«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕНІҢ ШЕШЕМ — ЕҢ ІЗГІ АНА!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кез келген жанның бұл өмірде ерекше жақсы көретін, қадірлеп, құрметтейтін ең жақын адамы – анасы екені ақиқат. Ана – аяулы есім. Осынау үш әріптен құралған қасиетті сөздің астарында қаншама мейір-махаббат жасырынып жатыр десеңізші! Асылдардың асылы, бәрімізге өмір сыйлаған ғазиз аналарымыздың сырлы да, нәрлі өмір жолдары әрқашан жан-жүрегімізді толқытып, олардың жеңімпаз рухын асқақтата түседі.

Анамыз Әйбөпе Иманқұлқызы 1912 жылы Шал ақын ауданындағы Кеңес ауылында дүние есігін ашқан. 1928 жылы Баян ауылының тумаcы Сейпіл Шаймерденұлына тұрмысқа шығады. “Мен 16 жасымда тұрмысқа шыққанымда, Құдай қосқан қосағымның туыстары отырып қалған қыз екен”, – деп айтты дейтін өткен күндерді еске алып. Анамыз ерке болған. Бір күні тұрмыстағы қарындасының қал-жағдайын білмек ниетпен ағасы Мұратбек келеді. Туған бауырын көріп қуанған анамыз жан-жарының туыстарына: “Таңалакеуімнен сиыр сауған азаптың азабы екен, елге барып бір айдай ұйқымды қандырып келейін”, – деп оларды қыран-топан күлкіге қарық қылыпты.

Анамыздың өмір жолы тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймыз. Жастайынан “Баян” кеңшарының жұмысына араласты. Қажырлы еңбек етіп, 1940 жылы жұбайы Сейпіл екеуі Мәскеуге Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысады. Бұл сол заманда екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт саналатын. Елден бірінші рет алысқа шыққан анам Мәскеу сапарынан алған әсерін мақтанышпен айтып отыратын. Мейрамханада тамақтанып отырып маңайына көз салса, қарама-қарсы беттегі орындықтан бөртпе шәлі жамылған бейтаныс әйелді көзі шалып қалады да, “Ана жақта да қазақ әйелдері отыр”, – деп жанындағы елден барған азаматтарға айтады. Сол сәтте олармен бірге барған Қайыржан Рамазанов есімді азамат: “Ол сенің үлкен айнадағы бейнең ғой”, – деп ішек-сілесі қатып күліпті. Ауылдан жыраққа алғаш рет аттанған, үлкен айнадан өзін бірінші көрген адам өзін-өзі қайдан танысын! Сол сапардан әкелген мата, кілемшелерді көзіміз көрді. “Матаны қажетінше алуға рұқсат болмағандықтан, белге бел-беу қылып орап, аяққа шылғау жасап әкелдік”, – дейтін.

Өмірге үш бала – Әскер, Балкен, Садақ келеді. Бірақ олардың бақытты да тыныш өмірлерін 1941 жылғы cұрапыл соғыс бұзады. Шаңырақтың бас көтерері Сейпіл Шаймерденұлы сол жылы ел қорғауға аттанады. 1942 жылы 24 тамызда Калуга облысының Гаськов ауылы үшін болған шайқаста қаза болды деген қаралы хабар жеткен. Үш баламен жалғыз қалған анамыз соғыс тауқыметін тартып, балалары жетім, өзі жесір атанады. Қиын-қыстау жылдары бар қиындықты нәзік жандар мен жас балалар тартты емес пе? Олардың Жеңісті жақындату жолындағы еңбектері ерен.

Шиеттей балаларды қатарынан кем қылмай өсіру үшін кеңшар жұмысынан тыным таппаған анамыз түнде сиыр жегіп, отын-шөп тасиды. “Біз демалу дегенді білмедік. Бір күн тойып тамақ ішсек соны мерекеге балайтынбыз”, – деп айтып отыратын. Өмір қуанышты сәттер мен сынақтардан тұрады. Анамыздың үлкені Әскер қатты сырқаттанып дүние салады. 1945 жылы мамыр айының екінші жұлдызында Жеңіс күніне жеті күн қалғанда мотоатқыштар батальонының жауынгері, жалғыз ағасы Мұратбек Иманқұлұлының Чехословакияда Роусинец ауылында болған шайқаста ауыр жарақат алып, госпитальда қайтыс болғаны туралы қаралы хабар жетеді. Жұртшылық ерекше тебіреніспен көздеріне жас алып қарсы алған Жеңіс күнінде анамыздың қуануға шамасы болмаған. Алайда адамзатты қасіретке душар еткен соғыс отының толықтай сөндірілгеніне ана-жүрек қалайша шаттанбасын? Бейбіт заманға жеткені үшін шүкір етеді.

Көзінің ағы мен қарасындай екі баласына ел қатарлы білім беруге бар күш-жігерін салады. “Елмен көрген ұлы той, Алла қайғыдан сақтасын”, – деп отыратын анамыз. Не көрсе де елмен бірге, бірінің қайғысына екіншісі сүйеу болған сол кездегі адамдар өзгеше еді ғой. Олардың ниеттері шимайланбаған аппақ парақтай тап-таза еді. Қазақтың аналары – сұлулық пен адамгершіліктің, ерлік пен инабаттылықтың символы. Ел басына күн туған зұлмат заманда ерлер секілді еңбек етіп, майдан, жеңіс үшін жан беріскен аналарымыздың бейнесі көзден де, көңілден де өшпек емес. Балғиса, Мақпуза, Дәріш, Әлпия, Мөріш, Бибіғали, Рәбиға, Мәнке, Бижамал сынды жандардың рухтары шат болғай.

Сынаптай сырғыған уақыт. Қарша бораған оқтың ортасынан аман қалғандар елге орала бастайды. Бірі қолсыз, енді бірі аяқсыз. Бимаш деген атамыз туған ауылына екі аяқсыз келіпті. Баласы Жұмағали әкесін қайда барамын десе де қарсы келмей, арбамен тасып жүретін. Сол сияқты Бекмағанбет, Серікбай есімді ардагерлерді де сұм соғыс аяқтарынан айырған.

Абақтыға тұтқын ретінде қамалған жауынгерлерге де туған жердің түтінін иіскеу бақыты бұйырған. Соғыс тактикасына үйретілмеген қазақстандықтарды 1941 жылы алғы шепке қалқан алғашқы айларында елден барған жауынгерлер жау қоршауында қалып, неміс фашистерінің тұтқынына түсіп, Германиядағы түрмелерге айдалғаны тарихтан белгілі. Біздің ауылдың өзінен Мақыш Айтенов, Қапен Үмітбаев, Мырзахмет Жетеев, Ыбырай Тұралин есімді ардагерлер түрмеге тоғытылған.

Ыбырай Тұралыұлы 1898 жылы Баян аулында туған. 1941 жылдың 15 наурызында майданға аттанып, 494 атқыштар полкінің құрамында соғысқан. 1942 жылдың 2 тамызында жаудың қоршауына түсіп, Гамбург қаласындағы концлагерьге қамалады. Концлагерьден тек 1945 жылы 3 мамырда босатылып, елге оралады. Соғыс жылдары зайыбы сырқаттанып қайтыс болған екен. Содан менің анам Әйбөпемен шаңырақ құрған.

1947 жылы әпкем Бәтимә дүниеге келеді, ал мен өмір есігін 1950 жылы аштым. Әкеміз он саусағынан өнер тамған шебер еді. Аяқ киім тігумен айналысты, үй жиһаздарын өзі жасай беретін. “Маған қызыл былғары етік, үстіме пальто тігіп берді”, – деп еске алып отыратын Балкен апам.

Ауыл тұрғындары жау қолынан аман-есен оралған әкемді құшақ жая қарсы ала қоймайды. Әрбір ісіне күдікпен қарайтындар, тырнақ астынан кір іздеушілер табыла бастайды. Сол жылдарда үкімет халыққа жаппай облигация сату бастады емес пе? Қос басында таратылған облигацияны әкеміз ала алмайтынын айтады. Төрт баланы асырау керектігін, зайыбының жаңа туған нәрестемен үйде отырғанын ескеруді сұрайды. Бірақ ел ішіндегі шолақ белсенділер бұл әрекеттен үкіметке қарсылық әрекет тауып, тұтқында отырып келгенін есіне салады. Ақыры 1950 жылы мені қырқымнан шығарған күннің ертеңіне, үштіктің көрсетуімен түн ішінде әкемді қара көлікпен алып кетеді. Бұл қорлыққа шыдамаған әкем Ақтөбе қаласының түрмесінде қайтыс болады. Мәңгілік тыныстап жатқан жері де сол Ақтөбе маңайы.

Сол облигацияның (анамызға облигацияны 1950-1953 жылдары күштеп алдыртқан екен) әлегі туралы мен Сергеевка қаласында 1991 жылдары қызмет етіп жүргенде алғаш рет естіген едім. Анам оған дейін бізге тіс жарып ештеңе айтпаған. Анамыз төрт баламен 38 жасында екінші жарынан айырылып, біздің бақытты болашағымыз үшін мұз жастанып, қар кешті, күні-түні кеңшар жұмысынан қол үзбеді. Өмірінің сол бір қиын сәттерін еске алғанда немересі Жамбылдың: “Әже, сіздің ғұмыр жолыңыз нағыз ертегі ғой”, – дегені бар. Иә, анамызды сол күйініші мен сүйініші мол ертегінің қайсарлы да қайратты кейіпкері десек қателеспейміз. Ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырды, бәрімізді оқытты, тоқытты. Анамыз ұлы Садақ үйленіп, немерелі болғанда ғана еңбектен қол үзді. Үйде немересінің қылықтарын қызықтап отыруды армандады. Сондықтан Садақты 19 жасынан үйлендіруге асықты. Содан көпбалалы Ахметжан Қазиұлының Күләш деген қызына құда түсті. Ол кісінің Теміртау қаласында Жарас деген ұлы бір қызбен көңіл қосып үйленетінін хабарлайды. Той кейінге шегерілген соң анамыз жұма сайын ақылдасуға барады. Біз Шағырай, құдалар Мықтыбай көшесінде тұрады. Үй арасы 3 шақырым. “Баласын үйлендіремін деп жүрген Әйбөпенің кебісі жыртылатын болды”, – деп әзілдейтін ауыл адамдары. 1960 жылы күзде дүбірлі той өтті. Садақ ағамыз ұжымшарда жүргізуші болып жұмыс істеді. 1975 жылы ұжымшар басшылары оның көп жылғы еңбегін бағалап, жаңа көліктің кілтін табыстайды. Сол жылдарда ағамыздың Қуандық Мырзабеков, Әскер Тәжин, Балтабай Хамзин, Оразбай Жоламанов есімді достары жүргізушілік мамандығын таңдады. Ағамыз Әнәс-Жібек Габдуллиндер, Шөкеш-Балбөпе, Бағыт-ай-Әлпия Аймурзиндер, балалары Мырзабек, Қазбек, Бәткен олардан туған Жәнібек-Сәуле Аймурзиндермен, Баян ауылындағы басқа этностың өкілдерімен тығыз достық қарым-қатынаста болды.

Мен институтты тамамдап, елге оралғанда ағам автобустан күтіп алып, ағайын-туыстардың, жолдастарының басын қосып, дастарқан жайған еді. “Үлкен қалада оқып жүрсің, сол жақта біреудің етегінен ұстап, ағаңды жерге қаратып кетуші болма! Оқуыңды аяқтап, бір-екі жыл қызмет істе, тұрмысқа менің ақ батаммен шық”, – дейтін анам ауылға әр демалысқа келген сайын.

Апам Бәтимә фельдшерлік-акушерлік пунктта жұмыс істеп, ел алғысына бөленді. Ауылдағы жастардың аты-жөндерін, қай жылы дүниеге келгендерін жатқа білетін.

Ауыл шаруашылығына қажетті техникалардың түр-түрі шыға бастаған сексенінші жылдардың орта тұсы. Үйге шөпті К-700 тракторымен әкеліп, оны бір мезетте шөп үйгіш (стогомет) трактормен тез үйіп бергенін көрген анамыз жұмыстың осынша жеңілдетілгеніне масаттана қарап, “Біздің жаз бойы қол шалғымен шауып таситын жұмысымызды бір сағатта бітіріп кетті”, – деген еді тамсанып.

Анам сегіз немере сүйіп, көрген қиындықтарын ұмыта бастаған шағында, яғни, 42 жасында жалғыз ағамыз Садақ кенеттен қайтыс болды. Анамыздың сол күндердегі келбеті есіме түскенде көкірегім қарс айырылады.

Анамыз өте парасатты, байсалды адам болды. Келіні Күләш Ахметжанқызымен сыйластықпен өмір сүрді. Жеңгеміз зейнет жасына дейін ұжымшарда сауыншы болып, балаларын оқытты. Анамыз көрші-көлемге, ағайын-туысқа ақылшы болды. Жасауы дайын емес қыздарға жаңа тоқылған алашаларын сыйға тартып, талай жастың бақтарының ашылуына қол ұшын созған. Айжан Қапезова, Бақытжан Әннәсқызы есімді көршілеріміз анамның асыл қасиеттерін айтқанда көңілім толқып, жүрегім елжірейді. Есімі елімізге белгілі ақындардың бірі:

“Өсіріп, ер жеткізген сегіз бала,

Әлемде менің шешем – ең ізгі ана.

Өң берген өміріне адалдығы

Тең келген көңіліне теңіз ғана!

Жүрген жоқ ізгілікті ол жиып бекер,

Жұмыр жер жүрегіне сиып кетер.

Маңдайдан “құлыным” деп сипағаны,

Мәңгілік мәртебеңді биіктетер”, –

деп жырлаған екен. Осы екі шумақта дәл менің анамның мейірімді бейнесі тұрғандай.

Ұмсындық ЫБЫРАЙҚЫЗЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp