“Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы” Заңға сәйкес Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мен оның аумақтық департаменттері барлық іздестіру істерін тіркеуді жүргізеді, сонымен қатар, мемлекетаралық ақпараттық деректер банкімен, оның ішінде хабар-ошарсыз кеткен адамдарға қатысты өзара іс-қимыл жасайды.
Жоғалған адамдарды іздеуді ішкі істер органдары жүзеге асырады. Өтініш адамның келмеу ұзақтығына және болжамды жоғалу орнына қарамастан шағым түскен күні полицияда тіркелуі керек. Өтінішті қабылдаған лауазымды тұлға өтініш берушіге өтінішті қабылдау туралы талон-хабарлама беруге міндетті.
Қылмыстық процессуалдық кодекстің 180-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеудің басталуының себептерінің бірі – адамның белгісіз жоғалып кеткендігі туралы мәлімдеме.
Хабар-ошарсыз кеткен жанның комитеттің іздестіру есебінде тұрғанын “Qamqor.gov.kz” деп аталатын құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталынан көруге болады.
Ақпарат мынандай критерийлер бойынша қолжетімді: әкімшілік-аумақтық бірлік, жынысы, жасы, ұлты, ЖСН.
Қазіргі уақытта облыс аумағында із-түзсіз жоғалған 76 адамға іздеу жарияланған, оның 58-і ер адам, әйелдер саны – 18.
Олардың із-түзсіз жоғалу жағдайлары әртүрлі. Мысалы, Д. есімді азамат кешке жұмысынан шыққан соң үйіне оралмаған, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде оның өлі денесі табылған. Ал Б. үйінен кеткен соң анасымен байланысқа шықпай қойған. Іздестіру шараларының нәтижесінде ол Алматы қаласынан табылған.
Жоғалған адамды дұрыс іздемеген жағдайда, өтініш беруші жоғары тұрған полиция органына немесе прокуратураға шағым түсіруге құқылы.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті.