26 қарашада өңіріміздің бірқатар елді мекендерінде әкім сайлауы өтті. Маңызды саяси науқан Есіл ауданының Николаевка ауылдық округінде де ұйымдастырылды. Жергілікті тұрғындар бұл лауазымға үміткер ретінде тіркелген екі адамға дауыс берді. Кандидаттардың есімі тұрғындарға жақсы таныс. Олар тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. Сайлауалды бағдарламаларына елді мекеннің түйткілді мәселелерін енгізіп, оларды шешу жолдарын қарастырыпты.
Бұл сайлау ауылдық округ әкімінің өз еркімен жұмыстан кетуіне байланысты “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Заңның талаптарына сәйкес жүзеге асырылды. Николаевка ауылдық округіне екі елді мекен – Николаевка және Қаратал ауылдары қарайды. №145 сайлау учаскесі Николаевка елді мекеніндегі мектепте орналасқан. Таңғы сағат 7:00-де ашылып, алғашқы дауыс берушілер келе бастады. Солардың бірі – Қайыржамал Омарқызы. Николаевка орта мектебінде қырық жылдан астам уақыт ағылшын тілінің мұғалімі болып жұмыс істеген ол қазір зейнет демалысында. Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған еңбек ардагері мұндай маңызды іс-шаралардан тыс қалған емес.
“Су мен жол мәселесі біртіндеп өз шешімін тауып келеді. Бізді жастардың жұмыссыздығы мәселесі алаңдатып отыр. Жұмыспен қамтуды бірінші орынға қою керек деп ойлаймын. Мәдениет жағын дамытуға да көп көңіл бөлінсе құба-құп, бізде бұл сала ақсап жатыр”, – деді Қайыржамал Омарқызы.
Николаевка елді мекені тұрғындарының айтуынша, округ әкіміне лайықты тұлғаны тұрғындардың өзі таңдауы өте дұрыс шешім. Бұл – әкімнің халыққа жақын болуына сеп.
Сайлаудың қорытындысы бойынша 577 дауыспен Николаевка ауылдық округінің әкімі болып “АМАNАТ” партиясы Есіл аудандық филиалы ұсынған үміткер Далабай Қабдуалиев сайланды. Ол 1989 жылы туған. Жалпы сайлауға 945 дауыс берушінің тек 673-і ғана қатысты.
Аққайың ауданындағы Ивановка ауылдық округіне Қанат Дүйсембаев әкім болып сайланды. Бұл күні дауыс берген 369 адамның 289-ы Қанат Болатұлының кандидатурасын таңдаған. Ал Уәлиханов ауданындағы Көктерек ауылдық округін Қанат Жексембаев басқаратын болады. Тимирязев ауданындағы Интернационал ауылдық округінің әкімі болып Азамат Теміров, Ленин ауылдық округінің әкімі болып Еркебұлан Райымбеков, Тимирязев ауылдық округінің әкімі болып Мақсат Нұрикенов сайланды. Қызылжар ауданындағы Асанов ауылдық округіне Мұрат Қапаров, Петерфельд ауылдық округіне Асылхан Қасымов, Қызылжар ауылдық округіне Ринат Шұғайыпов басшылық етпек.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.