«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аузы дуалы ақсақал азайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмірде көргені мен түйгені көп қария – бір мектеп еді. Немере, шө­берелерін жинап алып, арнайы сыр­мақ төсетіп, сырлы шарадағы құнан қымызды сапыртып отырып, әңгіме­нің желісін ағытушы еді ғой. Ауылға ақсақал жақындаса алдынан шығып, қолтықтап түсіріп, атын байлап үйге кір­гіз­генше “Е, шырағым әкеңмен әңгімелеспегелі жарты айдың жүзі болды. Ішіме біраз әңгімелер жиналып қалды, Солтан атаң менен бұрын келіпті ғой, әңгіме-дүкен құру­ға жақсы болды. Көкаланы үйірімен айдайтындар (әңгімелерінің көбі өтірік болса да, көпіріп көп сөйлейтін адамды айтады) болмаса болғаны”, – деп қонаққа не үшін келгенін баян­дап үлгеруші еді. Ал бүгіндері керісін­ше шау тартқан шалдары көп, бірақ аузы дуалы ақсақал, қазыналы қария, көненің көзін көрген қарты аз қоғамда өмір сүріп жатқаныңа қапаланасың. Көпке топырақ шашудан аулақ­пын. Дегенмен аға буынның келер толқынға берер тәлім-тәрбиесі, ақыл-кеңесі мардымсыздау көрінеді. Сондықтан “бүгінгі жастар тыңдамай­ды, үлкенді сыйламайды”, – деген сын­ды жиі естіп жатамыз.

Баяғыда ауылды бір ақсақал бас­қаратыны көбінің есінде ғой. Керек десеңіз, әулеттің өтетін тойы мен құ­дайы тамағына дейін ақсақалдар ақылдаса отыра шешім қабылдап, жос­парлаған. “Келісіп пішкен тон келте болмас” деген ұғым осыдан қалыптасқан. Аузы дуалы ақсақал­дар мен ақжаулықты әжелеріміздің пікірі сәтті болғаннан кейін де “Қарты бар үйдің – қазынасы бар”, – деп ай­тылса керек. Ал бүгінгі қоғамда көп жерде “бүгінгі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу, өздері біліп істейді”, – деп барлық жауапкершілікті жастар жағы­на итере салатынын да көріп жүрміз. Осыдан кейін көз алдыңда зымырап өткен күндердің ескірмеген естеліктері есіңе оралары даусыз.

Жаздың жайма шуақ күндерінің бірінде жұмыстарыммен қалаға кел­дім. Көпқабатты үйлердің арасымен келе жатсам, ауладағы орындықта үш-төрт қария қарт ойнап, әңгімеле­сіп отыр екен. Жүздері таныс болған соң жандарына жайғастым. Аманда­сып болған соң, ақ тақиядағы ақса­қал: “Аманжол, уақытың болса бізбен қарт ойнасаң, әңгіменің тиегін ағытып отырмыз”, – деді. Бала күнімде әңгі­мешіл Әншай көршімізден естіген не­бір қызықты әңгімелер есіме түсіп, қарт ойнамасам да таратып беруге келістім. Көрген жерден түсінгенім ақ­сақалдардың төртеуі де – зейнеткер. Ауыл адамдары болғандықтан, есте қаларлық әңгіме естіп қалармын де­ген үмітім ақ тақиялы атамыз әңгіме­сін бастағанда-ақ үзілді. Құдалықта көк көйлекті құдашамен билегенін ай­тып мақтанды. Оның бұл әңгімесіне еліткен қалған үшеудің де сөзі сол мәндес болды.

Менің бала кезімде әрі құда, әрі көршіміз Әншай ақсақал үйге келген­де “естімеген елде көп” дегендей қы­зықты әңгімелер айтатын. Әңгіме­сін бастамас бұрын тақырып қойып алатын. “Мен бүгін бір әңгіме ай­тайын, әңгіменің аты “Төгілген бір қа­зан сорпа болсын”, – деп екі жеңін тү­ріп, дайындалатын.

– Осыдан біраз жыл бұрын шөп науқаны басталған уақытта шалғым­ды қайрап, көлігімді сайлап мен де ша­бындыққа бардым. Таңның арайлап атқанынан, қас қарайғанша шалғы­мыз дем алмайтын. Содан бір күні ша­бындық басындағы тігілген қара қо­сымыз сөнбей қалған отынның шала­сынан өртеніп, апарған азық-түлік жанып кетті. Ішіміз шұрылдаған бес жігіт жақын жердегі шөпшілердің ша­тырына барып тамақтанбақ болдық. Топпен баруға болмайды. Барлығы – жұмыс істеп жүрген адамдар. Азық-түліктері есеп бойынша санаулы еке­ні анық. Мен төменгі шынтақ аралға орналасқан Көкеннің қосына бар­дым. Сәлемдесіп кіріп келсем, қара көлеңкеде біреу күйбеңдеп, бірде­ңені жасырып жатқандай. Жаңа ғана піскен жас еттің иісі мұрынды жарып барады. Дәуде болса тамақ піскен уа­қытта келген сияқтымын. Қуанып кет­тім. Ішім жылып сала берген соң Кө­кен ағаның отбасы,ошақ қасынан бас­тап түгін қалдырмай амандастым. Бі­рақ Көкен ағамыз қарақостың дәл ортасындағы қара пештің бүйірінде жерге қарап отырып салқынқанды сәлемдесті. Тамақ піскенде келгенім­ді жақтырмай отырғанын аңғармап­пын. Көкен ағамыз “Е, аман-сау­лығымды сұрағалы келгеніңе ризамын. Күні бойы шөп шапқаннан басым ауырып отыр. Ертерек жатып дем алайын”, – дегенде ғана түсіндім. Қосы өртеніп, азықсыз қалған мен па­қырды тамақтандыру емес, сыл­тауын айтып тез құтылуға тырысты. Амал нешік, таңдайым кеуіп тұрса да, талғажау болмаған соң кетуге ыңғай­ландым. Ішімнен “шық бермес Шы­ғайбай деген осы-ау”, – деп ойладым. Дегенмен ыстық оттан жаңа көтеріл­ген қара қазанның буы басылмаға­нын аңғару қиын емес. Менің кетуімді аңдып отырған Көкенге жыным келіп, жасырып отырған асын қасақана төгіп кетсем бе екен деп те ойладым. Адам арамдықты тез жоспарлайды ғой. Кетуге ыңғайланып, үстімді қа­ғып орынымнан тұрғаным сол еді, Кө­кен ағамыз қуанышын жасыра алмай “Жақсыға басын айтсаң, аржағын өзі түсінеді деген ғой”, – деп жылдам­дата сөйлеп, менен тезірек құтылуға асықты. Орнымнан тұрып, бір-екі аттай бере сүрінген болып, қостың іргесіне тақау тұрған қара қазанды теуіп қалдым. Қақпағы ұшып кеткен қара қазан ет-метімен аударылды. Сол кезде Көкен ағамның: “Ойбай-ау не бүлдірдің”, – деген жан дауысы шықты. “Қызғанған қызыл итке жем болады, аға. Қосымыз өртеніп, өзегі­міз талып келгенде, өтірік басым ауыр­ды деп сылтаураттыңыз ғой. Енді сізге де, маған да жоқ”, – деп қос­тан шығып кеттім”, – деген әзіл әңгі­месі тыңдап отырағындарды бір сер­гітіп тастаушы еді.

Бүгінгі таңда осындай қызықты, не бол­маса тағылымды әңгімелердің тиегін ағытатын ақсақалды кездес­тіру арман болған секілді. Той-жиын­ның, құдайы тамақтың үзілісінде ақ­сақалдарымыздың басы қосылса ұсақ-түйек өсектен аспай жатады. Бұл да болса әңгіме айту дәстүрінің үзілгендігінен деп ойлаймын. Ардагер ұстаз Қарақат Ша­лабаев: “Біз қатарлас, замандас қарт­тардың дұрыс әңгіме айтпауы заңдылық. Кешегі кеңес заманында-ақ ұлттық өзегімізге балта сілтеген жоқ па? Өкініштісі сол, бас қосқан жиындарда келелі кеңес, әсерлі әң­гіме айтатын ақсақалдарымыздың қа­тары сиреп кеткендігі анық. Бұрын­дары кеңесуге, әңгімелесуге ақсақал­дарымыз арнайы жиналып, жанда­ры­на жас тыңдармандарын қосып алып, небір аңыздастандарды айта­тын. Ол айтылған әңгіменің әсері де, жастарға беретін тәлім-тәрбиесі де мол болушы еді. Өкінішке қарай, қа­зір оның біреуі де жоқ. Бұл бүгінгі аға буын өкілдерінің ауыз әдебиетіміздің бай қазынасының қадірін түсінбеуі­нен деп ойлаймын”, – дейді.

Иә, шынымен де ұлт болып ой­ланар уақыт жетті. Біздің қазыналы қа­зақ тіліміздің байлығын көрсетуге ақса­қалдарымыз да үлес қосуы ке­рек. Өт­кеннің озығы да тозығы да бо­лар. Бі­рақ әсерлі әңгіме айту дәстүрі қай кезде де өзектілігін жолғалтпайды. Се­бебі әңгімелерде – ұлттың тарихы, тәрбиесі, өмір сабақтары, ғи­быратқа толы нақылдар мен өсиеттер сияқты құндылықтар жинақтал­ған.

Аманжол ЗАҒЫПАР,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp