаттарды өзіміздің ресми сайтымызға орналастырдық. Ол – көп жылғы жұмыстың нәтижесі. Мәселен, “Есімдері мәңгі жадымызда” деген жобамызда екінші дүниежүзілік соғысқа облыстан аттанған 80 мыңнан астам адамның есімі енгізілген. Мысалы, Ыбыраев деп терсем, барлық Ыбыраевтардың фамилиясы шығады. Қай жылы туған, қай жерден соғысқа аттанған, қай жерде соғысқан, қандай шенде болған, қай жылы мерт болған немесе хабарсыз кеткені жайлы мәліметтердің бәрі көрсетіледі.
Сайтта, сондай-ақ, өңірден шыққан Кеңес одағының батырлары туралы да ақпарат бар. Облыстан партизан қозғалысына қатысқандардың тізімін де қостық. Ол Беларусь архивінен алынды. Біздің мақтанышпен айтатын еңбегіміз – Харьков түбінде қаза болған 106 кавалериялық-атты дивизияның мүшелері. Ол жақында табылған құжаттармен толықты. Соғысқа барып, түрлі жағдайлармен тұтқынға түскен, тұтқыннан азат етілгеннен кейін фильтрациядан өткен, кейін елге келіп, тұтқында болды деп қуғынға ұшыраған 4 мыңнан астам азаматтың тізімі де осында жарияланды. Жақын күндері сайтқа саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар туралы деректер орналастырылады. 8395 азамат – ақталғандар базасына енбек, біз оны жинақтадық. 2352-сі – атылғандар. Бұдан басқа әлі күнге дейін ақталмағандары да бар, олардың саны 14 мыңнан асады. Мұның бәрі – электронды форматқа көшірілген құжаттардың кішігірім ғана бөлігі.
– Қандай құжаттар бірінші кезекте сандық форматқа көшіріліп жатыр?
– Ең бірінші кезекте біз өте құнды құжаттарды сандық форматқа көшірдік. Ол өлкенің тарихына, жеке тұлғалардың өмірбаянына байланысты. Мысалы, алдаспан ақын Мағжан Жұмабаевтың өз қолымен толтырған анкетасы, ашаршылыққа қатысты 1922 жылы жазған есебі, ашаршылықпен күресті ұйымдастыру және көмек жинау мақсатымен мандат беріп, қаншама азаматты болыстарға жібергені жөнінде түпнұсқа құжаттар сақталған.
Одан кейін облыстық (қалалық) әкімдіктің шешімдері базаға енгізілді. Себебі бір ғана ұйымнан 30-дан астам сұрау түсті. Біз сұраныстарға жедел түрде жауап беру үшін жер, тұрғын үй кезегіне тұру мәселесіне қатысты, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты шыққан шешімдерді бірінші кезекте электронды базаға енгіздік. Қазіргі кезде тұрғындардан саяжай учаскелеріне және гараж кооперативтеріне қатысты сұраулар көп түсіп жатыр.
Бұдан бірнеше жыл бұрын қала көшелерінің атауларына, олардың шығу тарихына, елді мекендердің атауларына байланысты үлкен сұрау келіп түсті. Біз оларды қазақстандық реестрге енгізу мақсатында көп жұмыс атқардық. Ол жерде де жергілікті органдардың шешімдері қажет болды. Соны да электрондық базаға енгіздік, яғни қандай құжаттар көп сұранысқа ие, солар бірінші кезекте цифрландырылды.
– “Архив – 2025” бағдарламасы қабылданды. Еліміздегі барлық мұрағаттар осы жоба негізінде жұмыс істеуде. Нәтижесі бар ма?
– Біз шетелдерден еліміздің тарихына байланысты құжаттарды жинақтаудамыз. Биыл Алаш қайраткерлері жайында көп құжат табылып, әкелінді. Солардың бірі – Мағжан ақынның өміріне қатысты керемет түпнұсқа құжат биыл Мәскеуден арнайы сұратылды. Ол құжатта Мағжанның Мәскеуге кетуіне мәжбүр болып, сол жерде қол қусырып жай отырмай, Әдебиет және өнер институтында оқып, сонымен қатар Нәзір Төреқұлов директор болған “Шығыс” баспасында аудармашылық қызмет атқарғандығы жазылған. Баспа қызметкерлерінің тізімінде бірінші Әлихан Бөкейхан, одан кейін Мағжан Жұмабаев тұр. Олардың Лениннің жазбаларын, Максим Горькийдің “Буревестнигін”, Всеволод Ивановтың шығармаларын қазақ тіліне аударғаны жазылған.
Түпнұсқалардың бірі – Мағжанның күрделі кезеңде саяси қайраткерлігін растайтын 1918 жылы Петропавл уездік ІІ төтенше жиналысына қатысқаны туралы құжат. Күн тәртібінде Есіл (Ишим) уезінің Типлодубный болысы мен Тұқала (Тюкалинск) уезінің Правдинский болысын Петропавл уезіне қосу туралы мәселе қаралған екен. Ал екінші қаралған мәселе – Есеп комиссиясына кандидаттарды қосу және облыстық земствоның құрамына дауыс берушілерді сайлау бойынша болған. Уақытша Сібір үкіметінің өкілі Кузнецовтың сөйлеген сөзін Мағжан Жұмабаевтың қазақтар үшін түсінікті болу үшін қазақ тіліне аударып отырғаны хаттамада тайға таңба басқандай көрсетілген.
Архив қорында Алаштың ардақтысы, жерлесіміз Смағұл Сәдуақасовқа қатысты құнды құжат бар. Ол ағарту министрі болған кезеңде осы өлкеде қызмет еткен, ақын, “қызыл” комиссар болған Тверитин деген ақын “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” шығармасын орысшаға аударған. Смағұл Сәдуақасов министр ретінде келісімге отырып, ақынның қолжазбасын сатып алған.
Смағұл Сәдуақасовтың Қазақстан тарихындағы орны ерекше. Ардақты тұлғаның өмірі бүгінге дейін толық зерттелген жоқ. Оны бірінші қазақ экономисі, әдеби сыншысы деп айтуға болады. Тарихи тұлға 19 жасында жазған “Қазақ әдебиеті” деген мақаласында бүкіл қазақ тарихындағы ақындарға – Біржан сал, Абай, Мағжан өлеңдеріне жан-жақты тоқталған. Кеңес саясатының жағымсыз жақтарын ашық айтып, сынаған, қарсы шыққан. Қазақстанда бірінші жоғары оқу орнын ашуды ұйымдастырған да Смағұл Сәдуақасов. Қазақ театрының негізін қалаушы да осы кісі. 1933 жылы ол Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Сол жерде жоғары оқу орнын аяқтап, қызмет етіп жүрген жерінде кенеттен қайтыс болды. Не себептен қайтқаны әлі күнге дейін жұмбақ.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстанда саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толығымен ақтау жөнінде ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы жайында айтып берсеңіз.
– Өңірімізде осы мәселені зерттеумен айналысатын жұмыс тобы құрылды, оған жергілікті университеттің ғалымдары, архив қызметкерлері кірді. Үш жылда ауқымды жұмыс атқарылды. Кеңес дәуірінде алғаш рет саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау ісі 1950 жылдардың аяғында жүргізілді. Олардың бір бөлігі 60-ыншы, 80-інші жылдардың аяғында ақталды. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы саяси қуғынға ұшырағандарды ақтау туралы заң қабылданды, бірақ сол заң қуғынға ұшырағандардың санатын нақтылап бере алмады. Салдарынан көп адам ақталмай қалды. Президентіміз ұлт зиялыларының ұсынысы бойынша 2020 жылы қараша айында Жарлыққа қол қойды. Көп ақпарат жинақталды. Соның ішінде бұған дейін зерттелмеген жаңа санаттар анықталды. Ол – қазақтың байлары. Ірі байлардың дүние-мүлкі конпескеленіп, одан кейін отбасыларымен жер аударылып кетсе, 30-ыншы жылдары халықтың ауқатты бөлігін “кулак” деп айыптады. Бүгінгі күні біздің облыстан 3 мыңға жуық осындай адам анықталды. Соның ішінде ірі 368 бай мен 3283 “кулак” тізімге енген.
Саяси қуғынға ұшырағандармен жұмыс барысында біздің өңірге көшіп келгендердің тізімін жасадық. 1944 жылы бізге жер аударылған шешендер мен ингуштар 20 мыңнан астам екені белгілі болды. 1937 жылы 9350 корей, 1941 жылы 80 мыңнан астам неміс, 1936-1940 жылдары 54834 поляк депортацияланған. Бұған дейін поляктардың 21 мыңы ғана біздің облысқа жер аударылды деп келді.
Облыс бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарының картотекасы жасалды, оған 8747 адам енгізілді. Олардың қатарындағы 4446 адам 58-бап бойынша сотталған.
– Архивтің негізгі бағыттарының бірі – құжаттарды пайдалану. Осы бір ғасырдың ішінде талай ғылыми-зерттеу еңбегі жарыққа шыққан шығар.
– Біз құжаттар негізінде кітаптар шығарамыз, ғылыми мақалалар, монографиялар, құжаттар жинағы жарық көреді. Соңғы 15-20 жылға тоқталсақ, өлкенің тарихына байланысты – ХІХ ғасырдың орта кезеңінен бастап, 2017 жылға дейін өлкеміздің аймақтық-әкімшілік бөлінісінің тарихы жинақталған құжат, Кеңес одағының батырларын осы архив деректері негізінде жинақтап, нақты 55 азаматтың тізімін жасадық. Ол жинақта қазақша-орысша өмірбаянын бердік, олардың есімімен қай елді мекенде қай көшеге есімі берілгендігі туралы мағлұмат бар.
Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай ақын шығармаларының екі томдығын шығардық. Алғаш рет архив құжаттары негізінде оның шежіресін жинақтадық. Алаш қайраткерінің алғашқы “Шолпан” атты өлеңдер жинағын таптық. Туынды 1912 жылы Қазан қаласындағы баспадан шыққан. Соның түпнұсқасын кітапқа енгіздік. Биыл түпнұсқадағы өлеңдерді кириллицаға аударып, “Шолпанды” кез келген азамат оқи алатындай етіп баспаға дайындадық. “СҚО-ның Алаш қайраткерлері” атты құжаттар жинағын шығарғанымызды да айта кеткеніміз жөн болар.
Саяси қуғынға ұшырағандарды ақтау бойынша жұмыстың қорытындысы ретінде екі кітап әзірледік. Қуғынға ұшырағандардың ұрпақтарының, туыстарының немесе ғалымдардың солар жөніндегі естеліктері 600 беттен тұрады, жылдың соңына дейін жарыққа шығуға тиіс.
– Архив мамандары тұрғындарға қызмет көрсетуді де ұмыт қалдырмайды, олар сіздерге көп жағдайда қандай өтінішпен жүгінеді?
– Тұрғындардың дені зейнетке шығар алдында жұмыс өтілін дәлелдеу үшін бізден көмек сұрап келеді. Бір мысал, жақында фирма басқарған бір тұрғын келді, еңбек кітапшасына мөр дұрыс қойылмаған, соның салдарынан ол бірнеше жыл сол ұйымды басқарғанын дәлелдей алмай жүр. Оған қолымыздан келгенше көмектесуге тырыстық.
Бір жылда облыс бойынша 30 мыңнан астам сұраныс түседі, ол тек архивтік анықтама бойынша ғана. Ал жалпы 70 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеміз.
– Алдағы жоспар-мақсатыңызбен бөліссеңіз.
– Алға қойған мақсатым – Сәбит Мұқановтың қолжазбалары Мәскеудің архивінде сақталған. Соны алғым келеді, ондағылар бұл құжаттарды 1 млн. теңгеге бағалап отыр. Ресейдің архивтері ақылы қызмет көрсетеді. Жазушының 125 жылдығына орай архивімізді осы құжаттармен толықтырсақ деген ниет бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.