Өмірде көргені мен түйгені көп қария – бір мектеп еді. Немере, шөберелерін жинап алып, арнайы сырмақ төсетіп, сырлы шарадағы құнан қымызды сапыртып отырып, әңгіменің желісін ағытушы еді ғой. Ауылға ақсақал жақындаса алдынан шығып, қолтықтап түсіріп, атын байлап үйге кіргізгенше “Е, шырағым әкеңмен әңгімелеспегелі жарты айдың жүзі болды. Ішіме біраз әңгімелер жиналып қалды, Солтан атаң менен бұрын келіпті ғой, әңгіме-дүкен құруға жақсы болды. Көкаланы үйірімен айдайтындар (әңгімелерінің көбі өтірік болса да, көпіріп көп сөйлейтін адамды айтады) болмаса болғаны”, – деп қонаққа не үшін келгенін баяндап үлгеруші еді. Ал бүгіндері керісінше шау тартқан шалдары көп, бірақ аузы дуалы ақсақал, қазыналы қария, көненің көзін көрген қарты аз қоғамда өмір сүріп жатқаныңа қапаланасың. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен аға буынның келер толқынға берер тәлім-тәрбиесі, ақыл-кеңесі мардымсыздау көрінеді. Сондықтан “бүгінгі жастар тыңдамайды, үлкенді сыйламайды”, – деген сынды жиі естіп жатамыз.
Баяғыда ауылды бір ақсақал басқаратыны көбінің есінде ғой. Керек десеңіз, әулеттің өтетін тойы мен құдайы тамағына дейін ақсақалдар ақылдаса отыра шешім қабылдап, жоспарлаған. “Келісіп пішкен тон келте болмас” деген ұғым осыдан қалыптасқан. Аузы дуалы ақсақалдар мен ақжаулықты әжелеріміздің пікірі сәтті болғаннан кейін де “Қарты бар үйдің – қазынасы бар”, – деп айтылса керек. Ал бүгінгі қоғамда көп жерде “бүгінгі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу, өздері біліп істейді”, – деп барлық жауапкершілікті жастар жағына итере салатынын да көріп жүрміз. Осыдан кейін көз алдыңда зымырап өткен күндердің ескірмеген естеліктері есіңе оралары даусыз.
Жаздың жайма шуақ күндерінің бірінде жұмыстарыммен қалаға келдім. Көпқабатты үйлердің арасымен келе жатсам, ауладағы орындықта үш-төрт қария қарт ойнап, әңгімелесіп отыр екен. Жүздері таныс болған соң жандарына жайғастым. Амандасып болған соң, ақ тақиядағы ақсақал: “Аманжол, уақытың болса бізбен қарт ойнасаң, әңгіменің тиегін ағытып отырмыз”, – деді. Бала күнімде әңгімешіл Әншай көршімізден естіген небір қызықты әңгімелер есіме түсіп, қарт ойнамасам да таратып беруге келістім. Көрген жерден түсінгенім ақсақалдардың төртеуі де – зейнеткер. Ауыл адамдары болғандықтан, есте қаларлық әңгіме естіп қалармын деген үмітім ақ тақиялы атамыз әңгімесін бастағанда-ақ үзілді. Құдалықта көк көйлекті құдашамен билегенін айтып мақтанды. Оның бұл әңгімесіне еліткен қалған үшеудің де сөзі сол мәндес болды.
Менің бала кезімде әрі құда, әрі көршіміз Әншай ақсақал үйге келгенде “естімеген елде көп” дегендей қызықты әңгімелер айтатын. Әңгімесін бастамас бұрын тақырып қойып алатын. “Мен бүгін бір әңгіме айтайын, әңгіменің аты “Төгілген бір қазан сорпа болсын”, – деп екі жеңін түріп, дайындалатын.
– Осыдан біраз жыл бұрын шөп науқаны басталған уақытта шалғымды қайрап, көлігімді сайлап мен де шабындыққа бардым. Таңның арайлап атқанынан, қас қарайғанша шалғымыз дем алмайтын. Содан бір күні шабындық басындағы тігілген қара қосымыз сөнбей қалған отынның шаласынан өртеніп, апарған азық-түлік жанып кетті. Ішіміз шұрылдаған бес жігіт жақын жердегі шөпшілердің шатырына барып тамақтанбақ болдық. Топпен баруға болмайды. Барлығы – жұмыс істеп жүрген адамдар. Азық-түліктері есеп бойынша санаулы екені анық. Мен төменгі шынтақ аралға орналасқан Көкеннің қосына бардым. Сәлемдесіп кіріп келсем, қара көлеңкеде біреу күйбеңдеп, бірдеңені жасырып жатқандай. Жаңа ғана піскен жас еттің иісі мұрынды жарып барады. Дәуде болса тамақ піскен уақытта келген сияқтымын. Қуанып кеттім. Ішім жылып сала берген соң Көкен ағаның отбасы,ошақ қасынан бастап түгін қалдырмай амандастым. Бірақ Көкен ағамыз қарақостың дәл ортасындағы қара пештің бүйірінде жерге қарап отырып салқынқанды сәлемдесті. Тамақ піскенде келгенімді жақтырмай отырғанын аңғармаппын. Көкен ағамыз “Е, аман-саулығымды сұрағалы келгеніңе ризамын. Күні бойы шөп шапқаннан басым ауырып отыр. Ертерек жатып дем алайын”, – дегенде ғана түсіндім. Қосы өртеніп, азықсыз қалған мен пақырды тамақтандыру емес, сылтауын айтып тез құтылуға тырысты. Амал нешік, таңдайым кеуіп тұрса да, талғажау болмаған соң кетуге ыңғайландым. Ішімнен “шық бермес Шығайбай деген осы-ау”, – деп ойладым. Дегенмен ыстық оттан жаңа көтерілген қара қазанның буы басылмағанын аңғару қиын емес. Менің кетуімді аңдып отырған Көкенге жыным келіп, жасырып отырған асын қасақана төгіп кетсем бе екен деп те ойладым. Адам арамдықты тез жоспарлайды ғой. Кетуге ыңғайланып, үстімді қағып орынымнан тұрғаным сол еді, Көкен ағамыз қуанышын жасыра алмай “Жақсыға басын айтсаң, аржағын өзі түсінеді деген ғой”, – деп жылдамдата сөйлеп, менен тезірек құтылуға асықты. Орнымнан тұрып, бір-екі аттай бере сүрінген болып, қостың іргесіне тақау тұрған қара қазанды теуіп қалдым. Қақпағы ұшып кеткен қара қазан ет-метімен аударылды. Сол кезде Көкен ағамның: “Ойбай-ау не бүлдірдің”, – деген жан дауысы шықты. “Қызғанған қызыл итке жем болады, аға. Қосымыз өртеніп, өзегіміз талып келгенде, өтірік басым ауырды деп сылтаураттыңыз ғой. Енді сізге де, маған да жоқ”, – деп қостан шығып кеттім”, – деген әзіл әңгімесі тыңдап отырағындарды бір сергітіп тастаушы еді.
Бүгінгі таңда осындай қызықты, не болмаса тағылымды әңгімелердің тиегін ағытатын ақсақалды кездестіру арман болған секілді. Той-жиынның, құдайы тамақтың үзілісінде ақсақалдарымыздың басы қосылса ұсақ-түйек өсектен аспай жатады. Бұл да болса әңгіме айту дәстүрінің үзілгендігінен деп ойлаймын. Ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев: “Біз қатарлас, замандас қарттардың дұрыс әңгіме айтпауы заңдылық. Кешегі кеңес заманында-ақ ұлттық өзегімізге балта сілтеген жоқ па? Өкініштісі сол, бас қосқан жиындарда келелі кеңес, әсерлі әңгіме айтатын ақсақалдарымыздың қатары сиреп кеткендігі анық. Бұрындары кеңесуге, әңгімелесуге ақсақалдарымыз арнайы жиналып, жандарына жас тыңдармандарын қосып алып, небір аңыздастандарды айтатын. Ол айтылған әңгіменің әсері де, жастарға беретін тәлім-тәрбиесі де мол болушы еді. Өкінішке қарай, қазір оның біреуі де жоқ. Бұл бүгінгі аға буын өкілдерінің ауыз әдебиетіміздің бай қазынасының қадірін түсінбеуінен деп ойлаймын”, – дейді.
Иә, шынымен де ұлт болып ойланар уақыт жетті. Біздің қазыналы қазақ тіліміздің байлығын көрсетуге ақсақалдарымыз да үлес қосуы керек. Өткеннің озығы да тозығы да болар. Бірақ әсерлі әңгіме айту дәстүрі қай кезде де өзектілігін жолғалтпайды. Себебі әңгімелерде – ұлттың тарихы, тәрбиесі, өмір сабақтары, ғибыратқа толы нақылдар мен өсиеттер сияқты құндылықтар жинақталған.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.